Нұрсұлтан Назарбаев: Біздің міндетіміз — білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру

Біздің сауалнама:

1) Білім беру саласына өзгерістер қажет деп ойлайсыз ба?

2) Мемлекет басшысының жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша ағылшын тілі бастауыш сыныптан бастап жүреді. Бұл білім берудің мазмұнына, шәкірттердің ұлттық танымына, психологиясына кері әсерін тигізбей ме?

3) Білім ошақтарында оқушылардың бәріне бірдей бір деңгейде сапалы білім бар деп айта алмаймыз. Осы қайшылықтарды қалай жоямыз?

4) Сыбайлас жемқорлық пен парақорлық білім беру саласына да жиі көрініс беріп жүргені ащы шындық. Отандық білім беру жүйесін жетілдіруде, сондай-ақ әлем өркениетіне көшудің жолында бұның зияны шаш етектен. Бұны қалай тоқтата аламыз?

5) Әлі күнге дейін мектептерде ағылшын тілін жетік меңгерген мамандар тапшы. Бұл жағы сіздің мектебіңізде қалай шешілуде?

6) Білімді ұрпақ — елдің болашағы. Осы ретте бүгінгі бүлдіршін, ертеңгі ересектерді тәрбиелеп жатқан ұстаздарға көңіліңіз тола ма? Әсіресе осы тұрғыда жоғары білім ордаларындағы мұғалімдерді дайындаудағы олардың білім деңгейі қалай деп ойлайсыз?

7) Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай жер-жерде, ұжымдарда жанды жұмыстар жүргізілуде. Сіздің мектебіңіз бұл жөнінде қандай игі істерді жүзеге асырып жатыр?

«Білім — бақтың жібермейтін қазығы. Білімсіз  бақ — әлдекімнің азығы», — деген Мұхтар Әуезов. Соңғы уақытта  еліміздегі білім саласының әлем өркениетіне қарай бой түзеп келе жатқандығы көңіл қуантады.  Бұйыртса, Дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына сай сапаны көтеру міндетін де толық орындайтын күн де келер. Осы ретте Алматы шаһарындағы білім беру ошақтарының еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда көш бастап тұрғандығын айта кеткеніміз жөн. Жыл сайын орта мектептер мен гимназиялар, мамандандырылған лицейлер мен зияткерлік мектептері  қала оқушыларының алаңсыз білім алуына  жан-жақты жағдай жасап қойған. Елбасы айтқандай, «қазір білекке емес, білімге сенетін заман».  Білім және ғылым министрлігінің шешімімен жылда білім саласында ауыс-түйістер болып жатады. Талап күшейген сайын оқушылардың да сапалы білім алатыны ақиқат. Осыған байланысты халықаралық «Қазақстан ZAMAN» қоғамдық-саяси газеті Алматыдағы ең үздік деп танылған мектеп директорларына жоғарыдағы  сауалдарымызды қойған болатынбыз.

Қыздықой Егемова, № 180 мектеп директоры:
Бүлдіршін ең алдымен ана тілімен сусындауы тиіс

1) Әрине. Қазіргі заман техника заманы болғандықтан, ескі білім беру үрдісімен дамыған мемлекеттермен теңесу мүмкін емес. Сондықтан еліміздің болашағы үшін білім беру саласына тың жаңалық керек-ақ. Мен оны қолдаймын.
2) Білімнің жан-жақты толыққанды болуы үшін әлемдік ағылшын тілінің маңызын жоққа шығаруға болмайды. Жаңа өркениетті, техниканы қажетті деңгейде меңгеруде ағылшын тілінің маңызы зор. Алайда мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршін ең алдымен білімді өзінің ана тілінде алғаны дұрыс. Туған елінің тарихын, әдебиетін, мәдениетін ана тілінде оқып, ұлтжанды азамат болып қалыптасуына жағдай жасалуы керек. Ағылшын тілін меңгерту жолында ана тілін ақсатып алмауымыз керек деп ойлаймын.
3) «Білім негізі — бастауышта» демекші, бүгінгі жаңа бағдарлама мектепалды даярлық тобынан немесе балабақшадағы даярлық тобынан өтпеген балаларға қиындық туғызуда. Сондықтан мектепалды даярлық топтарын қажеттілікке қарай жеткілікті мөлшерде ашып, даярлық топтарының жұмысын жаңартылған білім беру мазмұнына бейімдеп жандандыру керек. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырып, білімдерін жетілдіріп отыруы қажет. Халық көп шоғырланған аймақтарда мектептер салса, үш ауысыммен оқитын мектептерге жеңілдік болады және оқушының сапалы білім алуына да жағдай туындар еді.
4) Сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың білім беру саласында да көрініс табуы көңілге кірбің ұялататыны анық. Елбасымыздың басты ұстанымы да осы сыбайлас жемқорлықтың тамырына түбегейлі балта шабу болып отыр. Әр азамат мектепті ұлтымыздың болашағы деп қарап, адамгершілікті жоғары қоя білсе, жағымсыз жайттардан арылар едік.
5) Жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес мұғалімдеріміз білім жетілдіру курстарынан өтуде. Саннан сапаға көшкен уа-қытта ұстаздарымыздың оқушы-ларымызға заман талабына сай білім бергенін қалаймыз. Сол себепті мамандарымыз арасында тәжірибе алмасу жиі көрініс тауып тұрады.
6) Қазіргі білім беру саласындағы заман талабы әлдеқайда күшейгендіктен, жоғары оқу орындарында да болашақ мұғалімдерді іріктеу сапалы түрде жүрсе, сауатты ұстаздың алдынан сапалы білімді ұрпақ өсіп шығары анық.
7) Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша семинар ұйымдастырылып, ұжымда таныстырылып, талқыланды. Сол негізде жоспар құрылып, келешекте атқарылатын жұмыстар белгіленді. Соған сай межеленген міндетімізді қазірден-ақ бастап кеттік.

Ерулан Жиенбаев, Махатма Ганди атындағы № 92 мамандандырылған лицей директоры:
Мұғалімдерді жас деп, тәжірибесі аз деп бөлген емеспін

1. Қажет, әрине. Білім саласы — өте инертті жүйе. Мәселен, өндіріс саласын дамыту үшін, қажет технологияңды алып, өнімді шығара беруіңе болады. Ал білім ондай сала емес, бұл жерде бастысы адам факторы маңызды рөл атқарады.
Соңғы уақытта білім беру саласындағы Білім және ғылым министрлігі тарапынан тың өзгерістер қолға алынып жатқандығы көңіл қуантады. Өйткені білім жүйесін дамытудағы негізгі басты мақсат — әлемдік білім беру. Ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында жетекші рөл атқарады. Ең бастысы білім сапасын арттыру арқылы ғана мол нәтиже көруге болады деп есептеймін.
Биыл 1-2, 5-7 сынып оқушылары жаңартылған оқыту бағдарламасы бойынша білім алады. Бұл министрлік тарапынан іске асып жатқан жүйелі жоспардың бірі ғана деп айтар едім.
2. Әрине, бұл — күрделі сұрақ. Бұл ретте Жапонияның білім саласындағы тәжірибесін алып қарауға болады. Олар бастауыш сыныптан орта буынға дейін өздерінің таза ана тілдерінде оқытады. Менің ойымша 1-сыныптан бастап ағылшын тілін мектеп бағдарламасына кіргізу дұрыс емес. Алайда әртүрлі факторларды да ескеріп, оның қажеттілігі жоқ деп кесіп-пішуге тағы болмайды. Жеке өз басым бастауыш сыныпты мейлінше тек қазақ тілінде оқытуға мүмкіндік жасар едім. Өйткені дүниетаным негізі қазақ тілінде қалыптасқан бала қазақылықтан кете алмайды. Әйтсе де, бастауыштан бастап үш тілде сөйлеген бала жаман болмайды ғой, әрине. Баланың миы ақпаратты тез қабылдайды, тез үйренеді. Заман талабына сай өсіп жатса, оның несі айып? Баланың жаны өте нәзік, тылсым жұмбаққа толы. Жас шыбық тәрізді. Сондықтан бұл сұрақты бір жақты ғана қарап жауап беруге болмайды деп есептеймін.
3. Оны түбегейлі жою деген нәрсе қисынға келмейді. Оған мысал ретінде мынаны айтайын, қоғамымызда елдің бәрі мектепті өте жақсы деген бағамен бітіріп, ЖОО-н үздік дипломмен аяқтаса, бәрі шетінен бастық болып кетпей ме? Алайда бәрі керісінше ғой. Еліміз дамыған сайын, білімділермен қатар қара жұмысшылар да, етікшілер де, сантехник те, көлік жүргізуші де, тіпті, қойшы да керек. Сондықтан кішкентай кезінен баланың қай салаға икемі бар, соны қадағалау керек. Ертеңгі күні ол өз саласының хас маманы бола ма, жоқ па, соны бірінші орынға қою керек.
4. Сыбайлас жемқорлықты түп тамырымен жою мүмкін емес. Әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінде бұл дерт жыл өткен сайын дендемесе, азайған емес. Сол секілді біз дамушы елміз. Алайда біз оның алдын аламыз. Әр адам өз еліне адал еңбек етуі керек. Сонда өзгеге де сыйлы болады. Анау парақор, мынау жемқор дей берсең, қоғамда сондай көзқарас қалыптасады. Әсіресе журналистер провикацияға, сенсацияға жақын өздеріңсіңдер. Қыста мектептің суығына тоңып, біреудің баласы үшін шыр-пыр болатын мұғалімдердің де құнын түсіресіңдер осылай. Ең ардақты, құрмет тұтатын маман иелерінің беделін осылай өзіміз түсіріп тастадық. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді. Еліміздің білім беру ошақтарында жаппай жемқорлық орын алып жатқан жоқ қой. Сондықтан өзіміз аз ғана халықпыз, жаманымызды жасырып, жақсымызды асыратын алмағайып уақыт қазір.
5. Ол рас, әлі күнге дейін біздің лицейде де ағылшын тілін жетік меңгерген мамандар тапшы. Алайда оқушыларымыздың іргетасын қалайтындай сауаты бар. Ай сайын тәжірибелік курстардан өтеді. Мұғалім болсақ та, оны өзіміз де оқимыз, үйренеміз, балаларға үйретеміз. Әу баста мұғалімнің жұмысы өмір бойы оқу, іздену, үйрену және өзгеге үйрету болғандықтан, қазір шет тіліне аса мән беріп жатырмыз.
6. Жоғарыда айтып өткенімдей, онсызда беделін түсірген еңбекқор жандардың, яғни өзімнің әріптестеріме көңілім толмайды деп ешқашан айтпаймын. Лицейде соңғы 3 жылда жұмысқа қабылданған мамандардың дені жастар. Жас екен, тәжірибесі аз, кеше ғана университет қабырғасын бітірген деп, ешкімді бөлген емеспін. Өз ісіне тиянақты ма, сабағын қызықты етіп өткізе ала ма, міне, мен үшін ең бастысы осы.
Қазақстан тарихында болды ма, болмады ма білмеймін, таяуда ғана Сүлеймен Демирел атындағы университетте Республикалық мамандандырылған мектептердің екі күнге созылған «Тамыз кеңесі» болып өтті. Бірінші күнгі шеберлік сыныптарын Астанадан келген әріптестеріміз өткізсе, кеңестің екінші күнін лицейіміздің жас мамандары өткізді. Көптің алдында өз инновациямызды көрсеткен жас мамандарымызға сол жердегі әріптестеріміз риза болды. Сондықтан зор сеніммен, нық айта аламын жастарға, оның ішінде жас мамандарға көңілім толады.
7. Елбасымызға өте ризамын. Атап айтқанда, дәл осы еңбегі үшін. Өте құнды, әсіресе ұстаздар, жалпы білім ошақтары үшін. Руханиятымызды жандандыруға, ұлттық құндылығымызды дәріптеуге, жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеуге арналған құнды жоба. Соның аясында біз оқушыларымыз үшін Семейде былтыр үш күндік экспедиция ұйымдастырған болатынбыз. Абайтану сабақтарының нәтижесінде оқушыларымыз Абай мен Шәкәрім, Жидебайды аралап, зиярат етіп, танымдық экспедициямыз көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Ендігі көктемгі демалыста үш жоба бойынша, оған ата-аналарды да тартып, 8 сынып оқушыларын Баянауылға жібереміз деп отырмыз. Одан кейін киелі Түркістан, Тараз деген сынды. Ұстаздарымыз осындай елді мекенге оқушыларымызды жай аралатып қана қоймайды, бармас бұрын сол өңір туралы ақпарат жинап, қасиетті жерді көзбен көріп, қолмен ұстауға, тағылымды әңгімелерді естуге барады.

Бейбітгүл Демеуова, жалпы білім беретін №67 мектеп директоры:

Ата-ана, бала, мұғалім бірлессе, сапалы білім де, тәрбие де болады

1. Әрине, қоғам алға қарыштап дамып жатқан кезде білім беру саласына өзгерістер өте қажет. Әлем өркениетінің жетістіктерін, ғылымы мен техникасын меңгеріп, оқушыларымыз, жалпы қазақ жастары соны терең білуі үшін саннан сапаға жұмыс жасауымыз керек.
2. Білім саласына еніп жатқан жаңартылған бағдарламадағы бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқытудан балаға ешқандай қиындық туындамайды. Қайта бір сөзді қазақша, орысша, ағылшын тілінде бірден біліп, тез қабылдайды. Жас кезінде бала барлық мәліметті жақсы қабылдай алады. Сондықтан көп тіл білгеннен баланың ой-өрісі өспесе, кері әсері болмайды деп есептеймін.
3. Білім ошақтарындағы білім сапасының жоғары болуы кадр мәселесіне келіп тіреледі. Бүгінгі таңда мұғалімдерді түрлі курстардан өткізіп, білімдерін жетілдіріп жатыр. Дегенмен де сол алған білімін тәжірибеде қолдана білу әр ұстаздың өзінің ізденуіне, оқуына байланысты. Сонымен қоса, мектептегі білімнің сапалы болуына баланың өзіне және ата-анасының талабына да байланысты. Баланың мектепке барып келгеніне ғана риза болмай, оның не оқып жүргенінен хабардар болып, бағыттап отырғаны жөн. Ата-ана, бала, мұғалім бірлесе жұмыс жасаған мектепте сапалы білім болады.
4. Заң жүзінде.
5. Біздің мектепте 3 ағылшын тілі мұғалімі қызмет етеді. 2 мұғалім жаңартылған бағдарлама курстарынан өткен, тәжірибелі мұғалімдер. Біреуі жас маман.
6. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, ЖОО келген жас мамандардың да бәрі бірдей емес. Олардың ішінде өте алғыр, білімді, бірден алға ұмтылатын мамандар бар. Әрине, көңіл толмайтын жағдайлар да кездеседі. Осы орайда, ЖОО-да оқып жүргенде мектептерге тәжірибеге көбірек шығып, болашақ ұстаздар мектеп өмірімен танысып, оқушымен тікелей байланысқа жиі шығатын болса, мектепке келген кезде батыл қадам жасар еді.
7. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай мен басқарып отырған білім ордасында да игі істер атқарылып жатыр. Атап айтсақ, «Үш тілде білім беру» бағдарламасына байланысты физика, химия, биология, информатика пәндерінен мұғалімдеріміз білім жетілдіру курстарынан өтіп, 2017-2018 оқу жылында физика пәнінен ағылшын тілінде сабақ өтуге эксперимент алаңында тұрмыз. Сондай-ақ, мектептегі балаға білім беретін мұғалімдер дені сау, рухани таза болатын болса, болашақ ұрпақтың да білімі жақсы болатыны сөзсіз. Сол мақсатта мұғалімдер арасында сенбі күндері салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі спорттық жарыстар өткізіп тұрамыз. Әрбір жасөспірімнің бойына ұлттық тәрбие отбасынан, мектептен берілетіні анық. Соған байланысты түрлі тәрбие сағаттарымен қоса мектеп радиосынан күнделікті үлкен қоңырауда «Туған жердің тарихы», «Тарихи тұлғалар» айдарымен мәліметтер дайындалып айтылады. Оқушыны патриотизмге баулу мектеп табалдырығын аттаған жерден бастап сезіліп тұруы тиіс. Осыған сәйкес есіктен кіргеннен бастап ұлағатты сөздер жазылып, оқушыға ой тастайтындай жасалған. Міне, біздің мектебімізде де осындай жанды жұмыстар жүргізілуде.

Баланы кемсітпе, жүрегін жаралайсың!

Ақтөбедегі № 55 орта мектеп соңғы қоңырау салтанатты кешіне оқушыларды алалап, іріктеп шақырғанын естіп, көңіл құлазыды. Бұл қайдан шыққан тәсіл? Жақсы оқитындарды шақырып, нашар оқитындарды шетқақпай еткені несі?
Көп ішінде ала да, құла да бар. Мектеп директоры нашар оқушы деп шетке қаққан шәкірті келешектің кемеңгері шығар, бәлкім. Олардың ойында осы бір келеңсіздік мәңгі қалып қоюы мүмкін. Ең бастысы жаны жарақат алады ғой. Әншейінде «тұлға қалыптырамыз» деп бар саналы ойымызды соған бағыштап, тыраштанатынымыз бар еді. Бұл іс пен әрекеттің қарама-қайшы болуы неліктен?
Мектеп бітіру кешін ұлан-асыр тойға ұластырып, елдің көңілін аударып жүргендер жетерлік. Ағаларынан, үлкендерден қалсын ба, қымбат көлікке мініп «қиқулаған» жастарды көрдік. Мұның шегі бола ма? Оған қой деп, мұндай шараларды аста-төк өткізбеу керек екенін айтатын мектеп, білім саласы басшылары қайда? Әлі де ата-аналар ақша жинап, мұғалімдердің «аузын майлайтын» әдет қалмай отыр. Осы оқу жылында осы жаман әдетке тыйым салса, шіркін! Қуанарлық бір жайды да айта кетейін, маңғыстаулық 1 топ мектеп бітіруші өрендері сырқат қызға бар той салтанатына жинаған қаражатын берген екен. Міне үлгі! Шапағаты мол іс екені даусыз. Екі түрлі ұғым, екі түрлі пайым.
Дегенмен уақыт өте келе жастардың ой-санасы толығып, ұлттың өсіп-өркендеуіне, рухани жаңғыруына мол үлес қосар деген үміт бар. Қазіргі кездегі кемшілік атаулыны ой таразысынан өткеріп, үлкендерден көрген құқайлары мен өз мүддесін ойлағандардың жолымен жүрмей, туған халқын қиындықтардан алып шығады деген үміт бар.

Құралай Есқұлова

 

Асқарбек Құсайынов, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар Академиясының президенті:
Жаңартылған білім жүйесіне мұғалімдеріміз дайын емес

Орта білім сапасын көтерудің Кешендік бағдарламасы жасалуы керек. Онда барлық жүйе құраушылардың сапасын көтеру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу жолдары, яғни қандай жұмыстарды қандай мекемелердің қалай, қашан атқаруы керектігі толық көрсетілуі тиіс. Осындай бағдарлама негізінде жұмыс жүргізілген жағдайда білім сапасы жаңа деңгейге көтерілетін болады.
Қазіргі уақытта жаңартылған білім алу мазмұнына өту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен оқу жылында 1-ші сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнымен оқытылды, ал биылғы 2017-2018 оқу жылында 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнымен оқытылатын болады. Осы 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарда оқитын оқушыларға сапалы білім беру үшін, бұл сыныптарға қатысты барлық жүйе құраушылары сапалы жұмыс жасауы керек, сонда ғана оқушылар жақсы білім алатын болады.
Біз, қазірдің өзінде, осы сыныптарға қатысты жүйе құраушылардың көпшілігінің сапасы өз деңгейінде емес екенін байқап отырмыз. Мысалы, дайындалған білім стандарттары мен оқу бағдарламаларына қатысты БАҚ-да көптеген сыни мақалалар жазылып, кемшіліктері нақты дәлелдермен анық айтылып жатыр. Әсіресе білім мазмұнының күрделілігі өте көп айтылуда, бұл шындық.
Білімде сапа болуы үшін жаңартылған білім мазмұнымен оқытылатын әр сыныпта осы мазмұнмен сабақ беру үшін арнайы дайындықтан өткен мұғалімдер жұмыс жасаулары керек. Бұл жұмыс та тиянақты атқарылды деп айту қиын. Себебі жаңа білім мазмұнының ескі білім мазмұнынан айырмашылығы өте үлкен.
Бұрынғы білім беру мазмұны «білім, білік, дағды» парадигмасына негізделсе, енді «нәтижеге бағдарланған, балалардың құзыреттіліктерін қалыптастыруға негізделген» білім беру парадигмасы негізінде білім берілуі керек.
Қазіргі уақытта мектептерде еңбек етіп жүрген мұғалімдеріміз мұндай тәсілмен сабақ беруге дайын емес. Түсініктірек болу үшін бірер мысал келтірейік. Химия пәні барлық мектептерде 5 жыл бойы оқытылады. Енді соншама жыл мектепте оқыған химия пәнінен алған білімімізді күнделікті өмір тіршілігімізде қаншалықты пайдаланып жүргенімізді ойластырып көрейікші… Басқа пәндер бойынша да осы сұраққа жауап беру қиын.
Беретін жауаптарымыз өзімізді қанағаттандырады деп айта алмаймыз. Себебі, біз нәтижеге бағдарланған білім алмадық. Сонда «нәтижеге бағдарланған білім деген не, мектепте алған білімін әр адам өзінің келешек тұрмыс-тіршілігінде пайдалана алуы үшін ол білім қалай берілуі керек?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Осы сұрақты тағы да Химия пәні арқылы қарастырайық.
Біз барлық дәмдердің химиялық құрамы бар екенін білеміз. Химия пәнін оқытқан уақытта жылқы, сиыр, қой, шошқа және құс еттерінің химиялық формулаларын жазып, солардың бір-бірінен ерекшеліктерін, олардың құрамына кіретін химиялық элементтердің қасиеттерін түсіндіретін болса, бұл балалардың есінде ұзақ уақытқа сақталып, олардың өміріне қажетті білім болар еді. Бұған қосымша осы еттердің құрамындағы элементтердің адам денсаулығына пайдасы айтылса, ол білім олардың жеке бастарына керекті болғандықтан, олар оны ынталана оқитын еді.
Осылай жеміс-жидектер, басқа да көптеген дүниелер өмірге қажеттілік тұрғысынан оқытылса, онда барлық балалар химия пәнін қызыға оқып және бұл пәннен мектепте алған білімдерін алдағы өмірлерінде пайдаланатын еді.
Бұдан барлық химия сабақтары тек осылай оқытылуы керек деген қорытынды шығаруға болмайды, мұны берілетін білімді өмірдегі жағдаяттарға қатысты оқытудың бір жолы деп қана қарастыру керек.
Мектепте оқытылатын барлық пәндердің әр тарау, әр бөлімін мұқият зерделеп, баланы ерекше ынталандыратын осындай бір жолдарын табу керек. Біз 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарда сабақ беретін барлық мұғалімдерді алдағы оқу жылында осылай білім беруге қажетті дайындықтан өткізе алдық па? Жоқ, өткізе алмадық. Демек, бұл ұстаздар нәтижеге бағдарланған білім бере алды деп айту қиындау.
Біз мектепте балаларға еш қажет емес артық дүниелер беріп, жүйкелерін бостан-босқа жұқартып, оларды ғылымнан бездіріп жатқан секілдіміз. Оқулықтар да қажетсіз материалдармен ауырлап кеткен.
Осы ойымды бір ғана мысалмен дәлелдеп көрейін.
Мектепте балалар әр пәннен күніне, кем дегенде, 3 бет сабақ оқиды. Күніне 4-5 сабақ болса, олар бір күнде 12-15 бет, аптасына, 5 күнде — 60-75, айына 240-300 бет сабақ оқитын болады. Ал бір оқу жылында қанша бет сабақ оқитынын өзіңіз есептей беріңіз. Бір аптада, бір айда, жылды айтпағанда, оқыған осынша бет дүние баланың есінде қала ма, әлде олар 1 жұмалық, 1 айлық немесе 1 тоқсан ғана есте болатын, содан кейін ұмытылып кететін дүниелер ме? Өкінішке орай, қазіргі уақытта мектепте оқушыларға оқытылатын дүниелердің көпшілігі тез ұмытылатын, есте қалмайтын және олар оны алдағы өмірлерінде, тұрмыс-тіршілігінде пайдалана алмайтын дүниелер болып тұр.
Әрине, тек бір ғана сыныпта оқушыларға сапалы білім беру үшін, яғни оның барлық жүйе құраушыларының сапасын көтеру үшін, көптеген ғылыми мекемелер мен орталықтар, жоғары оқу орындары, колледждер, мектеп ұжымдары, ғалымдар мен ұстаздар, оқу әдебиеті авторлары мен баспалар бірлесе отырып, алдын ала үлкен дайындық жұмыстарын жүргізулері керек. Сонда ғана осы сыныпта сапалы білім берілетін болады.
Шындығында 1 жылда 3 сыныпты жаңартылған білім мазмұнымен оқыту үшін қыруар іс атқарылуы керек. Және бұл жұмыстар сапалы әрі жүйелі түрде атқарылған жағдайда ғана білімде сапа болады. Өкінішке қарай, қажетті дайындық жұмыстары сапалы деңгейде атқарылмай отыр. Барлық құраушылардың сапасын көтеруде көптеген кемшіліктерге жол берілуде.
Биылғы оқу жылында 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарды жаңартылған білім мазмұнымен оқыту Қазақстан Республикасындағы Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген. 2018-2019 оқу жылында 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып оқушыларын жаңартылған білім мазмұнымен оқыту жоспарланған.
Біз бір оқу жылда 3 сыныпты бірдей жаңартылған білім мазмұнымен оқытуға көшіру барысында орын алған барлық қиындықтарды, дайындық жұмыстарының сапалы атқарылмай отырғанының объективті және субъективті себептерін ашық айтып, Үкіметке, осы бағдарламаның жаңартылған мазмұнмен оқыту кестесі берілген бабына өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасау керек деп ойлаймыз. 2018-2019 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнымен тек қана 3-ші сынып оқушыларын оқыту керек. Бұл уақытта тиімсіз жұмсалып жатқан миллиардтаған теңге қаражат үнемделіп, білім беру сапасын ғылыми негізде тиянақты түрде көтеруге болады. Басты мақсат та осы ғой.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан 2050 жылға дейін әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елі қатарына енуі тиіс деген болатын. Ал осы 30 елдің қатарына қосылу үшін білім беру сапасы да алдыңғы 30 елдің білім беру сапалары деңгейіне көтерілуі керек. Біз дамыған 30 ел мен орта білім беру сапасы озық дамыған 30 елді салыстырып көрдік. Орта білім сапасы озық дамыған 30 елдің 90 пайызына жуығы дамыған 30 елдің қатарынан орын алған. Бұл ел экономикасын дамытуда орта білім сапасының маңыздылығын тағы да дәлелдей түседі.
Білім сапасын құраушылардың ішінде тіл туралы ештеңе де айтылмаған. Неге? Себебі, тіл — оқу құралы. Әр елде өз оқу құралы, яғни ол елдің балалары еркін сөйлейтін өз тілі бар, сол тіл ол елдің оқу тілі, яғни оқу құралы ретінде пайдаланылады. Сіз Германияға барып, балаларыңыз физика пәнін жақсы білім алуы үшін оларға физика пәнін ағылшын тілінде оқыту керек десеңіз, олар сізге не айтар еді?..
Біз екі нәрсені шатастырмауымыз керек: бірі — ғылымды меңгеру; екіншісі — шет тілін үйрену. Бұлар орта мектеп деңгейінде бір-біріне мүлдем қосылмайтын дүниелер. Мектептің басты мақсаты — онда оқытылатын пәндерден балаларға жақсы, іргелі білім беру. Ол білімді жақсы меңгерген бала мектеп көлемінде шет тілінің негізін де жақсы меңгерген болса, онда ол алдағы өмірінде екеуін өзі-ақ жалғастырып, физика, химия, тарих, әдебиет, тіпті тіл және басқа ғылымдардың бірін терең меңгеру жолына еркін түсе алады. Сондықтан шет тілі балаға мектеп аясында берілетін ғылымдар негізін меңгеру үшін емес, келешекте сол ғылымдардың бірін таңдағанда бәсекеге қабілетті жақсы маман болуы үшін керек.
Миллиардтаған қаражат жұмсап, ешқандай нәтиже бермейтін курс ұйымдастырғанша, сол қаражатқа ЖОО ағылшын тілі бөлімдерін ашу керек.

Айнара Ашан,
«Қазақ әдебиеті» газетінен

 

Бағдарламада қазақ әдіскерлері неге жоқ?

Әлемдік білім стандарттарына толық сай келу жолында жасалынып жатқан реформаларда шек жоқ. Отандық білім саласына соңғы бірнеше жылдан бері сіңіп келе жатқан орта мектептердегі білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу мәселесі алғашқы орында тұр. Жаңартылған мәселенің мәйегі мен оның енгізген жақсы-жаман жаңалықтары қандай?
Дәстүрлі білім беру жүйесінен кезең-кезеңімен жаңартылған білім мазмұнына көшіп келеміз. 2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7-сыныптар осы жаңа мазмұнды бағдарлама бойынша білім алмақ. Оқыту қазақтілді емес мектептерде қазақ әдебиеті жеке пән болу құрметінен қағылып, «қазақ тілі мен әдебиеті» деген бір атауға ғана ие болды. Жаңашылдық нәтижесінде қазақ әдебиеті пәні қазақ тілі пәніне кіріктірілді. Билік осылай тіл мен әдебиеттің егіз ұғым екенін «терең пайымдап», оларды шынында да бір атты қос егізге айналдырды. Бұны қазақ әдебиетінің өзге ұлт мектептерінде қысқартылуы деп түсінсе дұрыс па? Әлде қазіргідей кесапаты мол, жеткіншегі теріс ықпалдың шылауында кету қаупі мол алмағайып заманда дәл бір қажет шақта «әдейі» жасалған «сәтті қадам» деп білген жөн бе? Не десек те, бұл кіріктіру бағдарламасы Қазақстан Рееспубликасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 23 қарашадағы №668 бұйрығымен бекітілген. Осылайша жоғары тарап «негізгі орта білім беру деңгейінің 5, 7-сыныптарға арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасын» бекітті. Яғни, енді бұйрыққа бағыну ғана қалды. Бір ғана түсінбейтініміз — қазақ әдебиетін қазақ тілі пәніне телімей, жеке пән ретінде қалдырсақ, жаңармай қаламыз ба? Жаңарып, түлеу үшін бір құрбандық жасау шарт па? Осыдан кейін кітап оқымайтын бала мен қазақ ұлыларын танымайтын тентектердің көбейері өз-өзінен түсінікті. Бұрын 5-сыныптан бастауын алатын қазақ әдебиеті пәні енді қазақ тіліне кіріп кетуі кездейсоқ құбылысқа ұқсамайды. Өйткені бұл жылдар бойы дайындалған, әбден «илеуі қанған» бағдарлама емес пе? Ал жеке-дара оқытылудан қалған әдебиетіміз жаңартылған бағдарламада 5, 7-сынып «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтарында қаншалықты айшықталғанын алдағы уақытта айтатын боламыз. Сонымен, жаңарту қазақ әдебиеті пәнін телмеңдетуге алып келді. Және бұл үдеріс алдағы оқу жылдарында да кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек.
Қазақстан әлемдік білім стандартына өзінің ұлттық сипатымен енетіні төңірегіндегі ұғым айтыла-айтыла жатталып та кеткендей еді. Ал мына жаңартылған білім беру бағдарламасын зерделеп қараған адамға оның ұлттық сипатының тым солғындығы көзге түспей қоймас. Біліктілік курстарынан өтетін ұстаздар арасында көп айтылатын, бірақ жауабы жоқ бір сұрақ: «Неге жаңартылған бағдарламада бірде-бір қазақ әдіскерінің, ұлттық психологияның өкілдерінің есімдері жоқтың қасы?» Әлде жаңартылған бағдарламаға қазақстандық ғалымдар атсалыспаған ба?Жаңашылдықтың төресін тап бір көктен түсіріп алғандай болмай, өзіміздің ұлттық түп-төркінімізді неге ұмыт қалдырдық? Блумның атын жаттамаса, Левельттің төрт үдерісін тақпақтата айтпаса, қазіргі мұғалім жаңашыл болмай қала ма? Жаңару түбегейлі өзгерістер шеңберінде дүниеге келгені рас, әйткенмен ұлтымыздың ұлы ғалымдары, әдіскерлері мен психологтары бір шетке ысырылып қалғаны қалай? Ұлттық намысты түрткілейтін бұл ахуалдың артында не жатқаны түсініксіз. Бенджамин Блум америкалық оқу әдістемесінің психологы екен, ал А. Байтұрсынов кім деген кем тұтушылық па? Ал Америка психологы американша ойлап, ағылшынша дәлелдеген әдіс-тәсілдерін өзімізге құйып алып, «су жаңа» болып шыға келдік. Қазақстандық патриот тұлғасын қалыптастыру мақсатында өзіміздің ғылым шыңындағы тарландарымызды да қоса алсақ, жаңашылдықтың қай мазмұны болсын ұлттық тұрғыдан байып, үйлесе кетпес пе еді.
Ал аталған бағдарламаның басты ерекшеліктері мынадай деп танылып отыр: 1. Оқу дағдылары (оқылым, айтылым, тыңдалым, жазылым). Қазір біржолата қол сілтеп отырған кешегі кеңестік білім беру жүйесінде бұл оқу дағдылары қарастырылмады дегенге кім сенеді? Қазақ әдебиеті мен ғылымының алтын ғасыры ХХ ғасыр екені даусыз. Ендеше, кеңестік білімді жоққа шығару да бекер тәрізді.
2. Шығармашылық ойлау дағдысы.
3. Сыни ойлау дағдысы һәм проблемалық ойлау дағдысы мен технологияларды қолдану дағдысы т.б.
Тағы бір айрықша айтатын жайт — жаңашылдықтың оңайдан қиынға қарай шиыршық түрде оқытылуы. Спиральді оқыту деп аталатын бұл ерекшелік Кеңес кезіне де аса жұмбақ болмағаны ақиқат. Оңайдан күрделіге қарай өзара жалғас білім беру үдерісі ол кезде дәл бұлай аталмаса да, іс жүзінде болған. Сондықтан өткенге салауат айтып қана келешекке кепіл болар білім таба аламыз. Шеттің оқыту әдістемесін мүлде соны көріп таңырқай бермей, өзіміз де қолданғанбыз, түгелдей болмаса да, элементтері бұрыннан бар деп, неге жасқанбай айта алмаймыз? Классик жазушыларымыз, тұңғыш ғарышкеріміз, тіпті Елбасымыздың өзі де сол кеңестік жүйеде білім алғандар. Яғни қазір оң нәтижесін көріп отырған өткенімізге өкпе арта бермей, оның қажет тұстарын сақтай отырып, өзіндік жаңашылдыққа ұмтылсақ жарар еді. Ал бізде ешбір әдістеме әлеуеті болмағандай, бөгденің барына бас ұрып, оны айна-қатесіз көшіріп алсақ, қазақстандық білім саласы деген атаудың өзі артықтық етер. Әлемдік білім саласына қазақстандық білім беру жаңалықтары болып неге енбейміз? Тек шетелге еліктеп жаңармай, өзімізше, яғни қазақша түлесек қайтер еді?! Қазақша жаңартылған бағдарлама туар болса, онда қазақ әдебиеті пәніне орын табылар ма еді, кім білсін…

Айзат Рақыш

 

ЖОО-ДА ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚТАР НЕ СЕБЕПТЕН ТӨМЕН ДЕҢГЕЙДЕ ӨТЕДІ?

Бұл дәрменсіздік пе, әлде…

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жоғары оқу орындарын аяқтап, үлкен өмірге жолдама алған жастардың білімді де білікті маман болуы үшін көп үйреніп, көп ізденуі жайлы ойлар айтылған. Шынында да, жоғары оқу орындарында білім алып, практикалық сабақтарды терең меңгерген жастардан іскер басшы шығатыны сөзсіз. Осы орайда өзім көріп жүрген, отыз жылдан астам қызметімде орын алған жайларды ортаға сала кетсем артық болмас.
Еліміздің бірқатар білім ордаларының, әсіресе жеке оқу орындарының өндіріспен кәсіби қатынасы, жасырары жоқ, тек қағаз жүзінде ғана орындалып, іс жүзінде бағытты да бағдарлы жүзеге асып отырған жоқ. Басты кілтипан — мамандандырылған практикалық оқу жүйесінің жеке пәндер бойынша қалыптастырылмауы. Кеңес дәуіріндегі оқу, ғылыми-зерттеу тәсілдері бүгінде ескірген, оларды жаңарту үшін соған сәйкес оқу базасы керек. Демек, білім ордаларының басым бөлігі жеке оқу орындары болғандықтан, тиісті оқу базасын жетілдіруге мүмкіншіліктері белгілі бір шеңберден аса алмай жатады. Өкінішке орай, осындай жәйттер бірқатар мемлекеттік білім ордаларында да дәстүрге айналып барады.
Кезінде инженерлік мамандықтар 5 жылға жобаланып, білім алу процестері кезең-кезеңмен жүргізіліп отырды. Онда алғашқы екі жыл жалпы инженерлік бағытта өрбісе, келесі жылдар тікелей мамандандырудың еншісіне тиді. Күнделікті сабақтардың әрқайсысы академиялық екі сағатқа жұпталып, қалыптасқан жүйеде жүзеге асырылды. Бастауыш курстардың өзінде екі апталық оқу практикалары жүргізіліп, студенттер кәсіби құрал-жабдықтармен танысушы еді, оның соңы есептік сабақпен аяқталатын. 3-4 курстардан соң 2 айлық технологиялық практикалар орындалатын. Жекеленген мекемелерге немесе өндіріс орындарына студенттер ақылы іссапарға аттандырылатын. Оларға арнайы жетекшілер де бекітілетін.
Осындай практикаларды біздер Өскемен құрылыс-жол институтында (қазіргі Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті) 5 жыл көлемінде толық көлемде қабылдадық және атқарған істерімізге теориялық-практикалық есеп бердік. Бірқатар студенттер Шығыс Казақстан, Семей және Талдықорған облыстарының жергілікті жолдарында техникалық құжаттандыру жұмыстарына араласты (1980-82 жж.). Студенттік құрылыс жасақтарында жетекші немесе іс шебері ретінде қатысу бізде ғана емес, бүкіл Кеңес территориясында қалыптасқан дәстүр болды.
Бүгін ше?.. Не себептен сол Кеңес кезіндегі жолын тапқан кейбір тамаша практикалық әдістемелерден қазіргі Білім беру жүйесі бірден шығып кетті? Оның орнын толтыратын практикалық жаңа оқу жүйесі де толық маңыздылықта қабылданды деуіміз асығыстық сияқты. Не мақсатпен практикалық сабақтардың 3 деңгейлі өтуі бүгінгі білім жүйесіне ұнамады, әлде бұл дәрменсіздігімізден туып отырған амал ма, әлде білім беру жүйесін екі сатылы (бакалавр, магистратура) жүруіне қалыптастырылған жаңа бағыт па? Бірақ бакалавр жүйесінің өндіріспен байланысы тым төмен, өйткені практика өтетін өндіріс орнымен студент өзі келісімшартқа отырады. Оның немен аяқталып жатқаны өндіріс орындарына жақсы мәлім. Сондықтан болар, олардың қай-қайсысы болмасын жас түлектерге көңілдері тоқ емес, оларға бірден жауапты істерді сеніп тапсыра бермейді.

Жас мамандарды жұмысқа алу процесінде жүйе жоқ

Қазіргі таңда жас мамандарды жұмысқа алу процесі мемлекеттік деңгейде жүйеленбеген. Дәлірек айтсақ, Білім және ғылым министрлігінде практикалық оқу жүйесіне арналған дәйекті бағдарлама да жоқ, оларды қаржыландыратын гранттар да қарастырылмаған. Өндіріс орнын көрмей-ақ жас түлектер жұмысқа тамыр-таныстық, жекжаттық жолмен орналасып алады. Басты кілтипан — білім ордасы мен өндіріс арасындағы кәсіби байланыстың іс жүзінде емес, қағаз жүзінде ғана жүргізіліп отыруында. Әрі өндіріс орындарының барлығы дерлік жеке басқарылымда, олар жас маманды алып, онымен 3 жыл көлемінде тәжірибе өткізуге еш дайын емес. Сондай-ақ, бұл әрекет оларға экономикалық тұрғыдан да тиімді бола бермейді.
Осындай ойлар Алматыдағы Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары академиясының мамандарын да толғантып отыр. «Ойды ой қозғайды» дегендей, мен осы мекеменің ректоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Р.Ә. Қабашевпен осыдан 7 жыл бұрын ой бөліскен едім. Бұл арада аталмыш Академия базасында жол-өндірістік зертхана ашу мен оған студенттерді өндіріске тарту мәселесі талқыланды. Екеуара жүргізілген пікір тұп-тура бір жылға созылды. Мен өз тәжірибемде болған жайттарды ортаға салдым.
2004-2006 жылдар арасында мен Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі Көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқардым. Осы аралықта министрлікте Қазақстан автожол саланың 2006-2012 жылдар аралығында дамыту мен ҚР автожол саласына «Облжолзертхана» Мемлекеттік мекемелерін ашу бағдарламалары қатар әзірленді. Бағдарламалар өте сәтті әзірленіп, бірден жүзеге асырылу істері жүріп кетті. Міне, маған да ойтүрткі болған осы бағдарламалардың еліміздің автожол саласына өте сәтті енгізілуі болды. Сол жылы Көлік және коммуникациялар министрлігі аса маңызды үшінші бағдарламаны бекітті. Ол Қазақстанда аймақтық оқу орталықтарын ашу еді. Бұл оқу орталықтарының мақсаты саланың мекеме басшыларын, инженерлік қызметкерлерін, жұмысшы мамандарының кәсіби деңгейін көтеру болды. Осындай оқу орталығының бірі Алматы қаласындағы «КазжолҒЗИ» АҚ-на тиісті болды. Мекеме басшылығы осы іске мені жауапты адам ретінде бекітіп, оқу орталығына басшы етіп тағайындады.
Саралап қарасақ, кәсіпкерлердің біліктілігіне автожол саласының басшылығы ерекше мән беретіндігі байқалады. Менің ректормен пікірім де осы тәжірибелерден туындаған еді. Осыдан кейін мемлекет жастардың біліміне мән бермейді дегенге өз басым сене бермеймін, бастысы кәсіби мамандар мен ғалымдар тарапынан дәйекті ұстаным жоқ па деген пікірдемін.
2011 жылы жоғарыда аталған білім ордасы өзінің оқу базасында жол-сынақ зертханасын ашып, оны Қазақстан Республикасының нормативтік талаптарына сәйкес аттестациядан өткізді. Сол жылы зертхана Жамбыл облысының 2450 шақырым жолына диагностикалық зерттеулер жүргізіп, техникалық құжаттандыру жұмыстарын екі жыл көлемінде сәтті аяқтады. Бұл техникалық жеке білім ордаларында жүргізілген алғашқы ғылыми-зерттеу жұмыстары десем, артық айтпағаным болар. Өйткені ғылыми-зерттеу және инженерлік қызмет көрсету жұмыстары 2012 жылдан бастап өзінің ауқымын одан да зор кеңіте бастады. Жергілікті жолдармен қатар ведомствалық жолдардың жаңа құрылыстары мен қайта салу жобалары да зертхананың қоржынын толтыра бастады. 2014 жылы зертхана базасы Ғылыми-өндірістік департаментіне (НПД КазАДИ) ауысты. Департамент құрамы 3 бағыттан тұрады, олар: техникалық жоспарлау бөлімі, сынақ зертханасы және құрылыс мамандарының біліктілігін көтеру орталығы.
Бес жыл көлемінде зертхана 2 рет мемлекеттік аттестациядан өтіп, аккредитациялық құжатқа ие болды. Департаменттің зерттеу аумағы республикалық маңыздылықтағы жолдармен толықты. Өткен жылдан бастап Департамент «Қандыағаш — Комсомол — Денисовка — Рудный — Қостанай» автожолындағы Тобыл теміржол көпірінің құрылысына техникалық бақылау жұмыстарын жүргізіп келеді. Сайып келгенде, ҚазАДИ Ғылыми-өндірістік департаменті 6 жыл көлемінде 10-нан арта мемлектеттік тапсырыстармен және 20-дан астам мердігерлік мекемелердің, мемлекеттік ведомствалар мен ұжымдардың инженерлік қызметке жасаған тапсырыстарын орындап, Қазақстан автожол саласында өзіндік орын алып отыр. Департамент құрамы негізінен академия түлектерінен жасақталған. Сонымен қатар, өндіріс орындарынан әккі мамандар шақырылып, Департаменттің кәсіби деңгейде көтерілуіне мүмкіндіктер жасалуда.
Департамент зертханасында небір ғылыми зерттеулер жүргізіліп, оның кейбір озық нәтижелері республикалық патенттерге ие болуда. Солардың бірі — жоғары қарқындылықтағы автомобиль жолдарындағы қысқы тайғақтыққа әзерленген технология. Бұл технологияда химиялық реагенттерді сұйық күйде пайдалануға қажетті қондырғы болып отыр. Сұйық реагенттерді жол бетіне сұйық күйде шашу — Қазақстанда тәжірибеленбеген технология. Бұған басты қолбайлау — сол сұйық реагенттерді әзірлейтін арнайы қондырғылардың автожол саласында жоқтығы. Сол сияқты, Қазақстанның Оңтүстік өңірінде орын алған бірігу мүмкіндігі аса төмен топырақтарды жол үйінділеріне пайдалану мәселелерін шешу де осы зертханада зерттелді. Департамент мамандары шетелден алынған біріктіру қасиеттері жоғары материалдардың техникалық сипаттылығын зерттеп, олардың топырақ құрамына шашу нормаларын аталмыш өңірдің климаттық және топырақтарының сипаттылықтарына қарай анықтады. Аталмыш зерттеулер жас ғалымдардың диссертациялық зерттеулері негізінде жүргізілді.
Бүгінде Департамент зертханасы 15 бағытта сынақ жұмыстарын жүргізуге толық мүмкіндікте және соның ішінде 100-ден аса сынақ жұмыстарын орындай алады. Білім ордаларын ғылыми-өндірістік іске қосу мен осы негізде болашақ мамандарды өндіріске машақтандыру үлгілерін ғылыми-әдістемелік жаңалық деп қарауға толық негіз бар. Білім ордаларында кәсіби сынақ зертханаларын ашпайынша және оларды бір жүйеге келтірмейінше, жас мамандарды өндіріс орындарымен тығыз байланыстыру орындала қоятын іс емес. Білім және ғылым министрлігі Қазақстан автожол саласында жүзеге асқан «Облжолзертхана» ММ мен аймақтық Оқу орталықтарын ашу тәжірибелерін және Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары академиясының жеткен жетістіктерінің негізінде Барлық білім ордаларына осы бағытта грант беру бағдарламасын шешсе, қазақстандық білім ордаларында әзірленген мамандарға технологиялық практикалар ашудың жаңа тынысы ашылған болар еді.
«Көш жүре түзелер», болашақтан үміт күткен халықпыз ғой, бір жүйелі іске бағытталайық, әріптестер. «Алыста алтын бар екен, барсақ бақан да жоқ» деп жүрмелік.

Әбді Қиялбаев, Л. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары Академиясы ғылыми-өндірістік департаментінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор.

(340)