mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

Латын әліпбиіне көшу — «Тар жол, тайғақ кешу» емес

Латын әліпбиіне көшу туралы әңгіме баяғыдан айтылып келеді. Әркім әр саққа жүгіртіп жатқанымен, көршілес, бауырлас халықтармен ортақ мәмілеге келу үшін бұл бастаманың жүзеге асарына сенімді адамдар көп. Алайда бұл мәселенің бір күнде шешіле қоятынына ешкім де сенбейді. Оны айтасыз, алғашқы талдаудың өзі көпшіліктің пікірін екіге жарды. Осыдан-ақ бұл мәселенің әлі талай «тар жол, тайғақ кешуді» бастан кешетінін бажайлай беруге болатындай.

ҚР Парламенті Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» тақырыбында парламенттік тыңдау өткен болатын. Осы жиында Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин:
«Баршаңызға мәлім, қазіргі уақыт — бүкіл әлемде ақпарат технологияларының жоғары деңгейде дамуының кезеңі. Сондықтан біздің мемлекетімізде заманға сай «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес, барлық білікті мамандар бірнеше жылдың ішінде латын қарпі бойынша қазақ әліпбиінің жаңа жобасын жасады. Ең бастысы жаңа әліпби барлық талаптарға сай болса, біз биік технологияларды меңгеруге, интернетке, ғылым мен білімге және әлемдік дамуға еркін кіретін боламыз. Бұл болашақ ұрпақ алдындағы біздің үлкен парызымыз және оларға қалдыратын мәңгілік мұрамыз. Сондықтан латын жазуына көшу — зор мүмкіндік пен өте үлкен жауапкершілік. Сол үшін біздің үшінші сессиядағы алғашқы парламенттік тыңдау да Елбасының тарихи бастамасына арналып отыр», — деген ол «Бүгін біз жаңа әліпбиді жан-жақты талқылап, әрбір әріпті, әр таңба мен белгіні терең талдауымыз қажет. Себебі тіл, жаңа әліпби мәселесінде ешқандай қателік болмауы керек», — деп түйіндеді сөзін.
Осы орайда Н. Нығматулин парламенттік тыңдауға жаңа әліпбиді жасаған авторлар арнайы шақыртылғанын, олар бұл жобаны таныстыратынын жеткізді.
Айта кетейік, парламенттік тыңдауда жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілгені айтылды. Бұл жайында аталған орталықтың директоры Ербол Тілешов баяндап берді.
Біз жиыннан соң Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухановты сөзге тартық.
«Алға қойған міндеттердің бірі — жаңа әліпбиге көшу. Оны Елбасы ұсынған. «Бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз. Оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», — деді мемлекет басшысы. Шынында да дайындалдық, ағайын. Осы нәрсенің түбі болатынын бәріміз жүрегіміздің түкпірінде біліп тұрдық. Және біз өзімізді дайындаған жоқпыз, уақыт бізді дайындады.
Ал саясаттанушы Айдос Сарымның бұл мәселедегі ойы мынаған сайды:
Латын қарпіне қатысты ұстанымым мынау:
1. Өз басым қазақ тілінің қайткенде де латынға көшкенін қалайтын қазақпын. Осы арада латынға қатысты ең көп пікір айтқанның бірімін. Өз ойымнан еш ауытқымаймын.
2. Бүгінгі бір топ ұсынған латынға көңілім толмады. Менің ғана емес-ау!.. Жəне де бұл нұсқаны соңғы деп санамаймын. Ешкімнің де бөркін аспанға атып, той тойлайтын жайы жоқ. Жұмыс тобы өз жұмысын аяқтаған жоқ. Əлі біраз айтыс болады. Нəтижесінде бір ортақ нұсқаға келуіміз міндет. Қажет болса 30-40 адамды бір бөлмеге қамап, ортақ нəтижеге жетіп, мұржадан ақ түтін шыққанша айтыстыру қажет деп санаймын.

(56)