mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

«Нұр Отан» ананы неге жылатты?

NUR.KZ-дің өңірдегі тілшісіне күйеуі төрт баласымен тастап кеткен шымкенттік келіншек аянышты тағдырын баяндап беріп, көпшіліктен көмек сұрапты. 31 жастағы Мадина Байымбетова 2009 жылы тұрмысқа шыққан, үш қыз, бір ұлдың анасы. Жолдасы Астана қаласына жұмысқа кетіп, содан ұшты-күйлі жоғалған. Төркініне барайын десе, ол жақтағы жағдай мәз емес. Ең сорақысы, келін боп түсіп, дүниеге тұңғышын алып келген соң, күйеуі мен ата-енесі оған өз атына несие алғызыпты. Осы уақытқа дейін несие жабылмаған соң, оның көлемі де шарықтап кеткен.

Бүгінде банк алдындағы қарызын өтеуге келіншектің жағдайы жоқ. Көпбалалы келіншек мемлекеттен берілетін үйге кезекке тұра да алмайды. Өйткені үш баланың әкесі құжатта көрсетілгенімен, төртінші перзенті өз атында. Жалғызбасты ана ретінде құжат алайын десе, үш перзенті базадан шыққан. Емізулі баласымен жұмысқа да шыға алмайтын келіншек амалы таусылып, Шымкент қалалық «Нұр Отан» партиясының есігін бір емес, үш рет қаққан. Төрт баласын жетектеп алған келіншектің мұңын ондағылар салқын қабақпен қабылдап, тіпті жылатып шығарыпты. Көз жасын тыя алмаған Мадина: «Үлкен кісілер, оқыған адамдар, талай халыққа жанашыр боп жүрген азаматтар ғой деп, партияға күнімді көре алмай жатқан соң, үлкен үмітпен барып едім. Ондағылар неге тұрғылықты мекенжайың бойынша әкімдікке бармайсың деді. Сосын олардың: «Әділдік іздеп келіп отыр екенсің, егер расымен де балаларыңды баға алмасаң, онда балалар үйіне өткіз. Сен баға алмағанды мемлекет бағады. Ол жаққа сол үшін мемлекеттен қаржы бөлінеді. Ал сен мемлекеттен жәрдемақы алып отырсың», — деген жауабын алдым. Шынымды айтсам, бұл жауап төбемнен жай түсіргендей болып, қынжылып шығып кеттім. Ішімнен шыққан балаларымды өткізетіндей мен көкек ана емеспін ғой», — дейді. Сонда тағдыр тәлкегіне түскен анаға кім араша түспек, оу, ағайын?
Ермек Назым

(14)