mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

Көршіңмен қату емес, тату бол!

Біз қазақ деген дана халықтың текті ұрпағымыз. Сол тектілігімізді сақтап қалу үшін ата-баба дәстүрінен ажырамай, дана халықтың өнегесі мол тәлім-тәрбиесімен ұрпағымызды ұлы ету — парыз.
Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырып, атамекен ауылдан жырақтап қым-қуыт тіршілігі мол қалаға көшіп келгеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Алайда тірлігі мен тіршілігінде қалалық тұрғындардың көршілермен қарым-қатынасы көңілімді көншітпейді. Қазақ қашаннан «Жақсы көрші тапқаның — мол олжаға батқанын» деп, көршілерін туғанындай жақын тартып, жақсы көрген. Замандастарым жақсы білсе керек, «көрші ақысы — Тәңір ақысы» деп түсінген қазақ жаңа көшіп келген үйге ерулік беретін болған. Бұл сыйластықты, татуластықты қалыптастырады. Қазақтың қай тойы мен өлім-жітімі, жиыны болмасын, көршінің қызметі бірінші орында тұрады. Мұның өзі алыстағы ағайыннан бұрын қуанышыңа шын қуанып, қайғыңа ортақтаса білетін жақының — көршің дегенді білдіреді емес пе? Мұның бәрі қазақы салт-сананың тазалығын, көршілердің бір-біріне деген ниетінің адал екенін білдіреді. Тіпті, қасиетті Құранның «Ниса» сүресінде ата-ана, туыс-туған, міскін жетімдермен бірге көрші-қолаңға да залал тигізбей, жақсылық жасау бұйырған. Көрші ақысы жайында пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадистер көп. Сол үшін де ата-бабаларымыз «Қоңсы тату болса — құт, қату болса — жұт» деп түсініп, дәмдес болған көршісінен ешнәрсесін аямаған. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтіні де сондықтан. Қазақтың көршіге байланысты қай мақалын алып қарасаңыз да, көршімен қату болуды емес, тату болуды насихаттады. Ата-баба дәстүрімен сусындап өскен менің қалалық көршілерге көңілімнің толмайтыны да осы себепті. Әрине, жұрттың бәрі осындай деп, бір ғана ауыз сөзіммен бүкіл елдің көршілеріне деген қарым-қатынасын жоққа шығарғым келмейді. Дегенмен де, есіктері жапсарласып, араларын бір жұқа қабырға ғана бөліп тұрса да, бір-бірін тек қоқыс төгуге шыққанда көретін және салқын ғана сәлемдесіп өте шығатын көршілерге үйрене алмай жүрмін. Ұлымның қолына көшіп келерде де ең бірінші ойыма келгені «Көршілері қандай адамдар екен?» деген сұрақ. Қанша дегенмен кәрі адамның айтары көп, төрт қабырғаға қамалып отыра бергеннен жалығасың. Аулада шықсаң да, қасыңа келіп, әңгімелесетін жан баласын таппайсың. Бәрі де асығыс. Көпшілікке үйреніп қалған көңілде кішкентай қуаныш болса, көршілерімізге қарай жүгіреміз ғой. «Жаман көрші асыңды бағалар, жақсы көрші басыңды бағалар» дегендей, жақын болып сыйласатын көршіні аңсайтыным да жасырын емес.
«Иманды адам аш отырған көршісін мытып, өзі тоя тамақ жемейді» деген бар. Бір жыраудан «Бақыт, қайда барасың?» деп сұрағанда, «Сыйламаған көршісін, ұрыспен алған еншісін, сұмдардан қашып келемін» десе, «Бақыт, қайда барасың?» деген сұрағына «Көршімен болған бірлігі, тағат, ғибадат тірлігі ұйымшыл елге барамын» деп жауап берген екен.
Айналайын, ұл-қызым, көршілеріңмен көңілдеріңді суытпай, қатар отырған туыстай болып татулықта, бірлікте өмір сүре біліңіздер. Бақыттың бір бөлшегі айналаңдағы адамдармен жасалған қарым-қатынаста екенін естен шығармаңыздар, қату емес, тату болайық!

Күлшаттың хатынан,
Астана қаласы

(41)