Көгілдір Көксу — атамекенім

«Әркімнің  туған  жері — Мысыр  шаһары» деген сөз бар.  Жетісу өңірінің бел ортасында орналасқан Көксу деген аудан бар. Бұл жай ғана Көксу  деп  қоймай, көгілдір  Көксу   ақындар мен батырлардың мекені деп те аталып жүр.  Оның себебі бұл ауданда талай дүлдүл  ақындар   мен  жаумен шайқасқан батырлар дүниеге келіп, өмір сүрген. Олардың қатарында Жетісу  ақындарының атасы Қабан жырау бабамыз да бар. Мәйке ақын, Мәулімбай, Аталық шешен,  Есенгелді ақын, олардың ізін жалғастырушы  Қалқа ақын мен «Алаш» сыйлығының иегері,  ақын  Зайда Елғондинова болса, атақты кино әртістері Әлімғазы Райымбеков, Нұржұман Ықтымбаев, суретші Марат Нүсіпов, театр өнерінің майталманы  Болат  Атабаевтар бар.  Күні кешегі күркіреген  неміс басқыншыларымен болған  соғыста ерен  ерлік көрсеткен Иван Щадрин, Мұсабек Сеңгірбаев, Темірғали Исабаев, Биғайша Құндақбаева, Есімбай Исанберлинов   және тағы басқаларының есімдері де ел есінде.   Одан кейін өткен ғасырда   ауданның  әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосқан 15 Социалистік Еңбек  Ерінің   шығуы  көп нәрсені аңғартады.  Олардың ішіндегі    Жетісуда қызылша өсірудің шеберлері атанған  Зылиқа Тамшыбаева, Закария Сейітова, Битай Тәтенова сияқты  есімдері аудан тарихында  алтын әріптермен жазылып қалған   адамдарды бүгін айтпай  кетуге болмас.

Бұл аудан Киров деген атаумен 1944 жылдың 8 мамыры күні құрылған. Қазіргі кезде небәрі 41 мың ғана халық, 12 ұлттың өкілдері мекендеген ауданның көне тарихы өз алдына бір шежіре-сыр десе де болады. Аудан аумағында өткен ғасырдың үлкен өркениетінің куәсі іспеттес, алайда жау шапқыншылығынан жермен жексен болған ірі-ірі қалалардың орындары жатыр. Осы арамен Ұлы Жібек жолының керуендері арлы-берлі тоқтаусыз жүрген деген аңыз бар. Көне тарихтан белгілі Қойлық (Дүңгене) және Жарөзек шаһарларын атауын атасақ, көп жайлар түсінікті болады.
Ауданның тарихы Көксу өзенімен тығыз байланысты. Жетісудың жеті өзенінің бірі — қасиетті Көксудің ағысы қатты, суы мол. Сонау Текелі тауынан бастау алатын бұл өзенге жол бойы сылдырай аққан бұлақтар қосылып отырады. Сол бір заманда тау ішімен ағатын, жағасы ну-қамыс, жасыл желекті өзендерді ақын Ілияс Жансүгіров:
Ақырып айғай салған Көксу алып,
Жазыққа шыға келсе үркіп ағып,
Егінші, ылғи диқан жалайырлар,
Үлеседі үй басына арық алып, — деп, ауыл тіршілігінің әдемі суретін келтірген. Күні бүгінге шейін Көксу өзенінің жағасына қоныстанған ел, диқаншы, малшы қауымы тынымсыз тіршіліктерімен өз нәсіптерін тауып отыр.

Жас әкім жұмысын әлеуметтік жағдайдан бастаған

Өткен жылдың шілдесінде он бірінші рет санымен ауданға әкім болып тағайындалған Алмас Қабдулұлы Әділ 36 жастағы ең жас әкімдердің бірі. Өзі заңгер, мемлекеттік қызметтің біраз баспалдағынан өткен, соңғы қызметі — Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары. «Жас келсе — іске» деген де сөз бар.
Ауданның көлемі де шағын болғанымен, тура облыс орталығымен шекаралас жатқандықтан, тоғыз жолдың торабында десе болғандай. Арлы-берлі ағылған жол-жөнекей жолаушылардың көлігінің барлығы дерлік алып барыстай созылып жатқан Балпық би кентінің қақ ортасымен өтеді. Сондықтан әкімдік атына кей кезде жөнді-жөнсіз біраз сындар айтылып жататыны да бар.
Алмас Қабдулұлы өзінің қызметін тұрғылықты халықтың әлеуметтік жағдайын білуден бастады десе де болады. Ақсақалдармен ақылдасты, шаруа қожалықтарымен танысты, елді мекендерді аралап, халықпен кездесті, жай кездесіп қана қойған жоқ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру барысы жөнінде әңгіме жасады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын әрбір тұрғынға жеткізу мақсатында 10 ақпараттық-насихаттық топтар құрды. Аудан әкімінің сайтында арнайы бет ашып, Жолдауда белгіленген бағыттар бойынша атқарылған іс-шаралар туралы мақалалар жариялады. Аудан тұрғындарына Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында насихаттау жұмыстары барлық ауылдық округтерінің елді мекендерінде ұйымдастырылды. Бұл іс-шарамен жалпы 18789 аудан тұрғыны қамтылды. Ішкі саясатта саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, дін, жастар саясаты, үкіметтік емес ұйымдармен тұрақты байланыста жүйелі жұмыстар атқарылып келді. Нәтижесінде ауданда қоғамдық және саяси ахуал тұрақты.
Бұған қоса аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың өзі ұлан-ғайыр. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, шағын және орта бизнес, мәдениет, білім салалары бойынша және тағы басқа толып жатқан мәселелерді шешуде әкімнің еншісінде. Күнбе-күн аудан халқының мұң-мұқтажын тыңдап, қам-қареке-тін біліп, мүмкіндігінше шешімін тауып отыру да оңай шаруа емес. Қазіргі қауырт уақытта барлық жұмыстардың сапалы әрі жылдам атқарылуы үшін үлкен кәсіби шеберлік аса қажет. Бұл барыста жас әкім Алмас Әділдің іс-тәжірибесі жеткілікті.

Туған жердің тарихынан бастау алған жаңғыру

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақтың төлқұжатына айналып, зиялы қауым арасында тағылымды әңгіме, тың серпін тудырды. Бұл тәлім-тәрбиенің қайнар көзі іспеттес бағыт-бағдардағы талаптарды орындау идеология саласының нақты іс-шараларды жүзеге асыруына даңғыл жол ашты. Рухани жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту әрбір адамның алдына қойған мақсаты болуы тиіс.
Осы орайда аудан әкімі Алмас Әділ туған жердің тарихи өңірлерімен танысты. Мысалы, бір топ ауыл азаматтарымен Жарлыөзек ауылдық округіндегі Солтанбай батыр бабаның жатқан қорымына барды. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары жоңғар шапқыншылығы кезінде елді-жерді қорғап, жауға қарсы шапқан батыр атамыз жайлы аңыз-әңгімелерін ортаға салды. Ауыл сыртында орналасқан қасиетті жерге күрделі жұмыстар жасалмағалы талай жылдың жүзі болып, қараусыз қалған. Солтанбай батырдың 8-ші ұрпағы Сәкен Әсімжановтың айтуынша, ағайын-туыс, ел-жұрт болып, қолдан келгенше әруақтың, әулие бабамыздың қорымына күтім жасап отыр.
Ауыл тұрғыны Дәрібай Байжұмановтың әңгімесіне сүйенсек, Солтанбай Жәдігерұлы XVIII ғасырда өмір сүрген. Жалайыр тайпасының мырза руынан. Әулие, көріпкелдік қасиеті болған. Бақтыбай ақынның «Желқобыз» жинағында жоңғар шапқыншылығы кезінде Солтанбай батырдың Жайнақ батырмен қатар қол бастап, жауға қарсы шайқастарға қатысып, ерлік көрсеткені туралы мәлімет жазылған. Ақын Сара да Солтанбай батырдың ерліктерін жырына қосқан.
Алмас Әділ, сонымен қатар, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтың ескерткішіне ат басын бұрды. Жиналған қауым ата рухына құран оқытып, естелік әңгімелер айтты. Шаруа отбасында дүниеге келген батыр атамыз Нұрмолда Алдабергенов — 100 жыл бойы ұрпақтары мақтаныш тұтатын ерен еңбегі мен игілікті ісін ел есінде қалдырған тұлға. 1973 жылы Болат Жансүгіров «Нұреке» деген фильм түсіріп, Ресейдің телеарналарында көрсетілген. Ол кісінің есімімен ауыл, мектеп мен көшелер аталған. Қазіргі кезде Нұрмолдадай батыр бабамыздың өшпес ісі кейінгі ұрпаққа тағылымды тәлім-тәрбие.

Егін де егіледі, мал да өсіріледі, зауыт та салынады

Жергілікті әкімдердің жұмысы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен бағаланатыны белгілі. Егер Көксу ауданының көрсеткішіне жүгінетін болсақ, өткен мерзімде ауыл шаруашылығында 3 млрд. 788 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 103,8 пайызды құрады. Ауданның негізігі бағыты — егін мен мал шаруашылығы.
Аудан бойынша 8 ірі шаруашылық бар, оның ішінде: 6-ы ЖШС, 2-і ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және 1874 жеке шаруа қожалықтары еңбек етуде.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Бұдан бірер жыл бұрын облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей көмегімен ауданда неше жыл жұмысы тұралап қалған «Көксу қант зауыты» іске қосылды, қызылша дақылының қабылдау бағасы да едәуір өскен. Мемлекет тарапынан көптеген көмек көрсетіліп, жеңілдіктер берілуінің арқасында соңғы жылдары ауданда қант қызылшасын егуге қызығушылық танытушы шаруашылықтар қатары көбейген. 2015 жылы 830 гектар болса, өткен 2016 жылы 1297 гектар, биылғы жылы 1700 гектарға дейін қызылша алқабы ұлғайған. Алынған өнім мөлшері де көбейіп, әр гектардан 350 центнерден тәтті түбір жиналып, түсім 46 мың тоннаға жуықтады. Ағымдағы жылы ауданда 60,3 мың тонна тәтті түбір жиналады деп күтілуде.
Аудан бойынша қант қызылшасының әр гектарынан 600-700 центнерден өнім жинаған Жарлыөзек ауылдық округінен «Балпық» ЖШС басшысы Ш.Адетбековтың, Мұқыры ауылдық округінен «Қайнар-Көксу» ЖШС басшысы А.Оразбековтың, «Асқар» ЖШС басшысы Б.Үкібасовтың, Балпық ауылдық округінен «Қайрат» ЖШС басшысы Қ.Қайыспаевтың, «Алим-Таяр» ЖШС басшысы Т.Зейналовтың, Мұқаншы ауылдық округінен «Азамат» ЖШС басшысы Е.Дүйсенбиновтың есімдері бүгін мақтанышпен аталады.
Қазіргі кезде аудан бойынша ауыл шаруашылығы егіс алқабының көлемі 31710 гектарды құрайды. Барлық себілген дәндік масақты дақылдардың егістік көлемі 8758 гектар төңірегінде. Шілде айының алғашқы күндерінен бастап масақты дәндік дақылдарды ору жұмыстары басталды. Әр гектардан 26,4 центнерден өнім алынып, 23121 тонна өнім жиналады деп күтілуде.
Мал шаруашылығында меншіктің барлық түрінде мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жалғастырылып, мал бастарының саны өсіп, өнімділігі артты. Мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасы шеңберінде 8787 мал басымен 141 фермерлік шаруашылық жұмыс істейді. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 1 шаруа қожалығы 9 млн. теңгеге 53 бас ірі қара малын алды. «Алтын-Асық» бағдарламасы арқылы 1000 бас және «Құлан» бағдарламасы негізінде 100 бас алуға шаруа қожалықтары құжаттарын рәсімдеуде.

Ұсақ шаруаларды біріктіру
— уақыт талабы

Бұл — соңғы жылдары айтылып келе жатқан күрделі мәселенің бірі. Қазіргі кезде үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді біріктіріп, кооператив желісін дамыту мәселесі ауданда оң шешімін тауып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында ауданда 7 кооператив құру жоспарланған.
Бүгінгі күнге 3 кооператив құрылды. Олар: Қабылиса ауылдық округінде 20 отбасы бірігіп, етті бағытта мал бордақылау үшін «Ақтекше» ауыл шаруашылығы кооперациясы құрылды, төрағасы — Мәди Бейсенов. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы корпорация 43 млн. 500 мың теңге несие алып, бүгінгі күнге 250 бас мал бордақылануда. Корпорацияда мал сою цехын іске қосу үшін «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» филиалымен қаржы мәселесін шешу жұмыстары жүргізілуде.
Лабасы ауылдық округінде «Мұра» мал бордақылау бойынша кооперативі құрылды, төрағасы — Ахмет Мұратхан. Қазіргі кезде құрамында 33 отбасының 60 бас малы бордақылануда. Бүгінгі күні «Ауыл шаруашылығы қолдау қоры» арқылы 49,0 млн. теңге несие алынды. Мал басын сатып алу үшін жұмыстар атқарылуда.
Сүт қабылдау пункті бойынша 2 кооператив құру жоспарда бар. Еңбекші ауылдық округінде «Жақсылық» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, төрағасы — Көкетаев Асанәлі. Бүгінгі күнде құрамында 63 мүшесі бар. Кооператив мүшелері «Үштөбе- Айдын» сүт зауытына өнімдерін өткізіп, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Бұдан ширек ғасыр бұрын тарап кеткен шаруашылықтарды қайта қалпына келтіру, әрине, оңай шаруа емес. Алайда өз шаруаларын жүргізе алмай, қожырап қалған ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, несие бөліп, ірілендіру — уақыт талабы.

Өңірдегі жалғыз
қант зауыты — Көксуда

Бұл қант өңдейтін зауыттың Жетісу өңіріндегі алар орны ерекше. Тіпті соңғы жылдары тұрғындарды өзімізде шығарылып жатқан сапалы құмшекермен қамтамасыз етіп отырған жалғыз өндіріс орны десек те болады.
Қысқаша өндіріс тарихына тоқталсақ. Қант зауытының құрылысы 1932 жылы басталып, Көксу өзенінің сол жағында орналасты. Құрылыспен қатар аудан орталығынан 1933 жылы қант қызылшасының тұқымын өсіретін «Талдықорған» атты жаңа совхоз құрылды. Қант зауытын өніммен қамтамасыз ету үшін аудандағы колхоздар мен совхоздар жаппай 1934 жылы қант қызылшасын егуді қолға алды. 1934 жылы қант зауыты алғашқы өнімін шығара бастаған.
Зауыттың ашылған кезінде қуаттылығы тәулігіне 180 тонна өнім шығару болған. 1940-1941 жылдары қайта құрылып, өнімділігі 900 тоннаға жеткізілген. Одан кейінгі жылдары өндіріс дамып, өнімділігі 1650 тоннаға дейін көтерілген. Тәулігіне қабылдайтын қызылшаның көлемі 1965 жылы 1800 тоннаға жеткізілді. 1993 жылы Киров атындағы Талдықорған қант уыты АҚ «Көксу-Шекер» болып өзгертілді.
2012 жылы «Көксу Шекер» АҚ «Орталық Азия қант корпорациясы» ЖШС-нің филиалы «Көксу қант зауыты» болып құрылып, кәсіпорынның барлық активтері корпорацияның меншігіне берілді. 2014 жылы «Көксу қант зауыты» ЖШС болып қайта құрылды.
Соңғы жылдары өңірдің шаруа қожалықтары майбұршақ өсіруге ауысуына байланысты қант қызылшасының егістік алқаптары азайып кеткен еді. 2011 жылы зауыт 81 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, 9984 тонна қант шығарса, 2012 жылы 52 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, 6093 тонна ғана қант шығарды. 2013 жылы небәрі 45 мың тонна ғана қант қызылшасын қабылдады. Көрсетілген шикізат көлемімен зауыттың толық қуаттылығына шығу мүмкін болмады. Осыған байланысты, 2013 жылы қант қызылшасы өңдеу үшін Жамбыл облысындағы Мерке қант зауытына тасымалданды. 2014 жылы қант қызылша дақылы 6812 тонна ғана өңделді.
Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың тікелей ықпалымен бұл қант зауытының жұмысы жандана бастады. 2015 жылы кәсіпорын қаражаты есебінен 308,0 млн. теңге жұмсалып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Зауыт 2015 жылдың 28 қыркүйегінде қант қызылшасын қабылдауды бастап, қазан айында іске қосылды. 2015 жылы құны 1,5 млрд. теңге тұратын, 10,8 мың тонна өнім шығарды. 2016 жылға күрделі жөндеуге 420,0 млн. теңге қаржы бөлінді. Зауытта қазіргі уақытта 45 адам жұмыс істейді. Күзгі маусымда 600-ге жуық адам жұмысқа қабылданады.

Өнеркәсіп экономиканы өрге көтереді

Аудандағы барлығы 14 өнеркәсіп кәсіпорындары-нан 2017 жылдың өткен мерзімінің қорытындысы бойынша 5 млрд. 235,9 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,5 пайызға орындалды.
«АрКом.KZ» ЖШС жалпы инвестициялық құны 200,0 млн. теңгені құрайтын тері өңдеу зауытының құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда құрал-жабдықтарды істетуге электр жабдықтары жасалып, тері илеуге қажет химиялық қоспалар алу үшін ҚХР мемлекетімен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Жеке кәсіпкер Б.Арқабаевтың сүт зауыты жұмысын жандандырып, тәулігіне 10000 литр сүт қабылдап, қамырға қосылатын айран шығарылуда. Құрғақ сүт, қойылтылған сүт, ірімшік және сары май өнімдерін өндіруге құрал-жабдықтарын қайта құру жұмыстарына 18,0 млн. теңге жұмсалды. Көксу, Ескелді, Кербұлақ аудандары мен Текелі қаласынан сүт қабылдап, өндіріс толық жұмысқа кірісті.
Ауданда «Жетісу» ӘКК» ҰК АҚ мен «Каримов» ЖК арасындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде 400 басқа арналған сүтті-тауарлы фермасының құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Бүгінгі күні объектіні іске қосу үшін техникалық құжаттары толық дайындалып, Алматы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылысы бақылау басқармасына тіркелді. Қазіргі таңға 164 бас ірі қара әкелініп, аталмыш ферма ағымдағы жылдың 2-жартыжылдығында толық жұмысын бастауды жоспарлап отыр.

Шағын кәсіпкерлік —
табыс көзі

Шағын кәсіпкерлікте бүгінгі таңда 2961 бірлік кәсіпкерлік тұлғалар жұмыс істейді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 246 тұлғаға артқан немесе 109,0 % құрайды. Оларда жұмыспен қамтылғандар саны — 8407 адам. 2017 жылдың өткен мерзімінде 1008,1 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 100,6 пайызды құрады, бюджетке 131,2 млн. теңге түсті.
«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында аудан бойынша грантқа қатысу үшін үміткерлерден 14 жоба мен өтініш қабылданды. Оның ішінде 5 жоба грант ұтып алды. «Рамзан» ЖК егістік мицелей шығару зертханасына 1,5 млн. теңге, «Адал Құс» ЖК үндік өсіру шаруашылығына 1,5 млн. теңге, «Табыс» ЖК ағаштан ұлттық ыдыс-аяқ шығару цехына 1,0 млн. теңге, «Елисей» ЖШС туристік қызмет көрсетуге 1,5 млн. теңге, «Искак» ЖШҚ ет алу үшін құс өсіру шаруашылығына 1,0 млн. теңге қаражат бөлінді.
Жалпы ауданда 319 сауда және қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді: оның ішінде 217 сауда дүкені, 40 қоғамдық тамақтандыру орындары, 29 тұрмыстық қызмет көрсету және 34 сервистік қызмет көрсету объектілері.
Ағымдағы жылы «Кузбаев» ЖК құны 50,0 млн. теңге құрайтын мейрамхана ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда құрылысы аяқталған ғимараттың қабылдау актісі жасалынды.
2017 жылдың өткен мерзімінде бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 982,0 млн. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 111,0 пайызды құрады.

Жол — тіршілік тынысы

Ауданда жалпы қолданыстағы автокөлік жолдары 489 шақырым, оның ішінде 64 шақырымы республикалық маңызы бар, 204 шақырымы облыстық маңызы бар. Жергілікті жолдар 221 шақырымды құрайды. Аудан арқылы ұзындығы 168 шақырымды құрайтын теміржол магистралі өтеді. Облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарында 23 көпір, 237 су өтетін өткелдер бар.
Осындай тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданның ішкі жолдарын орташа және ағымды жөндеуге биылғы жылы барлығы 95 627,0 мың теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша Нәдірізбек ауылына баратын жолды, Мұсабек ауылы Әлібай көшесінің жолын және Бесқайнар ауылы Жетісу көшесінің жолын жөндеуде «Талдықорған Сервис» ЖШС жеңімпаз атанып, бүгінгі күнге барлық жұмыстар толығымен аяқталды.
Ақтекше ауылы Қаблиса жырау көшесінің жолын жөндеуді «Жақсымбет» ЖШС ұтып алып, бүгінгі күнге барлығы 2300 метр жолдың 1300 метріне асфальт төсенішін төседі, жуырда жұмысы толық аяқталмақшы.
Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарды жазғы, қысқы мезгілде күтіп ұстауға және ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін осы жылы 22 200,0 мың теңге бөлініп, конкурсты «Жақсымбет» ЖШС ұтып алды. Мәмбет ауылының кірме жолы, Талдықорған — Үштөбе — Быжы — Мұқыры автомобиль жолы және Еңбекші ауылына Қызыларық арқылы кірме жолдарына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында респуб-ликалық маңызы бар «Алматы — Өскемен» автомобиль жолының Көксу ауданына қарасты 235-259 шақырымына күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын «Корпорация Прогресс» ЖШС жүргізіп жатыр. Тапсырыс беруші — «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы Акционерлік қоғамының Алматы облыстық филиалы. Мердігер — «Корпорация Прогресс» ЖШС. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, 2013 жылдан бастап 2017 жылға дейін 3 миллиард 564 миллион теңге бөлінді, барлық қаражат 100 пайыз игерілді. 2017 жылға қалған қаражат көлемі — 4 миллиард 28 миллион теңге. Жөнделетін жолдың ұзындығы 18 шақырымды құрайды, бүгінгі күнге жасалған жолдың көлемі 12,5 шақырымды құрап отыр.
«Алматы — Өскемен» республикалық автожолының қайта жаңғырту құрылыс жұмыстары жүргізілуіне және жобаға сәйкес жол енінің өзгеруіне байланысты «Ауыл» базары Балпық ауылдық округі әкімдігінің жанынан бос жер телімі қарастырылып, орын ауыстыру жұмыстары толық аяқталды. «Корпорация Жетісугаз» АҚ-ның жер учаскесі Балпық би ауылы, Т.Исабаев көшесі №154 мекенжайына ауыстырылды және бір жеке кәсіпкердің (Е.Бейсеновтің) техникалық жөндеу орталығы Қабанбай батыр көшесі №5,6 мекенжайына ауыстырылды.

Мәдениет еліміздің
тарихын түгендейді

Аудандағы мәдениет саласының жұмыстарын 7 мәдениет үйі, 3 клуб және 9 кітапхана жүргізеді. Мұқыры ауылдық халық театры да аудан көлемінде өздерінің қойылымдарын қойып, жұртшылықтың алғысына ие болуда. Мысалы, биылғы жылы «ЭКСПО — 2017» көрмесін кеңінен насихаттау мақсатымен арнайы театрландырған шоу көрсетілген.
Аудан бойынша жыл он екі ай ұйымдастырылатын шаралардың барлығы дерлік мәдениет бөлімінің бастамасымен өткізілуде. Әсіресе Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай «Азаттықтың ақ таңы», «Алаш ардақтылары — ұрпақтар есінде», «Алашорда — Тәуелсіздіктің бастауы», «Мың өліп, мың тірілген» тақырыптары аясында ұйымдастырылған кездесулер, дөңгелек үстелдер, кештер, кітап көрмелері еліміздің еркіндігін аңсап өткен аяулы тұлғаларымыздың ғұмыр жолдарын кеңінен насихаттауда.
Аудан көлемінде жастарды отансүйгіштікке, ұлт-жандылыққа, салт-дәстүрді бағалауға бағытталған мәдени-көпшілік іс-шаралар тұрақты ұйымдасты-рылып отырады. Ән мен күй кештері, атақты ақын-жазушылардың шығармашылығы жайлы конференциялар жасөспірімдердің ой-таным көкжиегінің кеңеюіне ықпал етуде. Ауыл тұрғындары әдеби кітаптарды оқып, қазақ тіліндегі басылымдарды жаздырып алады. Оның себебі — шындығынан қойыртпағы көбірек ғаламтордағы ақпараттарға деген сенімдері азайған. Бір кездері жабылып қалып, қайта ашылған мәдениет орындары да жас ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие беруде өз үлестерін қосуда.

P.S

Біз бір ауданның тыныс-тіршілігімен қысқаша ғана таныстырып өттік. Аудан әкімі Алмас Әділдің барлық сан тараулы істерінен толық мағлұмат беру мүмкін емес. Оның себебі күнделікті тынымсыз тіршіліктің аясында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту барысына ауданның өсіп-өркендеуіне тікелей жауапты әкімнің жұмысына әділ бағасын беретін ел-жұрты бар. Біз осы бағыттағы жұмысына тек жемісті нәтиже тілейміз.

(224)