Алматыда «Star of Asia» халықаралық музыкалық фестивалі болды

Алатауда шырқалған әнді бүкіл әлем тыңдады

Алматыда 19-20 тамыз аралығында ерекше форматтағы «Star of Asia» халықаралық музыкалық фестивалі мұз айдыны «Медеуде» өтті және оған әлемдік деңгейдегі әртістер қатысты. Ашылу салтанатында шырқалған әндердің көбісі ару қала — Алматымызға арналды. «Дос Мұқасан» тобының «Алматы түні», Әли Оқаповтың «Алматы — любимый город», Ерболат Құдайбергеннің «Алматинское лето», Қайрат Нұртастың «Алматының түндері-ай» сынды әндері көрермендердің қошеметіне бөленді.
Шараның ең әсерлі, жүрек тебірентер сәті «Бала дауысы — 2016» байқауының жеңімпаздары орындаған әнші, музыкант Батырхан Шүкеновтың әні болды.
Фестиваль Алатау баурайында ашық аспан астында өткендіктен, табиғатпен үйлесім тауып, әсерлілігі арта түсті.
«Алматыға ат басын тірейтін жұлдыздардың санына қарай «Сан Ремо», «Славянский базар», «Новая волна» сияқты континентальді маңызға ие фестивальға айналып, жыл сайын өткізіледі деген үміттеміз», — дейді ұйымдастырушылар. «Star of Asia» фестивалі туралы Алматыға арнайы келген «Euronews» арнасының түсірілім тобы да жан-жақты ақпарат таратумен қатар, 118 елде тікелей эфир арқылы трансляцияланып, АҚШ-та, Канадада, Францияда, Германияда, Кореяда, Жапонияда, Ресейде, Қытай, Түркия және т.б. елдерде көрсетілді. Ерекше форматтағы музыкалық фестиваль Алматыда алғаш рет өткізіліп, «Азия дауысы» дәстүрлі музыкалық байқауының символикалық жалғасына айналғандай. Бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бастамасы аясында Алматының қала күніне арналған шараларының бірегейі болмақ.
Айман Рамзия

(20)