Балқантауда той өтті, баба рухын ұлықтап…

Алты алашқа айбын болған «қазақ халқының бірлігі мен мемлекеттілігін нығайтуға, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді серпілтуге, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға өлшеусіз үлес қосқан қазақтың ұлы биі, шешен, философ, қоғам және мемлекет қайраткері Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық дүбірлі тойы болып өтті.  Қазақта «Тойдың болғанынан боладысы қызық»  деген сөз бар. Солардың ішінде алар орны бөлек болатын, қатардағы тойлардың бірі емес, шоқтығы ерекше биік, бірегейі болып келетін Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық  мерейтойы жайында қалай айтсақ та орынды болмақ.  Алты Алашты аузына қаратқан, қазақ елінің бостандығы үшін  жанын да, малын да аямаған, шешендігімен шарасыз  дауларды әділ шешіп, көсемдігімен халқын сыртқы жаулардан қорғай білген ұлы бабамыздың бұл тойы қандай дәрежеде өтсе, оған деген дайындық осал болмаған еді. Ұйымдастыру алқасы, арнайы ашылған қорлар, сонау Қарағанды мен Қарқаралыдан, көршілес ауылдардан келген жанды көмектер әрекеті ерте көктемнен басталған-ды. Олармен қоса  Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүрген ауыл жастары бірігіп келіп, ауылдағы мектептер мен балабақшаға, интернат-пансионға қаржылай көмек жасап, қажетті дүние-мүлікпен жабдықтап, қамқорлық танытқан. Әр жылдары Егіндібұлақ мектептерінен түлеп ұшқан жастар көшелерді абаттандыруға, демалыс орындарын әзірлеуге бар күш-жігерлерін жұмсады. Атап айтқанда, Жұмашев Қанат атты эскизші жерлесіміз арқылы  көшелерге «Балқантау арқарлары» композициясы», «Алтын сақа», «Сүйінші» мүсіндері орнатылды. Бұл шаралар биыл қолға алынғаны белгілі.

Өңір туралы энциклопедия

Міне, солардың қатарында болған шығармашылық топ былтырғы жылы бас қосып, Балқантау өңірінің шағын энциклопедиясын шығаруды ойластырған еді. Жобаға белгілі журналист, қарымды қаламгер Ермек Балташұлы мен Егіндібұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Амантай Дәуіпбаев бастамашы болып, үлкен ой білдірген-ді. Бұған басқа да жанашыр жандар атсалысты. Сегіз-тоғыз айға созылған қарқынды жұмыс нәтижесінде кітап шығып, 1000 таралыммен Қазыбек би бабамыздың мерейтойы қарсаңында Егіндібұлаққа жеткізілді. Тамыз айының 18-і күні Қу-Балқантау энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті.

Суретші сыйлығы

Облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев, Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтовтардың қатысуымен өткен шарада өңір басшылары ұлы бабамыздың суретін салып әкеліп, оны осы мұражайға сыйға тартып отырған жерлес суретші, белгілі қоғам қайраткері Кәріпбек Күйіковке зор алғыс білдіріп, өз тараптарынан да авторға сый-сияпат жасады. Қазыбек би бабамыз жайында жазылған жаңа кітаптардың алғашқы томдары енді лайықты жерден орын алып, рухани байлықтың баға жетпес биігіне шықты. Қалың көпшілік алдында суретшінің еңбекқорлығын, жанашырлығы мен патриоттығын айтып өткен басшылар мен кездесуге қатысушылар жылы лебіз білдіре отырып, сыйлығына тәнті болды.
Өз кезегінде К. Күйіков баба ұрпағы болғанына шын қуанатынын, ол туралы барған жерлерінің бәрінде айтып жүретінін, бабалар сыйлаған тәуелсіздікті елі құрметтеп, соған лайық өмір сүруге талпыну керектігін жеткізді. Жиын үстінде суретші мұражайға арнап әкелген тағы бір тартуы — мемлекетіміздің туын табыс ете отырып, ұлы да үлкен елдің белгісі осынау шағын мұражайдан да орын алып, келушілерді патриоттық сезімге бөлей берсін деген тілек білдірді.

Шынар басына қойылған белгі

Егіндібұлаққа кіреберісте орын тепкен ескерткіш-стелланың жөні бір бөлек. Жерлес кәсіпкер Ғани Қабдырахманұлы Омаров қолға алып, ескерткіштің тұрғызылуына қаржылай көмек көрсеткен Егіндібұлақ жұртшылығы, Қарқаралы мен көршілес ауылдардан келген азаматтар үлкен еңбек сіңірген еді. Биіктігі 12 метр болатын, шынар басына Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығына арналған белгі бар, алып бәйтерекке ұқсаған ескерткіш, расында, көздің жауын аларлықтай. Еңселі ескерткіштің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Х. Мақсұтов тарихқа, ел жетістігіне, еңбек адамдарына ерекше тоқтала келіп, осы игілікті істерге қанатымен су сепкен қарлығаштай болған барша қауымға зор алғысын білдірді.
Митингіде өзінің жылы лебізін білдірген облыс әкімінің орынбасары Ж. Әбішев айтулы күн қарсаңында киелі жер мен қасиетті елге осындай тарту жасаған азаматтарға рақмет айтып, осындай жұмыстар жалғаса берсе деген тілегін де жеткізді. Үлкен де игі істі қолға алған Ғани Омаровқа облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етіп, әкесі Қабдырахман ақсақалдың иығына шапан жауып, анасына комзол кигізді.

Балаларға спорт алаңы табыс етілді

Бала қай жерде болсын бала. Ойынмен өсіп, оқумен зерделеніп, тың ойлармен жетілетіні белгілі. Оларға жасалған сыйлықтың өлшеуі жоқ десек, сондай сыйлықтың бірін, тіпті бірегейін күні кеше тағы бір жерлесіміз Берік Камалиев жасап, періште жүрек балдырғандардың алғысын алды. Мерекенің мерейін үстем еткен салтанатта осының барлығы айтылды да, көрсетілді де. Заманауи футбол алаңы, ойындар мен дене шынықтыруға арналған орындарға балалар түгілі үлкендер де қызыққандай. Жарқырай жанған шам жарығы балалардың алаңсыз ойнап, ересектердің жұмыстан бос уақытында демалуына қолайлы етіп жасалған.
Ойын алаңының ашылу құрметінде облыс әкімінің орынбасары Ж. Әбішев, аудан әкімі Х. Мақсұтов, осы бір көрнекті жердің мереке қарсаңында ашылып, тұрғындардың қуанышына айналуына себепкер болған, балакөңіл қамқоршы жерлесіміз Б. Камалиев, ауыл жастары атынан алғыс білдірген селодағы учаскелік аурухана маманы У. Рахаділов және басқалар сөз сөйледі.
Азат халыққа тән еркіндігін көрсетті, сан ғасыр бабалар аңсаған бірліктің үлгісін көрсетті. Дабыл қағылып, керней үні дала төсін шарлады. Шеру көші дүбірлеткен тұлпарлардың тұяғы тарпыған аламанға ұласты. Қалай әспеттесек те, атамұра «Ала байрақ» ұрандап, еліміздің көк байрағы асқақтап Арқаның атырабында көк аспанмен тілдескендей болып желбіреп тұрды…

Тойдың басталуы

Шежіреден күй шерткен, ертегі аңызға айналған өткеннің өмірін көздің алдына әкелген театрландырылған қойылым жиналған жұрттың ой-санасын тарихтың тамырын қуалай бабалар ғұмырының бір ғана сәтімен көп дүниені ұғынуға жетеледі. Осындай маңызды көріністі бейнелеген С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры той тақырыбы мен бағдарын ашып берді. Алғашқы құттықтау сөз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызы Әбдіхалыққызына берілді. Мемлекет хатшысы ең алдымен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау хатын жеткізді. Мәртебелі құттықтау сөз кезегі Қарағанды облысының әкімі Ерлан Жақанұлы Қошановқа берілді. Облыс басшысы қасиетті бабаның ұлылығын дәріптеп, сол кие мен қасиет дарыған біртуар тұлғаның құдіреттілігіне орай неше күн толастамай жауған нөсерлі жаңбырдың саябыр тауып, ауа-райының шуақ төге жадырап, оң қабақ танытқанын тілге тиек ете кетті. Елбасының құттықтауы мен тойдың мәнді мазмұнын,тойдың «ас ішіп, аяқ босату емес екенін» айта келіп, бұл тойдың осындай дәрежеде тойлануы халықтың бірлігінің арқасы екенін атап айтты. Берекелі бірліктің ақ туына айналған, дала дипломатиясының көшбасшысының бірі болған Қазыбек би мұрасының әлі де зерттеліп, көп еңбектенуді қажет ететінін және соған бағытталған ауқымды іс-шаралардың ұйымдастырылатын, жүзеге асырылатын жоспарлы тұстарын атап-атап айтып өтті.

Ғарышкер сыйға тартқан мүсін

Осындай жүрекжарды құттықтаулар легін жалғаған дүбірлі мерейтойдың құрметті қонақтары ҚР мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов, Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, ҚР Халық Қаһарманы, жерлесіміз Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров Түркі мәдениетін және өнерін дамыту Халықаралық ұйымы — ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Алматы облысы ардагерлер ұйымының атынан меценат Амангелді Ермегияев, мемлекет қайраткері М. Алтынбаевтар ықыласты құттықтауларын жеткізді. Тоқтар батырымыз өз елі, өз жұртына еркелей, еркінси назға толы ақжарма тілегінің соңын ала бабаның 350 жылдық мерейтойына өзінің перзенттік сыйын Қазыбек би бабаның қола мүсінін арнайы жасатып әкелгенін, енді ол мүсіннің Қарқаралы қаласына орнатылуына ұсыныс жасайды.

Жырдан шашу шашқандар

Осы мерейтойға Қазақстанның әр түкпірінен арнайы келген қадірлі қонақтар Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары басшылығының өкілдері де шабыттана жырдан шашу шашып, сөзден маржан тергендей ақ тілектерін білдіріп, бағалы сый-сияпаттарын, тарту-таралғыларын табыстады. Шығыстың қонақтары, «Семей-Невада» қорының өкілдері бабаға қатысты құнды жәдігер «Қазыбек бидің хаты» көшірмесінің фотонұсқасы мен қазақтың күйін шертіп, жырын жырлап келе жатқан киелі қара домбырасын сыйға тартты. Ақ ниеттің ізгі тілектерін бір сәт дүбірді естіп, тұяғымен жердің түгін шығара ауыздықпен алысқан сәйгүліктей тыпыршып, тыншымай тұрған айтыскер ақындарға кезек берілді. Ұлы баба тойына арнау жырларын төгілткен суырып салма ақындар көшінің басын жерлесіміз, аймаңдай мақтанышымыз Аманжол Әлтаев бастады. Семейден келген Серікзат Дүйсенғазы, Қырғыз елінен келген Елмірбек Иманалиев, Монғолиядан келген Серік Қуанған, Қытай елінен келген Ұларбек Минатхан, қарағандылық жерлесіміз, орайы келген сөздің орамын шебер де тапқыр шұрайлы сөздерімен түйіндеп жіберетін Дидар Хамиевтың Серікзат ақынның бір ауыз сөзін іліп алып, қалжыңдай қағытып жіберген тұсы көпшіліктің көкейіне қона кетіп, көңілді қошеметке ие болды. Ақындар көшіне тай-құлындай ілесе шапқан жас ақын «Қазыбек бабамыз қалмақ қонтайшысына барып бітім айтқанда менің жасымда болған екен. Бүгінгі баба тойында менің де ақындық алғашқы қадамым басталып отыр», — деп ырымдай сөйлеген жергілікті Балқантаудың жас түлегі елді тебірентті. Ақындарға әжелер шашуы шашылды. Балқантау баурайында өткен той Қарағанды қаласында халықаралық ақындар айтысымен жалғасты.

Түркістанға бет алған керуен

Бас жүлде айтыс майталманы Аманжол Әлтаевқа (3 млн. теңге), 1-орын Ұларбек Минатханқа ( 1,5 млн. теңге), 2-орын Дидар Қамиевке (1млн. теңге), 3-орын Жансая Мусина (750 мың теңге) мен Мейірбек Сұлтанханға (750 мың теңге) бұйырып, жеңістің тұғырынан көрінді. Басқа ақындар да арнайы бағалы қаржылай сыйға ие болды.
Баба тойына арналған жиынның мәні одан әрі мән-маңызы артып, жиылған қалың бұқара тағы бір маңызды шараның рәсіміне куә болды. Ол Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық даңқты мерейтойының республикалық деңгейдегі мәнге ие болуымен құндылығын арттыра түскен «Қаз дауысты Қазыбек бидің жолымен Бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруенді үлкен сапарға шығарып салу салтанаты болатын. Бабалар салған өнегелі жолмен тарихтың ізін, ұлылардың ұлағатын жалғаған автокеруен ата-бабалардың табаны тиген туған топырақ Қарқаралы — Егіндібұлақтан бастау алып, Сарыарқаның бел-белестерін, Бұқар жырау, Жаңаарқа, кен өндіріп, тау қазған, кезінде үш жүздің басын қосқан Ұлытау — Жезқазған, Сәтпаев өңірлері арқылы республикамыздың көптеген аймақтарына, Сыр еліне, көршілес Өзбекстан еліне ат басын бұрып, түркі халықтарының бейресми астанасы саналған Түркістан қаласында, Шымкент, Тараз, Балқаш, Ақтоғай, Ақсу — Аюлыға сапарлап, 30 тамызда Қарағанды қаласында Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың ескерткіші алаңында өз мәресіне жетеді.
Ұлттық рухты ту етіп, керуен жалаушасымен көк туды желбіреткен автокеруеншілер көп ортасынан сап түзей шығып, аттанып кетті.

Өнер жұлдыздарының тартуы

Ресми жиын салтанаты Қазақстанның қадірлі азаматтары, өнер жұлдыздары Ерлан Төлеутаев, Ержан Мұсайынов сынды дәстүрлі ән орындаушылары мен Қарағанды облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің, әр өңір, аудандардан келген, Қарқаралы — Егіндібұлақтың өнерпаз ұжымдары, «Қайран жастық» «Замандастар» ансамбльдері ән-күйлерімен тойдың мәртебесін асқақтатып, дала төсін әсем саздың әуеніне бөледі. Дүйім халықтың көңіл күйін көтеріп, шабыт-шалқар шаттыққа бөледі. Ұлы бабаның ұлы тойына келген қалың қазақ елінің ішінде еліміздің зиялы қауым өкілдерімен небір жақсы мен жайсаңдары жүрді. Алқалы жұртпен қауышып, арқа-жарқа табысу болды. Ақ шағала ақ киіз үйлердің дәмге толы мол дастарқандарынан той меймандары мен жұртшылыққа түскі дәм берілді. Қазақтың этномәдени мұраларын жандандырған қолөнер шеберлерінің көздің жауын алар әсем бұйымдары, бабаның мерейтойына арнайы баспадан шыққан кітап, журналдар, күнтізбе парақшалар, тағы басқа естелік үшін сувенирлер сатылымға шығарылып, сауда көрігі де қызып жатты. Ұлы дала төсінің байырғы сән-салтанаты көшіп келгендей «Рухани жаңғырудың» ұлы тойы өз жеңісін ұлы баба тойымен қоса тойлап жатты.

Батыр жинап ел шаппай,
Қылыш шауып, оқ атпай,
Ақылыңмен жол тауып,
Қазақтың кегін алғаның
Қара қылды қақ жарып,
Әділ өткен әкекем, — деп зар төккен қызы Маңқанның жырындай үш жүздің ұлы жиналса, әр қазаққа арнап жол салған әділ заңның қолайлысын қолданып кеңес беріп, татулықпен тарқатқан баба рухы мәңгілік болмақ.

Боз кілемде — балуандар

Бабамыздың айтулы асына арналған салтанатты шара болып жатқанда, той ауылының бір шетінде жанкүйер жұрт өзінше дүрлігіп жатты. Көпшіліктің назарын аударып, делебесін қоздырған бұл шара балуандар күресі еді. Жер-жерден келген балуандар мен оларды қолдай келген жанкүйерлер көптеп жиналған екен. 70 келі салмаққа жерлесіміз Ербол Төлеуовтің демеушілігімен автокөлік тігілді. Балуандар да барын салып, қарақұрым жұртшылыққа бар өнерлерін паш етуге тырысты. Небір әдіс-тәсілдер, қазақ күресінің көз тартарлық тұстары анық байқалып, өзі де қаны қызып, өрекпіп тұрған көрермен-жанкүйерлерді қызықтырып, баурай түсті.
Жарыс 70 келі салмақтағы балуандардың күресінен басталды. Мұнда Қарқаралының намысын қорғаған мықтыларымыз Едіге Сыздықов пен Дамир Әлімбаев болса, Шет ауданынан келген Адыханов пен жаңаарқалық Ғалымовтар да әлеуеті зор дарынды балуандар еді. Бойдағы бұла күш пен жылдар бойғы жиналған әдістер шарпысып, жаннан кешіп жағаласқан балуандардың ішінен осы Едіге Сыздықов пен Айдос Ғалымов қарсыластарының бәрін ұтып, екеуі ақтық сынға жетіп, өзара сынға түсті.
Осыған дейін барлығын айқын басымдықпен ұтқан Едігеге бұл сын да аса үлкен қиындық туғызған жоқ. Алдымен өзі етпетінен түсіп, алғашқы бүк ұпайын қарсыласына беріп қойса да, іле екі рет жартылай жеңіске жетіп, осы салмақтың жеңімпазы атанды.
Жоғары салмақта күрескен алыптардың айқасы да айтарлықтай болды. Мұнда алдыңғы жылы «Қазақстан Барысында» ақтық сында күрескен Шет ауданының балуаны Асыл Барменов, өзіміздің бүркіттілік Ерсін Мұхаметжанов, қарағандылық жас балуан Ақжігіт Ораловтар сынға түсіп, жанкүйерлерге тартысты күрестерімен тартымды әсер сыйлады. Бұл салмақта да бас жүлде өз жерлесімізге бұйырып, Ерсін Мұхаметжанов жеңімпаз атанды.
Сонымен, соңғы маркалы «Тойота» автокөлігін Едіге Сыздықов, квадрациклді Ерсін Мұхаметжанов иеленіп, мерейлері тасыды. Жеңімпаздармен бірге жерлестер де қуанып, қаумалап, құттықтаулары мен тілектерін жаудырып жатты.

Тұлпарлардың дүбірі

Бабамыздың таңертеңнен басталған дүбірлі тойы түс ауа қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ат жарысына ұласты. Күні бойы тойдың қызық думанын тамашалаумен болған жұртшылық бір сәтте бәйге өтетін төбеге жиналып, қарақұрым халыққа айналды. Бәрінің көкейінде «шіркін-ай, қай жануардың бағы жанып, мерейі тасығалы тұр екен?!» деген сауал тұрғаны анық байқалады. Бәйге алаңында кекіл-жалын үкіліген бас жүлдеден үмітті сәйгүліктерінің ауыздығымен алысқан шабандоздар жүр. Қазақстанның елордасы Астана қаласы және Қызылорда, Павлодар, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Тараз, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарынан келген, атап айтқанда, елімізде жыл сайын өткізіліп келе жатқан республикалық «Алтын тұлпар» бәйгелерінің әр жылдарда жеңімпаз, жүлдегер болған, әр облыста өткен дүбірлі додаларда топ жарып жүрген, сондай-ақ, «ЭКСПО — 2017» аламан бәйгелерінде ел мерейін тасытқан кілең мықты тұлпарлардың бақ таластырған шағы болды. Небір жүйріктер бабы мен бағын сынаған бұл жарыста, амал не, бас жүлде тек бір мықтысына бұйырды. 16 шақырымдық қашықтықта жарысқа түскен Тоқ бәйгесінде I орын Қостанай облысынан келген Жүсіпов Оразғали есімді азаматтың «Исток» деген ЭКСПО жүлдегері атанған жүйрігіне бұйырып, Рено Логан жеңіл автокөлігінің иесі атанды. (Шабандозы — Сергей Ургешов). II орынды қарағандылық Зейнулин Айбардың «Жезқанаты» (шабандозы — Бархаев Ерқуат) иеленіп, жүлдеге қойылған мотоцикл беріліп, III орынды тақымына басқан Алматы облысы Қаратау ауданынан келген Жұматай Ақжолдың «Тримуф» атты сәйгүлігіне түрлі-түсті теледидар табысталды.
Көпшіліктің асыға күтетін аламан бәйгесіне 46 ат қатысып, 30 шақырым қашықтықта жарыс жолына бет түзеді. Аламанның бас жүлдесіне қойылған «Тойото Прадо Джип» көлігін Ақмола облысынан келген Батырхан Үкібасовтың ЭКСПО-да II орын иеленген «Тай төбе» (шабандозы — Диан Алимжан) атты жүйрігі иеленді.
II орынды Жамбыл облысының Қордайынан келген Есбол Жаппасовтың «Алтын Тұлпар — 2015» аламанының иегері «Самал» (шабандозы — Жұматай Ақжол) иеленіп, квадратциклді қанжығасына байлады.
III орынға Жаңарқалық Ғалымжан Бекетовтің «Алтын Тұлпары» (шабандозы — Оразхан Жасымбеков) тұяқ тіреп, түрлі-түсті теледидармен марапатталды. Аламан бәйге соңында жеңіс тұғырынан көрінген балуандар мен бәйге жүлделерін бөліскен тұлпарлардың иелерін жерлес батыр, тұңғыш ғарышкер ағамыз бастаған, Орталық Қазақстан Академиясының ректоры Б.Жүнісов, облыс әкімінің орынбасары Ж.Әбішовтер алған жүлделерімен құттықтап, жұртшылық алдында қошемет білдіріп, салтанатты түрде сыйлықтарын тапсырды.

Бану Мұқашева,
Дулат Жүнісбеков,
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы,
Егіндібұлақ селосы.

 

Жиырма жыл күту

Мерейтой — мен үшін де,
«Алыс-жақын…» келерміз келісімге.
Жиырма жыл ауданды талап етіп,
Қалам ұстап сексеннің еңісінде.

Қайшыласып, екі сөз тұрысып ап,
Көңіліңде тұрады ұры сұрақ.
«Оқымайды» дегеннен хаттарыңды,
«Оқытпайды» деген сөз дұрысырақ.

Ойланамын сыртта да, үйге барып,
Хаттар, хатттар…
мыңдаған илеу анық.
Бөгде жолмен кей кезде жүргізеді
Билеушіні біреулер билеп алып…

«Ештен кеш…»
Бұрынғының сөзі келді.
Бұдан әрі шыдар ма төзім енді.
Ұлыларға құрметі рас болса,
Патшаның «иә» дейтін кезі келді.

Күтудеміз эфирден ерек хабар
Ақсарбас сүйіншіге керек болар.
Келген төрткүл түркіден қонақтары
Қайтқанында еліне не деп барар?..

Рахметолла Қайыр

 

Тойда айтылмай қалған тілек

Үміт оты жанбады

Осы жолы би баба ұрпақтары Үкіметтен үлкен үміт күтті. Мемлекет хатшысы Г.Әбдіхалықова халық алдына шыққанда жергілікті жұрт бір жақсы хабар жеткізеді деп құлақтарын түрді. Өкінішке орай, осынау өзекті мәселе жөнінде тіс жармады. Алдыңғы орындарда отырған қариялар құп-қу болып, таяқтарына сүйеніп отырып қалды. Себебі осы уақытқа дейін аудан ашылар деп үміттеніп келген еді. Сөз сөйлеген қоғам қайраткері, депутаттар да ел тілегіне үн қоспады. Тек, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай ғана «Би баба атындағы аудан қайтадан ашылса, нұр үстіне нұр болар еді», — деп, азаматтық үнін жеткізді.

Жұлдыз Тойбек

(47)