Алға Асанов: «Қазақстан ZAMAN»-ға, «Хабарға» және Орынгүл ханымға алғысым шексіз

«Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы» мемлекеттік мекемесі Астанадағы кешенді емдеу мекемелерінің ішіндегі бірегейі есептеледі. Оған «Медициналық орталық күзетілетін тұлғаларды, мемлекеттік қызметшілерді, одақтық және республикалық мәндегі дербес, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлерді, жоғары дәрежелі ерекше белгілермен марапатталған тұлғаларды және азаматтардың жекелеген санаттарын медициналық көмекпен, санаторлық-курорттық қызметтермен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік органның қызметтерін бақылау және іске асыру құзыреті шегінде жүзеге асыратын ведомство болып табылады» деген анықтама берілген. Жақында бір азаматтың көңілін сұрау үшін осы орталыққа арнайы бардық. Бұл «Қазақстан ZAMAN» газетіне 2009 жылдан таныс азамат Алға Асанов еді. Өзім Алғамен алғаш рет кездесіп отырсам да, ол өз бауырын көргендей жайраңдап қарсы алды. Денсаулығы жақсы, көңілі көтеріңкі екен. Газет ұжымына алғысын жаудырып жатыр. Біз де көп тосылмай әңгімемізді бастап кеттік.
— Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының тумасымын, жасым биыл 43-ке толды. Үш балам бар, ел қатарлы өмір кешіп жүріп, 2009 жылы кенеттен созылмалы бүйрек ауруына шалдықтым. Содан 3-4 жылдай аурумен арпалысып, қиналып жүрдім, өкінішке қарай, үш баланы жалғыз өзім бағуыма тура келді. 2013 жылы амалдың жоқтығынан БАҚ арқылы қоғамнан көмек сұрадым, телеарналардан журналистер келіп, менің науқасым мен отбасылық қиыншылығым туралы сюжет түсіріп таратты. Баспананың жоқтығын айтпағанда, азық-түліктен де қинала бастаған едік ол кезде. Сол телеарнадан көрсетілгеннен кейін көп өтпей маған бір апа телефон соқты. Дауысы құдды анамның дауысындай. Менің xал-жағдайымды теледидардан көргенін айта келіп, өзін таныстырды. «Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газеті бас директорының бірінші орынбасары Сәуле Мешітбайқызы деген апаң боламын. Үмітіңді үзе көрме, айналайын, кеше телеарнада сені қыспаққа алыңқырап жіберді-ау деймін. Барлығы орнына келер, қобалжыма», — деп жұбата сөйледі. Сөйтіп, маған ақпараттық қолдау көрсететіндігін айтты. Газеттің ОҚО-дағы тілшісі Шадияр Молдабекті арнайы жіберіп, менің жағдайымды егжей-тегжейлі жазып, «Шымкент қаласы әкімінің назарына» деген атпен жалпыға жария етті. Араға біраз уақыт салып, оңтүстікке келген сапарында өзі арнайы келіп жолықты. Қалалық әкімшілікке менің жағдайымды айтып, үлкен өтініш жасады. «Мына азамат менің ешкімім де емес еді, науқасқа шалдығып, қиыншылыққа түсіп жатыр екен, қазақтың бір азаматы ғой, осыған бір жәрдем беріңдер», — деді. Алла сәтін салып, қалалық әкімдіктен баспанаға ие болып шыға келдік. Қазір сол үйде тұрып жатырмыз. Онан кейін Алла Тағала сәтін салып, медицина ғылымының докторы, нефролог Орынгүл Жақсыбайқызымен жолықтырды. Сәуле апайға xабарласып, жақсы дәрігермен танысқанымды айттым. Ол кісі бірден Орынгүл xаныммен байланысқа шықты. Көп ұзамай Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығына шақыртылдым.
«Хабар» арнасының «Нүкте» деген айдары арнаулы түсірілім жасады. Сол бағдарламаға келіп қатысқан Сызғанов институтының дәрігерлері өздерінің бар мүмкіндіктерін пайдаланып, маған көмек беретіндіктерін айтып, уәде берген еді. 2015 жылы шілденің 10-ы күні мені жедел түрде Алматыға шақырды. Сол арада барлық анализдерімді алып, түрлі тексеруден өткізгеннен кейін, маған мәйіттен бүйрек алып салу отасын жасап, бір-ақ шығарды. Марқұмның жақындарының келісімімен болды. Міне, содан бері жап-жақсы өмір сүріп келемін.
Науқас адамның бұдан артық қандай қуанышы болсын?! «Қазақстан ZAMAN» газетіне, «Хабар» арнасына, Орынгүл xаным бастаған ақ халатты жандарға алғысым шексіз!
Алғаның ауруына қолынан келгенінше жәрдемін жасап жатқан ақ халатты абзал жанмен жолықпай кету қисынсыз еді. Бізді медицина ғылымдарының докторы, жоғары дәрежелі нефролог Орынгүл Жақсыбайқызы Нарманова да жылы қарсы алды. Алғаның науқасы, жалпы емделу барысы туралы білгіміз келетінін жеткіздік.
— Осы емхананың ақылы бөлімінің бас меңгерушісі болып жақында ғана ауысып келдім. Асанов Алғаны бірінші рет 2014 жылы «Хабар» арнасынан көрдім. Ол кезде Шымкенттегі Жедел жәрдем ауруxанасында бас нефролог болып жұмыс істейтінмін. Үш баласы бар екенін, әйелінің тастап кеткенін естігенде жүрегім қатты ауырды. Бізге бір-екі рет аса ауыр жағдайда келіп, ем қабылдап қайтты. Мен іштей көмек берсем деген ойға келдім. Алматыдағы Сызғанов атындағы Ғылыми xирургия орталығына жұмысқа шақырту алып, институттың бүйрек трансплантологиясы бөліміне жауапты болдым. Сонда қызметте жүргенде Алғаға бүйрек салдыруға көмектестім. Алғаның жағдайы жеке бақылауымда. Облыс орталықтарында білікті мамандар тапшы ғой, сол себепті Алғаны осында шақырдық. Мұнда урологтар мен басқа да мамандар тексеріп қарап шықты. Жағдайы жақсы.
— Осындай трансплантация жасау жөнінен отандық медицинаның деңгейі қандай?
— Бүйрек трансплантологиясы төңірегіндегі жұмыстар елімізде 2010 жылдан бері дами бастады. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 8 орталықта осындай отаны жасай алады. Отаны жасауды, бүйректі көшіруді меңгерген xирургтар көбейіп келеді. Ал жалпы еліміз бойынша 5000-ның төңірегіндегі науқастар гемодиализдің көмегімен қан сүздіру арқылы өмір сүріп жатыр.
Ал жалпы, Қазақстанда өз азамат-тарымызға бүйрек ауыстыру отасы тегін жасалады. Мәйіт донор болсын, тірі донор болсын, лайықты донор табылса болғаны. Еуропа елдерінде гемодиализ болсын, трансплантация болсын 1000 аппарат немесе көшірілетін ағза 1000000 адамға тура келеді. Ал бізде миллион адамға 100-150-ден. Яғни миллион адамның ішінде 150 адамға ғана жеткілікті аппарат пен мүмкіндік бар деген сөз. Бұл — өте төмен көрсеткіш. Егер біздің елде мәйіт донорлығы көбейсе, бұл қиыншылықты шешуге көп септігін тигізер еді. Ал тірі донор болудың қиыншылығы өз алдында. Ал ота жасау теxнологиясы ешкімнен кем емес.
— Әңгімеңізге рақмет!

(15)