Жеңіл атлетика: Әлем біріншілігіндегі сенсация

Тұманды Альбион астанасы Лондон қаласында тамыз айының 4-і күні спорт ханшайымы саналатын жеңіл атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында әлемдік біріншілік өз жалауын көтеріп, жарыстар көрігі күн өткен сайын қызып келеді. Оны айтасыз, алғашқы жеңімпаздар да шаң берді.
Жарыстың алғашқы күні 10 мың метрлік алыс қашықтыққа жүгіру-тін. Бұл қашықтықта әзірге британиялық М.Фараға тең келетін ешкім болмай тұр. Негізгі шыққан тегі африкалық бұл желаяқ жеңіске алғаш рет 2009 жылы қол жеткізді. Содан бері үлкенді-кішілі халықаралық жарыстардың бірде-бірінде ол бірінші орыннан төмен түскен емес. Бұл жолы да М.Фара аталған қашықтықты 26 минут, 49,51 секундта жүгіріп өтті. Бұл — британдық желаяқ үшін әлем чемпионатының алтыншы алтыны. Күміс жүлдені Угандалық Джошуа Чептеген иеленсе, үздік үштікті +1,09 айырмасымен кениялық желаяқ Пол Тануи түйіндеді.
Ең басты сенсация ерлер арасында 100 метр қашықтыққа жүгіруде орын алды. Ямайкалық супер желаяқ Усейн Болттың өнерін тамашалауға ат арытып келгендердің үміті ақталмады. Олимпиада және әлем біріншіліктерінің сан мәрте чемпионы өзінің сүйікті қашықтығында америкалық қос спортшыға жол беріп, үшінші орынды ғана қанағат тұтты. Бұл тартысты кездесуде америкалық Джастин Гатлин 9,92 секунд уақыт көрсеткішімен жеңіс тұғырына көтерілсе, екінші орынды да тағы бір америкалық желаяқ Кристиан Коулман еншіледі ((9,94). У.Болттың көрсеткіші — 9,95 секунд.
Ерлер арасындағы диск лақтыру жарысында алғашқы үштікті Андрюс Гудзюс (Литва) 69.21; Даниэль Столь (Швеция) 69.19; Мейсон Финли (США) 68.03 түйіндеді. Ұзындыққа секіруден ерлер арасында өткен бәсекеде Оңтүстік Африка Республикасының өкілі Луво Маньонганың мерейі үстем болды, ол 8 метр 48 сантиметр көрсеткішпен чемпион атанса, АҚШ өкілі Джаррион Лоусон (8,44 см) екінші, тағы бір ОАР тумасы Рашвал Самааи (8,32 см) үшінші орын алды. Аруларына тең келер ешкім болмады. Бұл бәсекеде жеңіс тұғырының бірінші және екінші сатысын Алмаз Айана (30: 16.32) мен Тирунеш Дибаба (31: 02, 69) еншілесе, үшінші орынды да қара құрлық өкілі Агнес Джебет Тироп (Кения, 31: 03, 50) жеңіп алды.
Әйелдер арасындағы 100 метрлік спринттік жарыста әлемнің ең үздік спринтші желаяғы атағын америкалық спортшы Тори Боуи жеңіп алды. Ол бұл қашықтықты 10,85 секундта еңсеріп, әлем чемпионы атағына ие болды. Күміс медальды ивуариялық Мари-Жозе Та Лу (10,86), қоланы Нидерланды өкілі Дафну Шипперс (10,96) жеңіп алды. Спорт додасы әрі қарай жалғасуда.

(28)