Қызылжарда әлемнің 7 елі қатысқан өңірлік Инвесторлар кеңесінде 20-дан астам меморандум мен келісімге қол қойылды

Облыс орталығында инвесторларды тартуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға арналған Өңірлік кеңестің ІІІ отырысы өтті. Оған әлемнің 7 елі мен Қазақстанның өңірлерінен 200-дей адам қатысты.
Солтүстік Қазақстан облысында инвестиция тарту жөніндегі Өңірлік кеңес 2016 жылы қаңтар айында құрылған болатын. Бұл — мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған, инвестиция тартуға әсер ететін алғашқы өңірлік алаң. Кеңестің басты міндеті — облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту және тиімді, сенімді және ұзақ мерзімді инвестициялық байланыстарды орнату, сол сияқты өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың өзекті мәселелерін шешу. Кеңес алаңдары инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызық ұсыныстарды мұқият зерттеуге және бір-бірінің мүмкіндігін бағалауға көмектеседі, сол сияқты өнеркәсіптің келешегі бар салаларында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша серпіліс береді.
Өңірлік кеңестің үшінші отырысы барысында облыс әкімі Құмар Ақсақаов соңғы 5 жылда облыста негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсімі қамтамасыз етілгенін атап айтты. Оның ішінде тартылған инвестициялар көлемі 1,6 есе, өнеркәсіп кәсіпорындары шығарған өнімнің көлемі 1,5 есе өсті.
— Біз жоғары бөлістегі дайын өнімдерді экспорттау үшін, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдетіп өңдеуге баса назар аударамыз. Елбасының белсенді жүргізген саясатының арқасында Қазақстанда инвестиция тарту және кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін бірегей және барынша қолайлы жағдай жасалған, — деді өңір басшысы.
Сол сияқты Құмар Ақсақалов инвестициялық демеуқаржы мен заттай гранттар беру Солтүстік Қазақстанда кәсіпкерлер мен инвесторларға жобаларды нәтижелі жүзеге асыруға кепілдік беретіндігін алға тартты. Инвесторлардың өзекті мәселелерін жедел шешу және өңірдегі инвестициялық саясатты дамытуда тәжірибе және пікір алмасу үшін осындай отырыстарды тоқсан сайын өткізу мақсат етілуде.
Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек өңірдің инвестициялық ахуалы туралы айтып берді. Оның айтуынша, жобаларды жүзеге асыру кезінде 10 %-ға дейін пайыздық ставканы демеу қаржыландыру кіретін «Бірыңғай бағдарлама», «Бизнестің дамуын қолдау», «Жол картасы — 2020» бағдарламалары аясында бірқатар мемлекеттік қолдаулар белсенді қолданылады. Дәурен Жандарбек инвесторлар өңірде жұмыс істеу және жобаларын жүзеге асыру үшін, оларға облыстың артықшылығы туралы да айтып берді.
— Облыста пайдалы қазбалардың 200-ден астам кен орны зерттелді, ҚР балансындағы минералды шикізаттардың қорынан цирконий 36 %-ды, уран 19 %-ды, титан 5 %-ды құрайды. Алтын, темір және көмір кен орындары бос қалып отыр. Бүгінгі күні австралиялық «IIuka» компаниясы әрі қарай өңдеу мүмкіндігімен облыстың аумағында титан-цирконий кен орындарының бар-жоғын геологиялық зерттеуге арналған жұмыс жүргізуде, — деді облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.
Өңіраралық және шекаралық ынтымақтастықты дамыту және өңірлік инвестицияларды тарту туралы Владимир Дудов, Анатолий Башмаков және Денис Кушнер өз ойларын ортаға салды.
Кездесу кезінде «Yan De Rui Gong Mao Co Ltd» компаниясының бас директоры Baн Тянь Де жоба Солтүстік Қазақстан облысының орталығында салынатын индустриялық парк туралы айтты. Идея Қытайдың «Бір белдеу — бір жол» стратегиясына және қазақстандық «Нұрлы жол — болашақ жолы» бағдарламасына толық сәйкес келеді. Құрылыстың жалпы алаңы 500 гектарды құрайтын болады.
— Жоба біздің өңірдің «Хубай» провинциясынан зор қолдау тапты. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа ризашылығымызды білдіріп, біздің губернатордың алғыс хатын табыс етпекпін. Мен губернатордың атынан қалалар мен өңірлер туралы келісім жасауға көмек көрсеткені үшін өңір басшысына ризашылық білдіремін, — деді «Yan De Rui Gong Mao Co Ltd» компаниясының бас директоры Baн Тянь Де.
Baн Тянь Денің сөзіне қарағанда, машина жасау кластері орналасқан жерде аз коммуналдық шығын жұмсалып, инвестиция үшін қолайлы жағдай жасалады. Индустриялық паркте өндірістік цехтар, оқыту цехтары, даму институты болады. Өз кезегінде Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов аталмыш жоба қаланың барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші үшін үлкен серпін беретіндігін атап айтты.
— Бүгінгі күні бірлескен кәсіпорын құрылды, барлық процедуралар өткізілді. Петропавл қаласында өкілдік ашылды. Қала әкімдігі жер телімін бөліп береді, алдағы уақытта ол 500 гектарға дейін ұлғайтылады. Бүгін қытай компаниясының өкілдері айтқандай, оқу орталығы құрылып, болашақта 3000-ға дейін жұмыс орны құрылатын болады, — деді қала әкімі.
Индустриялық парк өндірістерді орналастыруды қарастырады. Парктің ортасында жасыл саябақ аймағы өтеді, оның ұзындығы 1700, ені 100 метрді құрайды, ал аймақтар салалар бойынша бөлінетін болады. Парк сұранысқа қарай арнайы машина техникаларын шығармақ.
Инвесторларды тарту және облыстағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі Өңірлік кеңестің ІІІ отырысында Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов пен «Yan De Rui Gong Mao Co Ltd» компаниясының бас директоры Baн Тянь Де 65 млрд. теңгенің меморандумына қол қойды. Кеңес барысында қол қойылған 20-дан астам меморандум мен келісімнің жалпы сомасы 100 млрд. теңгеден асады.
Нұрсайын Шәріп,
Солтүстік Қазақстан облысы

(27)