Көңіл биігіндегі Баку кереметтері

Жаз мезгілінде кім үйінде тығылып отыра алсын? Бірі ем іздеп, бірі қызық қуып шетке кетеді. Мен ем іздеп Әзірбайжанға сапар шектім.
Жә, ол өз алдына әңгіме ғой. Менің айтпағым — дертіме дауа іздеп Баку асып барғанда байқағаным мен аңдаған ақиқатым. Кешегі Кеңес кезінде одақтас 15 республиканың бірі болған Әзірбайжан елінің жүрегі — Бакуде өткен он күнім нені аңдатты?

Ана тілін пір тұтқан ел

Ұшақтан түсе сала бір байқағаным ел жаппай ана тілдерінде сөйлеп, Әзірбайжан топырағына табан тіреп тұрғаныңызды бірден дәлелдеді. Біздегідей үштілділік ахуал мұнда да қылаңытады. Алайда ана тілдеріне көп жерде басымдық беріпті: метро аялдамалары тек әзірбайжанша және артынша ағылшынша жария етіледі. Тұңғыш Президент мұражайында да осы қос тілде ақпарат беріледі. Бұл туысқан елдің үштілділіктен орыс тілін уақыт өте келе ығыстырып, тек екі тілді қалдырар емеурін саясаты деп білдім. Ана тілі мен төл тарихын қастерлеген елдің ағылшын тілін қай уақытта меңгеріп алғанына қайран қалдым. Себебі мен орысша жөн сұрасқан он күн мерзімінде орыс тілін білмей, өзге қос тілде сөйлеуімді өтінгендер жиі ұшырасты.
Тіліне тағзым еткен ел әйел сыйлаудан да айрықша болып шықты. Қоғамдық орындарда әйел затына деген ерекше ілтипат пен қамқорлық мен мұндалап көз-көңілді сүйсіндірді. Әйел баласына автобус пен метрода орын беріп, жік-жапар болған ер адамдарды көрген сайын мұның себебін білуге ынтық болдым. Әйел саны аз болған соң, аз алтынның қадірін біліп жатқаны ма? Әлде ананы кие тұтқан, Пайғамбардың жолын қуған мұсылмандықтан туған тектілік пе? Әйтеуір қоғамдық орындарда қыз баланы құрметтеу дәрежесі биік екен. Айтпақшы, мұнда да жол жүру ақысы картамен төленеді. Бірақ картаны тексеріп, әлекедей жаланған қызметкерлер жоқ. Айғай салып, аялдамаларды айтып, құлақты шыңылдататын беймаза кондукторлар да жоқ болып шықты. Қала берекелі тыныштық үстінде тербеліп тұрды. Сондай-ақ, Алматыдағыдай «картамен жүрмесең, жүз елу теңге төле!» деп зіркілдеген заң да жоқ. Жолақысы жиырма тиын ғана. Әрі жергілікті валюта — манат доллар мен евроның тепкісінде жатқан жоқ, олармен иық теңестірердей-ақ қауқарлы екен. Қазақтың теңгесі тәлкекке түсіп, барған сайын әлсізденіп бара жатқаны дәл бүгін де бас ауруымызға айналып отырғаны өкінішті емес пе?
Он күн ішінде тағы бір білгенім — қоғамдық орындарда ашықтан-ашық аймаласқан жұптарды көрмедім. Өмірге қауіп төндіретін қаңғыбас иттер де жоқ. Тазалық бүкіл шаһардың өн бойында салтанат құрып тұрды. Алматының кейбір сауда, ойын-сауық кешендерінде күзеттің көптігі келуші халыққа деген әлдебір сенімсіздіктің нышанындай болып, емін-еркін жүруге мұрша бермейтіні бар ғой. Ал мұнда нағашыңның үйіне келгендей, алшаң басып жүруіңе әбден болады. Қаптаған күзетшілердің сұғына еш тап болмайсың. Бұл Бакуде қоғамдық тәртіптің өте жоғары деңгейде қалыптасқанын көрсетті. Әрі билік халқына мығым сенетіндей, оны қатты қадағалап, тексеріп, әптер-тәптерін шығармайды. Қоғамдық сана мен ұлттық салт-дәстүрін айшықты ұстаған, өзіміз сонау қазақ жұртынан маңдай тіреп келген Әзірбайжан елінің қақ төріндегі емхана туралы сөз етуді ұмытсақ, ол адамгершілікке жатпас.

Досыма айналған дәрігерлер

Бакуге аттануымның басты себебі 2014 жылдың 15 қарашасы күні орын алған жол-көлік апаты салдарынан орта дәрежеде мидың шайқалуы болатын. Отандық дәрігерлер ауруды асқындырмаудың амалын жасап бақты. Әйткенмен қатты соққы көз тамырларына да кесірін тигізген екен. Ақыры әлем медицинасынан сүйінші хабар күтіп, алыс-жақын шетелге өз денсаулық жағдайым туралы ақпарат тастадым. Көктен күткен ақ қанат хабар Бакудегі «Хат медицин» емханасынан табылды. Хат алмасулар ақыры телефон қоңырауларына ұласты. Әуежайдан тіке емханаға тартқан мені мекеменің бас дәрігері, профессор, офтальмолог Гаджиев Расим Вагидоглы құшақ жая қарсы алды. Жадырай күлімдеген Расим шипагердің сөзін білікті дәрігер Диляра Меликмамедова сараптама жасаумен жалғастырып әкетті. Таңдай қаға таң қалғаным — түрлі сипаттағы медициналық тексерулер үш күнге созылса да, тіпті де төлем жасатпады. Сараптамалар нәтижесінде тиісті ем тағайындалды. Жалпы ширек ғасырға таяу тарихы бар, әрі күллі медицинада Хат технологиясын алғаш рет енгізіп, тыңнан соқпақ салған ақ халаттылар Гиппократ антына аса берік екен. Олар емделу кезіндегі менің барлық сұрақтарыма толық жауап беріп, көңілімді қуантты. Өзімнің ұстаз, сонымен қатар тілші, жазушы екенімді айтып, соңғы шыққан әңгімемді сыйлыққа ұсынғанымда Расим дәрігер зор ілтипат білдіріп, әңгімемнің қысқаша мазмұнын айтып беруімді өтінді. Қазақ тілін білмейтініне қынжылған профессор әңгімемнің мазмұнын тыңдай отырып, рухани тартуыма ризашылығын білдірді. Төрт күнге созылған емдеу қорытындылары алғаш келген сәттегі тексерулермен салыстырылды. Сараптай келе Расим Вагидоглы мидың қалыпты қызметке түсіп, көздің көру қабілеті жақсарғанын сүйіншілей хабарлады. Осылайша Аллама сыйына барғандағы аппақ үмітім сұлу сенімге айналды. Тұтас ұжымы кішіпейілділік пен сыпайылықтан кемеңгер көрінетін «Хат медицин» емханасының қызметкерлерімен естелік суретке түсіп, қимай қоштастым. Расим доктор қолымды қысып, алдағы уақытта да байланыста болатынын айтып, туыс-туғанымдай арқамнан қағып, шығарып салды. Бұл биік адамгершілк тек маған ғана көрсетілген жоқ. Ақтөбе қаласынан келген бір бауырымыз өзінің кішкентай ұлына шипаны дәл осы емханадан тапты. Голландиялық бір азаматпен танысып, оның екінші рет осы жерден ем алуға асыға жеткенін білдім. Дертінен сауыққан Германия азаматшасын да көрдім. Әзірбайжанның түкпір-түкпірінен келген әр науқастың емханадан жүздері шаттана шығуы аталған емхананың ғылымға енгізген жаңалығының жемісі орасан зор екенін дәлелдеп жатты. Ең басты ем мұнда жылы көңіл, ыстық сезім бе деп ойладым. Бізде осы ем түрі жетпей жататыны шындық қой.
Түйін: Отаныма деген сағыныш Гайдар Алиев атындағы Баку халықаралық әуежайына лезде әкелді. Қызыл кілемдер төселген әуежай іші тым салтанатты. Үш тілде қызмет көрсеткен қызметкерлердің мәдениетінде де шек жоқ. Алматыға бет алған ұшаққа кірсем, қазағымның күйі күмбірлеп ойнап тұр екен. Он күндік жарқын естеліктерге толы Баку шаһары Каспийге ұласып барып, құс қанатымен ілесердей болып, үзіліп қала берді. Алайда сол бір жайсаң жандар, нағыз дәрігерлер жаққан болашаққа деген, аурумен күресте жеңген жеңімпаз рух үзілген жоқ.

 

Расим Гаджиевпен бірге

(58)