Спортшыларға пәтер кілттері табысталды

Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада және Паралимпиада жүлдегерлері Карина Горичева мен Раушан Қойшыбаеваға Алматы облысы әкімі пәтер кілттерін табыстады.
Жуырда өңір басшысы спорт ардагерлері, үздік спортшылар мен спорт саласының қызметкерлерін І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында құттықтады.

— Алматы облысы өзінің спорттық жетістіктерімен ауыз толтырып мақтана алады. Жетісу өлкесінен осы күнге дейін атағы алысқа тараған чемпиондар мен рекордтарды жаңартқан шоқтығы биік талай спортшылар шыққан. Біздің тәрбиеленушілеріміз түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Атап айтар болсақ, спортшыларымыз биылғы жылдың өзінде Халықаралық және Республикалық жарыстарда 657 медаль иеленді. Соның ішінде 244-і алтын, 218-і күміс және 195-і қола. Спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына сәттілік тілей отырып, Қазақстанның спортын одан әрі биік шыңдарға көтере берулеріңізді тілеймін, — деді А. Баталов.
Сондай-ақ, өңір басшысы облысымызда спорт нысандарын салу, материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету және күрделі жөндеу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығын атай келе, жақын аралықта Талдықорғанда 3 ірі спорттық нысанның бой көтеретіндігін тілге тиек етті. Олар: жүзу жолағы 50 метр болатын жүзу бассейні мен суға секіруге арналған 10 метрлік тұғыры бар кешен, жабық жеңіл атлетика манежі және Қапшағай мен Талдықорған қалаларының аралығында салынатын велотрек.
Осыдан кейін облыс әкімі жылдың үздік спортшылары мен жаттықтырушыларын, спорт ардагерлері мен осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарды марапаттауға көшті.
Спорттағы жоғары көрсеткіштері үшін пауэрлифтингтен Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаеваға облыс әкімі Амандық Баталов екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Олимпиада ойындарында зілтемір көтеруден қола жүлдеге ие болған Карина Горичеваға 1 бөлмелі пәтер берілді. Ауыр атлетшінің осы күндері Тайбэйде өтіп жатқан жазғы Универсиада ойындарында ел намысын қорғап жатқандығын ескере келе, жаңа пәтердің кілті спортшының анасы Елена Горичеваға табысталды.
Жаттықтырушылардың да еңбектері ескерусіз қалмады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен дзюдодан облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінің жаттықтырушысы Тимур Абыханов пен еркін күрестен облыстық жоғары спорттық шеберлік мектебінің жаттықтырушысы Аман Бұғыбаев марапатталды.
Тағы бір жоғары награда саналатын «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі Жамбыл және Қарасай аудандарының спортта дарынды балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің директорлары Бақберген Қайырлыбаев пен Валерий Хациевке табысталды.
Марапаттау рәсімі бірнеше спортшыға, олардың жаттықтырушылары мен спорт саласының қызметкерлеріне облыс әкімі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстаумен жалғасты. Төрт спортшы спорт шебері атағына ие болды.
Осыдан кейін салтанатты жиында Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Респуб-ликасының құрметті спорт қайраткері Әкешай Жайлаубеков, ауыр атлетикадан Әлем чемпионы, көгалдағы хоккейден Азия біріншілігінің үш дүркін жүлдегері, ҚР спорт шебері Нұржан Бейбітов және өзге азаматтар мінберден сөз сөйлеп, спортпен және дене шынықтырумен айналысуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға алғыстарын білдіріп, жастарды спортпен белсенді айналысуға шақырды. Осы жолда сөйлеушілердің өздері де еліміз бен облысымыздың спортын жаңа белеске шығаруға аянбай тер төгетіндіктерін атап өтті.
Естеріңізге салар болсақ, Алматы облысында ағымдағы жылдың өзінде халықаралық дәрежедегі 12 спорт шебері, 78 спорт шебері, 471 спорт шеберлігіне үміткер және 233 бірінші санатты спортшылар тәрбиеленіп шықты. Алдыңғы қатарлы 72 спортшы мен 21 мүмкіндігі шектеулі спортшыларымызға ай сайын арнайы стипендия қарастырылған. Талғар ауданында ат спорты және ұлттық спорт түрлерінен және Талдықорған қаласында шахмат пен үстел ойындары түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектептері ашылды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

(10)