mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Ат қойып, айдар тағудың астарында не жатыр?

— Бұғыбайдың «Астанасы» тышқан алып, соны бөтелкелестерімен тойлап жатқан көрінеді.
— Ойбай, ол да еріккен екен!
— «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деген осы-ау.
Бұл ауылдастарымның ауызекі әңгімелерінен құлағымның шалып қалғаны. Күлесің бе, жылайсың ба, өзің біл.
Тышқан алған «Астананы» кейін көрдім. Кәдімгі ойын құмар бала мысық. Аулада шапқылап жүр.
Ауыл-үйді аралап, үлкендерге сәлем беріп жүргем. Мені сонадайдан көрген Бұғыбай ағам:
— Астанаңда не жаңалық, әй, бала? — деп шалқайғанда, әудем жерде тұрған бала мысық жүгіріп келді. Менің жымиғанымды байқап қалған ағам:
— Мұның аты — «Астана». Астана десең, елең ете қалады. Бәле өзі. Туылған айы шілде ғой. Ұяластарын балалар талап әкетіпті. Кішкентайым осыны бауырына басып, ешкімге бермепті. Сосын ырымдап және Астананың құрметіне қойып жібердім.
Мен қазекемнің ат қойғыштығына таңданысымды жасыра алмай, басымды шайқап-шайқап жібердім. Сол кезде шай жабдығымен жүрген жеңгем Қатипа:
— Ұмытып барады екенмін ғой, кеше Жылқыбайдың «ЭКСПО-сын» машина басып кетіпті. Бишара қыңсылып қашқанда ауыл дүрлікті. Ажалы жоқ екен, тірі қалыпты. Жамбасы сынған-ау шамасы… — деді.
Не дейін, күліп отырып шай іштім…
… Үйге келе жатып 2010 жылы көрші ауылдағы бір кісінің үйірге айғыр салып, оны «ОБСЕ» деп атағыны есіме түсті. Кейін сол айғырдың «атағы» біраз дүркіреді. Құтпан айғыр атанды. Сары даладағы құлындарды қасқырлар қынадай қырған ақ боран қыста да үйірді шашау шығармады. «Ажал айтып келмейді» демекші, көз тиді ме, сөз өтті ме, әлгі «ОБСЕ» жаздың жалпағында ұйық котлованға батып өлді…
2011 жылы «Азияда» атты қошқар ел аузында жүрді… Ол да бір хикая….
Біздің елде Жолдас деген кісі өтіпті. Қуақы тілді, сөзге шешен екен.
…Сталин заманы. Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған кез. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өліп» жатқан уақыт. Не нәрсені де астарлап айтатын Жолдас «Менде арман жоқ» депті бір әңгімесінде отырғандарды елең еткізіп.
— Армансыз адам болмайды. Сен де айтады екенсің, — депті топтың ішіндегі біреу. Сонда Жолдас:
— Сталиннің бірде алдында, бірде артында жүру кімнің қолынан келеді. Ондай деңгейге «Товарищ» екеуміз ғана жеттік, — деген екен. Осы сөзі үшін біраз қудаланып, әрең құтылғаны аңыздай айтылады бүгіндері
…Ауылдан Астанаға Конституция күні келдім. Ұлық мерекемен құттықтап ағайын-туысқа телефон шалып, дос-жарандармен шүйіркелесіп, өткен-кеткенді әңгімеге арқау еттік. Ертесіне теледидарды қосып қалсам, КТК арнасы «Астанада Конституция күні туылған арыстанның күшігіне зообақ қызметкерлері «Астана» деген ат қойды» деп сөйлеп жатыр.
Не дейін, күлдім де, орнымнан тұрып кеттім…

(9)