mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

ЕЛБАСЫ СЫНЫНАН ҚАНДАЙ НӘТИЖЕ ШЫҚПАҚ?

Бүгінде балабақша ашу бизнес үшін тиімді екені даусыз. Бірақ байлар мұны ескеріп жатыр ма? Елбасы бұған да шүйлікті. «Қараңыздаршы, мемлекеттік-жекешелік серіктестік бойынша қаншама балабақша салынған. Айта қоярлықтай үлкен шаруа емес екен. Ал біздің шенеуніктер болса балабақшалардың орнына сарайлар салып тастады, олардың ішінде бассейндері бар. Бұған қоса ботаникалық бақ пен музыкалық салон да бар. Бізде спортқа арналып бассейндер салынған музыкалық мектептер бар. Ата-аналар жұмыс уақытында балаларын аталған балабақшаларға беретіндей жағдай жасап, балалардың дамуына көмек беру керек. Осы жұмыспен айналысқан жөн», — деп кейіді Президент.
Елбасы кейбір салаларды жекеге беруден қорықпау керектігіне айрықша тоқталды. Сонымен бірге Үкіметке дәрі-дәрмек бағасының шарықтауына тосқауыл қоюды тапсырды.
«Дәрі-дәрмек заттарының айналымы маңызды әлеуметтік сипатқа ие. Салада бағаның шарықтауына тосқауыл қоятын шаралар қажет, сондықтан дәрілік және медициналық заттардың айналымын реттеу керек болып тұр. Қазақстандықтар қолжетімді, сапалы әрі қауіпсіз дәрі-дәрмекті алу құқығына ие. Мен бұл жайында бірнеше мәрте айтқан болатынмын, бізде дәрі өндірісінде қандай да бір монополия бар», — деп, күдіктің де құлағын қылтитты Елбасы.
Осы орайда Президент фарма-цевтикалық фабриканы салуға ниетті инвесторлар келген кезде кедергілер туындай бастайтынын сынға алды.
«Барлық жерде кедергілер қойылады. Неге? Себебі жеткізушілер мен осында қабылдайтындардың құрылымы қалыптасты. Бұл салада қандай да бір айырма бар және осыдан кететін ойлары жоқ. Біртановқа (ҚР Денсаулық сақтау министрі) бұл мәселеге қатысты тиісті шешім жасауды тапсырған болатынмын. Менің ойымша, ол дұрыс қадамдар жасап жатыр, алайда бұл істі соңына дейін жеткізу керек», — деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы өңірлердегі медициналық мекемелерде жұмыс істемей тұрған жабдықтар мәселесіне назар аударды. Осындай жағдай екінші деңгейлі банктерге де қатысты екенін, оларды тағы да мемлекет қаржыландыруға алғанын атап өтті.

(9)