Туралығын туған баласына айтқан қария

Әркім өзінің көргенін, естігенін, басынан кешкенін айтады. Мен өзімнің туған Торғайымда өмір кешкен, қалтасында табақтай дипломы болмағанымен, ынсап пен иманды жоғары қойған қазақтың бір оқымаған қарапайым шалы жайлы айтып бергім келеді. Анамнан естіген болатынмын.

Кеңес үкіметінің дүрілдеп тұрған шағы. Әлгі ақсақалдың баласы аудан көлеміндегі ақшалы мекеменің бірінші басшысы екен. Сонда бір күні қария баласын отырғызып қойып былай депті:
— Балам, осы сен жұтқан жұтамайды деген ойда жүрсің-ау. Және жұтқанда да байқаймын, талғамай араныңды ашып, ақша ма, мал ма бәрібір, машина, трактор, касемсот демей қылғыта бересің, қақалам дейтін ой кіріп шықпайтын сияқты. Төрімнен көрім жақын, енді кәріліктен жағым түсіп, таянып отырғанда ана жаққа біреудің ақысына келген тамақтан ас іштім деп барайын ба? Байқа, балам, мен білсем, мына өкіметің де, Құдай да семіртіп барып сояды, — депті.
Қазір туған баласын осылай тезге салатын қариялар табылар ма екен?
Анар Төлеухан

(115)