mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Құдайды танымау Асанәлі көкеме лайық іс пе еді?

Ашынғасын айтамын да. «Евразия» телеарнасында «Кешкі кездесу» жүріп жатыр. Атақты Халық әртісі Асанəлі Əшімов 80 жаста. Атақ-абыройы бір басына жететін абызымыз құрмет биігінде. Шалқып отыр. Өмірдің түрлі соқпағынан өтіп мүжілмеген, қызығы мен шыжығына еңсесін түсірмеген тұлғаға бәрі жарасып-ақ тұр. Еркін сөйлейді. Қиядан шалады. Ойнақы сөзбен тұла бойыңды тербейді. Тек көзі құрғыр жасаурай бергені болмаса… Еңсесін тік ұстауға тырысады.

Жалындаған жастықтың ауылынан алыстағанымен, шалт қимылы шабан тартқан көңілін қамшылап қояды. Құрық түспей құтырған көк дөнендей жастығы көз алдынан өтіп жатыр ма, кім білсін?!
Көңілі қанша қарттыққа мойынсұн-бағанымен, беделі қыр асқан актердің бет-пішінінен уақыттың өрмекшісі салған әжім-торлар мен мұндалайды. Жақсы қартаюдың өзі екінің біріне бұйырмаған бақ қой, шіркін!
Құлдыраңдаған қос құлынын қара жерге тапсырып, жігерінің құм болғанын кім ұмытсын! Досың түгіл, дұшпаныңа тілемессің мұндай қайғыны. Соның бәріне мұқалмаған темір дене мен қорғасын төзім, келешекке деген сөнбес сәуле, жарқын күнге деген құштарлық Алланың берген ерекше сыйы демей көр. Бірақ же-тістіктің бәріне өз күші-мен жеткендей тапырақтау иманы әлсіз адамның бойынан жылт етіп көрініп отыратыны қандай өкінішті!
Қаншама арыстай әріптестері жалған дүниенің жалына жармасқанымен, ажалдың көкпарына түсіп қыршынынан қиылып кетті. Олардың көрмеген қызығын, аспаған асуын, шықпаған шыңын бағындырып, Тәңір берген талантымен дарабоз атанған ақса-қалдың енді қалған ғұмырында, өткенге салауат айтып, бергенге шүкірлік етіп, Алланы ұлықтап жүруі өзіне ғана емес, өскелең ұрпағы үшін де мәртебе, зор үлгі-өнеге емес пе?!
Алайда ел еркесі Асекең бұл үдеден шыға алмады. Оның ақсақалдыққа мүлде жат ерсі әрекеті Асекеңді пір тұтатын талайларды жерге қаратты. Өкінішті, әрине.
Ең алдымен рейтинг қуған, арзан сөзге құмар журналиспен жеке отырып коньяк ішті. Ұмытпасам, «60 жыл бойы арақ ішіп келемін» деп, араққа жарнама жасады. Арақты ақылмен ішуге кеңес берді. Ақылмен ішілсе, емге дәрі, бойға қуат береді екен…
Алабұртқан журналиске: «Мына коньягің «Асанəлі» емес пе?» — деп бір күлдіріп алды. Өз атының арақ-шараппен байланысы барына қуанғаны ма, мақтағаны ма бұл?.. Ол — ол ма, жедел сұрақтарға жауап беру барысында: «Құдайға сенесіз бе?» — деген журналист сауалына: «Бір күш бар, ол анық. Бірақ ана дүниеге барған ешкім жоқ қой. Меніңше, жұмақ деген — осы өмір. Тозақ — тіршілікте көрген қиындығың! Сондықтан Құдайға деген көзқарасым нақты емес», — деп, айды аспанға шығарды атақты актер. Тізе берсек, тырнақ астынан кір іздегендей боламын-ау….
Ата сақалы аузына түскен қарияның «қабір азабы» туралы түк сезінбеуі — оны бұрмалап келекелеуі исі мұсылман баласына жат қылық. «Кеудемнен жанымды алсаң да, жүрегімнен иманымды алма» деген даналардың тұяғы, жазық жерде шалыс басатындай не көрінді?! Атеистік көзқарастың сүйекке мұншалықты сіңетінін кім білген?! Дүниенің жалған екенін бір кісі білсе, осы кісі білуі керек еді. Əттең!..
Баяғының оқымаған шалдары «баратын жері» туралы бөстекі сөйлемей, дайындығын жасап отыратын еді. Арақты татып алмаушы еді. Өлім жайлы жиі əңгімелеп, жастарға ұлағатты ісімен үлгі еді. Сонысымен де қадірлі еді… ал қайран Асанәлі көкем…
Бүгінгінің шалдары бір түрлі болып барады. Аллаға сенбейді, көпіріп сөйлейді. Көз алдынан басқа еш нəрсені көрмейді… Əттең, бір кем дүние!..

(105)