Өзіңді-өзің сыйла, жат жанынан түңілсін!

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру» мақаласына орай біз бүгіннен бастап саясат саласында өзіндік үні, қолтаңбасы бар, белгілі-белгілі зиялы қауым өкілдеріне сөз бере бастаймыз. Осы тұрғыда «Ұлттық сана-сезімді қалай, қандай жолдармен оята аламыз?» деген сауал төңірегінде белгілі саясаткер Болат Дүйсембі ағамыз өзінің пікірін ортаға салып отыр. Әрине, бұл тақырыпқа бәріміз де атсалысып, үн қосайық, ағайын!

Біз адам болғаннан соң, пендешіліктен мүлде арылуымыздың мүмкін емесітігі белгілі. Солай десек те, әрқашанда әр адам өзінің кемшілігін өзі түсініп, оны түзетудің амалын іздейтіні де белгілі. Мысалы: Біреулер осы ауыр болса да өзіне қуат пен жігер беретін іске бар ынтасымен беріледі. Ал енді біреулер анда-санда өзінің санасына жақсы, жағымды сөздер мен өнегелі істер ықпал еткенде ғана ұйқыдан оянғандай өз істеріне терең оймен қарауға талпыныс көрсетіп жатса, қайсыбіреулердің маңайында болып жатқан қайшылығы мол өмірге көңіл аудармай, өзімен-өзі күй кешетіні де бар. Бұл құбылыс барлық қоғамдарға тән табиғи түрде қалыптасатын жағдай. Әрқашанда «осы қоғамда болып жатқан үдерісті өзгертуге бола ма?» деген сұрақтар туындайды. Бұл жағдайлардың қалыптасуына және өзгеруіне біз көбінесе адамдардың әлеуметтік жағдайы мен тұрмысына ықпал ететін экономикалық даму деңгейі, азаматтардың қоғамдағы құқықтарының теңдігі мен әділетті қорғалуы ғана ықпал етеді дегенді алға тартамыз. Егер біз адамзат өмірінің даму тәжірибесіне тереңірек үңілсек, ұлт болып ұйысып, қоғам құрып, дәуірлеуіне сол елдердің мемлекет құрушы халқының пассионарлық (ұлттық жігер) ұлттық мінез-құлқының әсерінің зор болғанын білеміз. Яғни, мәңгілік тәуелсіз ел болу үшін, біздің қазақ халқына да кешегі ата-бабасының рухын қайта түлетіп, пассионарлық халық деңгейіне көтерілуі қажет. Ол үшін ұлттық сананы тудыратын қазақ ұлтының жаңа өзіндік сана-сезімін қалыптастыруымыз керек. Адамзат тарихындағы қоғамдық даму заңдылығына үңілсек, ешбір мемлекетте халықтың өзіндік ұлттық сана-сезімі қалыптаспай, ұлттық сана пайда болмайтыны белгілі.
Ұлттық өзіндік сана-сезім (национальное самосознание) — нақтылы бір ұлт өкіліне жататын әр пенденің өзі туралы салыстырмалы түрде тұрақты, ұғымында қалыптасқан және қайталанбайтын құбылыс. Ұлттық өзіндік сана-сезім — ұлттық қоғамдық шындықты әр адамның өз ұғымына сәйкес қабылдауымен және оны халқының салт-дәстүрімен байланыстырып, ұлтының тілі мен ұлттық өнері арқылы білдіруі. Ұлттық өзіндік сана-сезім әр адамның бұл дүниенің ақиқатын және өзінің жеке болмысын ой електен өткізіп, белсенділік танытуына байланысты қалыптасады және ұлт өкілдерінің ортақ ұғымнан туындаған мүдделерін қорғауда олардың психикалық үрдісінің бірлігін көрсетеді.
Қазақ халқына ұлттық өзіндік сана-сезімін қалыптастыру үшін қазақ тілінің мемлекеттік деңгейдегі маңызына мұқият көңіл бөліп, ұлттың ерекшелігін көрсете білетін жаңа ұлттық мәдениетті дамытуды дұрыс жолға қою қажет. Біздің қоғамда қазақтілді ұлттық мәдени қауым болмаған жағдайда, қазақ халқы этнос (нәсіл) деңгейінде қалып, ешқашанда ұлт бола алмайды. Біз евроцентризм көзқарасымен сауатын ашып, әлемдік өркениеттің тиімді жетістіктерін талғампаздықпен қабылдап үйренбеген аға және орта буындардың мінез-құлқындағы кемшіліктердің ұрпақ тәрбиелеуге тигізетін жағымсыз әсерінен құтылуымыз қажет. Ежелгі шығыс өркениетінің адамгершілік пен парасаттылықты дәріптейтін өз халқымыздың өткен тарихын, мәдени мұрасын, рухани құндылықтарын қастерлеуді өзімізге де, жастарға да үйретуіміз қажет. Біздің халықтың момын, енжарлау, көнбіс болып көрінгенімен, табиғатының ерекшелігі — өте дарынды, қайсар, жігер-қуаты зор, ғылым мен білім және жаңалықты игеруге бейімді екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Біз қазақ халқының осы қасиеттерін жаңғыртып, ұрпағымызды парасаттылық пен ар-намысты қадірлеуге үйретіп, еліктеушілік пен мақтан қуғаннан жиренуді өзімізге де, ұрпақтың да зерделеріне сіңдіруіміз қажет.
Өкініштісі, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырға толғанына қарамастан, көптеген өздерін тұлға деп санап жүрген азаматтардың құлдық мінезден әлі арыла алмай, қазақ халқын жетілген басқа ұлттардан төмен санауларының көрініс табуы қынжылтады. Бұл көрініс көбінесе маңызды саяси, мәдени және басқа да шараларды өткізгенде байқалады. Ұйымдастырушылар өз әрекеттерін қазақ халқының кең пейілдігі мен толеранттылық мінезі деген сылтаумен өздерінің басқа ұлт өкілдерінің алдында құлдық мінезден сіңген жігерсіздіктерін жасыруға тырысады. Бұндай қылық біздің елден басқа ешбір елде жоқ. Соның салдарынан әлі күнге дейін біздің елде мемлекеттік тіл өз деңгейіне көтеріле алмай келеді. Біз бөтен елдер мен басқа ұлт өкілдеріне өзіміздің мәдениеттілігімізді көрсетуде, тек парасаттылығымыз, нақтылы білімділігіміз бен жігерлі, намысқойлығымыз арқылы ғана сыйлы болатынымызды түсінуіміз қажет. Біз ең бірінші өзімізді-өзіміз сыйлап, қадірлеуді үйренгеніміз абзал. Өзін-өзі сыйламаған елді ешкім де сыйламайды. Өзін-өзі сыйлау деген басқа жұртқа бізде өркениет көшінен артта қалмай келеміз деп еліктеумен, жасанды мадақ, жарнама арқылы елімізді бөтендерге жақсы етіп көрсету емес. Ол өз халқымыздың асылын бағалап, рухани құндылықтарын бойымызға сіңіріп, ел мен жеріміздің намысына дақ түсірмей, кеудемізді кере дем алатын деңгейден көріну. Бірақ біз ата-бабамыздан қанымызға сіңген адамгершілік пен парасаттылықты, адалдық пен бауырмалдықты сақтап, ешқашанда пендешілік пен соқыр өзімшілдікке (ұлттық эгоизмге), тәкаппарлыққа жол бермеуіміз қажет. Халқымыздың осы мақсатқа жету жолында бірлігін нығайтып, ұйысуына залалын тигізетін рушылдық уынан, жершілдіктің жікшілдігінен сақтануымыз қажет. Біз қайрат пен жігерімізді, ынта мен ықыласымызды ұлттың бірлігі үшін жұмсайық. Ойланайық, ағайындар.

 

Болат Дүйсембі

(143)