EXPO-2017: Күннен қуат алған Өзбекстан

«ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне жасаған кезекті саяхатымызды Өзбекстан павильонына бағыттадық. Мұның өзіндік мақсаты да жоқ емес-ті. Жаңа энергия көздерін ашып, пайдалану мен қоршаған ортаны ластамайтын «жасыл» өнімдер өндірісімен айналысып жатқан Жапония, Германия, Қытай, АҚШ сияқты алпауыттарды талассыз мойындап тұрсақ та, даму жолына бет бұрған жас мемлекеттердің бұл саладағы болмашы жетістіктерінің өзі тыңға түрен салғанмен бірдей екені тағы бар. Оның үстіне күні кеше ғана бір саяси кеңістіктің астында өмір сүрген, түбі бір туысқанымыз, айрылмас көршіміздің адамзатқа төніп келе жатқан экологиялық апаттарды болдырмау үшін, «міндетті түрде зиянсыз, жасыл энергияны тұтыну» бағытындағы тың жобаларымен танысу қызықты еді.

Көршіміздің машинасы да, «ақылды үйі» де, тіпті, роботы да бар

1350 шаршы метр аумақты алып жатқан Өзбекстан павильоны екі қабатқа бөлініп орналасыпты. Кіре беріс залда негізінен Өзбекстанда жасалған, энергия саласына қатысты өнімдер мен болашақ жобалар таныстырылған. Мұнда Өзбекстанда жиналатын оңтүстіккореялық «DAEWOО» компаниясына тиеселі «Matiz» көлігінің, энергияны барынша үнемдеп пайдаланатын үлгісі қойылыпты. Бұл биокөлік жанар-жағармайды аз тұтынуымен ерекшеленеді екен. Толық құрастырылып біткен автомобиль суда да қозғалыс жасай алатын көрінеді. Тағы да бір маңызды ерекшелігі таза судан қозғалыс кезінде сутегін шығаратындықтан, атмосфераға улы заттар шығару 80 пайызға төмендейді екен.
Бұдан бөлек саяхатшыларды қызықтыратыны — Ташкенттегі Турин политехникалық университетінің базасында жасалған автомобиль. Күннен қуат алатын көлік төрт сағат ішінде жинаған қуатымен 700 шақырымдық жолды бағындыратын көрінеді. Бұл көліктің қазіргі таңда әлі де жетілдірілу үстінде екендігін айтқан жөн. Өзбек елінің жоспары бойынша мұндай көліктер 2030 жылдан бастап өндіріске шығарылмақ.
Өзбекстан — тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдар ішінде нарықтық экономикаға көше қоймаған ел. Алайда өндіріс ошақтарын жандандыру мен машина жасау саласына мемлекеттік деңгейде назар аударылған. 1996 жылы оңтүстіккореялық «Daewoo» фирмасымен бірлесіп, өндірістік қуаты жылына 200 мың жеңіл автомобиль шығаруға жететін зауытты іске қосты. Сонымен бірге автомобильдерді жабдықтауға арналған бұйымдар жасайтын кәсіпорындар құрылып, жүк машиналары мен автобустар шығаратын зауыттар салынды. Жеңіл өнеркәсіп орындары республикадағы өнеркәсіп өнімінің 20%-ынан астам бөлігін өндіреді. Бұл Орта Азия бойынша ірі өндірістің қатарына жатады.
Келесі бір қызықты дүние — «Артель» компаниясының механикалы смартфоны.
«Бұл — AR 2025 модельді смартфонның прототипі, механикалық сағат принципі бойынша жұмыс істейді. Өзінен-өзі қуатталатын болашақтың телефоны су өткізбейтін корпусты, қуат көзі жоқ, қуатты механикалық сағат принципімен өзін қолданатын иесінің қозғалыс кезіндегі энергиясынан алады. Смартфонды 2030 жылы нарыққа шығарылады», — дейді көрмені таныстырушылар.
Павильон ішіндегі сутегілік дәнекерлеуші аппарат та өзбек елінің өнер туындысы саналады. Аппарат дәнекерлеу, кесу, желімдеу кезінде ацетиленнің орнына водород-сутегін қолданады, пісірілген, желімделген жер сапалы болып шығады, металды отпен емес, токтың күшімен дистилированная судан сутегі мен оттегінің бөлінісінен пайда болатын сутегілік ыстық газбен өңдейді. Болат, түсті металдар мен бағалы металдар, шыны, шойын, керамиканы өңдеуде таптырмайтын аппарат үшін тек қана су болса жеткілікті екен.
Павильон ішіндегі тағы бір экспонат — «ақылды үй». Күн көзінен қуат алатын, екі қабаттан тұратын «ақылды үй» де өзбек өнертапқыштарының туындысы. Бұл үйдің астыңғы қабаты теледидар көруге, үстіңгі қабаты демалуға арналған. Бұлардың қатарындағы көрмеге қойылған Өзбекстан жастарының жасап шығарған робот техникасы мен жасанды қол да өндіріс саласына пайдалы дүниелер екен. Онымен зертханаларда тәжірибе жасауға болады.
Мұнда келушілердің назарын аударатын тағы бір құнды дүние — күн нұры мен желден жинаған энергияны пайдаланатын бау-бақша кешені жобасы. Бұл топырақ қабаты дақылдардың өсуіне қолайлы болатын кез келген ортадан бау-бақша өсіруге мүмкіндік беретін таптырмас жоба. Ол үшін арнаулы электр желісін тартудың қажеті жоқ. Өзбекстанда бір жылдың 11 айында күн ашық болады. Сондықтан бұл өңірде күн энергиясын кеңінен пайдалануға мүмкіндік мол. Қазіргі таңда бүкіл ел бойынша күн энергиясының қуаты 51 млн. кв желдің энергиясы 360 млн. кв. Гидроэнергетика қуаты 1,8 млн. кв болып, жалпы 7 млрд. киловатт сағат энергия өндіріледі. Екі қабаттан тұратын Өзбекстан павильонының екінші қабаты өзбек халқының мәдениетімен жақынырақ таныса түскісі келетіндерге арналған. Жалпы үшке бөлінген залдардың алғашқысы іскерлік бағытқа арналса, яғни ұлттық көлік компаниясы ұсынған жобаларға, ал келесі көрме залы бұл елдің туристік әлеуетінен хабардар етеді.

Ақ алтыннан 5-ші, сары алтыннан 4-орында

Өзбекстан — индустриалды-аграрлы мемлекет. Оңтүстіктегі көршіміз күні бүгінге дейін Қазақстан нарығына ауылшаруашылық өнімдерін экспорттап келеді. Жері табиғи ресурстарға бай Өзбекстан бүкіл Орта Азиядағы газ конденсатының 74%-ын иеленеді. Ала тақиялы ағайындар туралы нақтырақ мағлұматтар беретін дереккөздеріне үңілсек, бұл ел, алтын қоры жөнінен әлемде 4, жез қоры жөнінен 11, уран қоры бойынша 7-8-орынды иеленеді. Мақта дақылын өсіру көрсеткіші бойынша әлемде 5-орында, оны экспортқа шығару жөнінен 2-орында. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезенде, әсіресе отын-энергетика саласын дамытуға көп көңіл бөлінді. Электр энергиясын өндіру Ангрендегі коңыр көмір, Шыршықтағы СЭС тізбегіне және табиғи газға негізделген. Қазіргі кезде 1991 жылмен салыстырғанда мұнай (газ конденсатымен қоса) өндіру 3 есеге жуық, ал табиғи газ өндірісі 10 млрд м3-ге артты. Ел Қазақстан мен Қырғызстанды да табиғи газбен қамтамасыз етеді. Мүбәректе газ өңдеу зауыты салынған, мұнда газбен қатар күкірт те өндіріледі. Республикада газ өңдеумен қатар, мұнай өндіру саласы да қарқынды дамуда. Алтыарық және Ферғана мұнай өңдеу зауыттары Ферғана аңғарынан өндірілетін мұнайға, ал салынып жатқан Бұхара зауыты Көкдумалак кен орнының мұнай-газ конденсатына негізделеді. Мұнай-газ өндірісі негізінде химия өнеркәсібі ерекше қарқынмен дамуда. Бұл сала ең алдымен, ауыл шаруашылығының тыңайтқыштарға деген сұранысын қамтамасыз етуді көздейді. Шыршық, Навои мен Ферғанада азот тыңайтқыштарын өндіреді, Ферғана, Қоқан, Самарканд, Алмалықтағы зауыттар Қазақстаннан әкелінетін фосфорит шикізаты негізінде жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда тыңайтқыштармен қатар, өсімдіктерді зиянкестерден қорғауға қажетті заттар, тұрмыстық химия өнімдері де шығарылады. Сонымен қатар резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіретін, дәрі-дәрмек жасайтын кәсіпорындар бар.
Жер көлемі шағын болса да, халқы 30 миллионға жетіп үлгерген Өзбекстан, болашаққа нық сеніммен қадам басып бара жатқан мемлекет. Кезектегі «ЭКСПО — 2017» көрмесіне де мол дайындықпен келген өзбек ағайындар өздерінің «бола-шақтың энергиясы» саласына да ізденістер жасай баста-ғандығын толық әйгілеп тұр. Екі қа-батқа орналасқан павиль-ондағы әрбір бұйым келушілер назарына еңбек-қсүйгіш өзбек халқының ертеңге деген сенімін әйгілеп тұрғандай еді. «Өзбек — өз ағам» дейтін қазақ халқы олардың әрбір жетістіктеріне тек қана сәттілік тілейтіні сөзсіз.

Ерқазы Сейтқали

(56)