Төркіні жақынның төсегі жиналмайды

Атам қазақ нені айтса да дәл айтқан ғой. Мәселен, «Төркіні жақынның төсегі жиылмас» дейді. Бұл сөз келіндерге қатысты. Ата-анасы жақын тұратын келіндердің арасында таңертеңгі төсегін де жинамай, барған жерінің берекесін кетіріп жүретін, сәл нәрсеге ренжіп, төркінге тұра қашатындар да жоқ емес.

Бұрындары қазақ қызын ұзатқанда «барған жеріңе тастай батып, судай сің. Ата-енеңнің ақ батасын ал, қайны-сіңлілеріңнің тілін тап, енді сен сол үйдің заңды мүшесісің» деп құлағына құйып отырған. Сондай-ақ қазақ салтында ақ босаға аттаған қыздың үйіне қайтып келуі бетке салық, сүйекке таңба түсіретін өте ұятты іс саналған. Сондықтан «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деп, қыздарының қайтып келуін жек көрген. Барған жерінде ыдыс-аяқ сылдырласа қашып, кикілжіңі мен өсек-аяңын төркініне тасып жүретін қыздары болса, жабылып тыйым салған.
Осындай жақсы салт-дәстүріміздің арқасында қазақ отбасыларында ажырасу мүл-дем болмайтын. Болса да некен-саяқ, балалы болмаған жағдайда, қатты теңсіздік көрген кезде ғана бір-бірінен кетісетін. Ал қазір заман басқаша. Қызға да, келінге де еркіндік. Тіпті бүгінде қыздарымыз келін болып түскенінің ертесінде ақ өз төркінінде тайраңдап жүре беретін болды. «Бұл жүрісің қалай?» — деп сұрай қалсаңыз: «Отырыстары ұнамады, тамақтары басқаша, үйден бірнәрсе ішіп алайын деп келдім», — деп ақталады. Осылай еркінсіп жүрген қызға «үйіңе қайт, ұят болады» деп айтатын шеше де аз. Қайта күйеу баласын да үйіне шақырып, бар дәмдісін аузына тосып жаман үйретеді. Сөйтіп, жаңадан отау көтерген жастар жатыпішер, босбелбеу, бардың да, жоқтың да қадірін білмейтін біреулерге айналады.
Мұның бәрі, әрине, салт-дәстүрімізге көз жұма қарап, ескіліктің қалдығына балаушылықтан болады. Әйтпесе ұзатылған қызға жөн-жосық көрсетіп, «текті, іскер, ақылды, білімді, көргенді келін атануына ана да, ене де үлесін қоспай ма?
Қазір қазақтардың бәрі өзінің ата-баба жолынан, салт-дәстүрінен алшақтап бара жатыр деп айта алмаймыз. Бірақ қыз, келін тәрбиесінде тым босаңсып кеткеніміз ащы шындық. Олар да келінім, немерем бар-ау деп іздемейді де, еміренбейді. Өйткені немерелер құданың үйінде туылып, өсіп жатыр. Мұның бәрі ежелден келе жатқан қарым-қатынастың бұзылуынан орын алуда. Барлық салт-дәстүр, жөн-жоралғы өз орнында болғанда тастанды бала да, жетім бала да болмас еді.
Егер біз мәңгілік ел қазақ елі боламыз десек, өз дәстүрімізден, отбасылық құндылықтарымыздан алшақтамауымыз керек. Өмірге ұрпақ әкелетін де, тәлім-тәрбие беретін де ана. Ал болашақ аналар бұл бүгінгі бойжеткен қыздан, келісті келіншектен шығады. Сондықтан оғаш әрекеттерге жол бермей, дәстүр сабақ-тастығын жалғауды ойлануымыз қажет.

Бибісара Жақыпқызы,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Созақ ауданы

(111)