Ауызсу – тіршілік көзі ғана емес, мықты денсаулық кепілі

Жұмыр жердегі барлық тіршілік сумен тығыз байланысты. Тауда, далада, бау-бақшада өсетін өсімдіктердің барлығы дерлік судың арқасында көгеріп, көктеп, нәрленеді. Жан-жануар, төрт түлік мал су ішіп, жем-шөбін жеп, қоңданады. Ал адам өміріндегі ауызсудың маңызы өте зор. Таза ауызсуды пайдаланған адамдардың денсаулығы жақсы болып, ұзақ өмір сүреді. Су өте таза, мөлдір болуы тиіс. Сумен шөлімізді қандырамыз, тамаққа пайдаланамыз. Су — мықты денсаулық, тазалық кепілі. Сондықтанда елімізде ауызсудың сапасын жақсарту туралы мәселе ешқашанда күн тәртібінен түсіп көрген жоқ.
Жуырда Алматы облыстық өңірлік коммуникация қызметінде өткізілген брифингте Алматы облысындағы ауызсу мәселесі жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Қанағатов жасаған баяндаманы назарла-рыңызға ұсына-мыз.

Республикада 1-орын, бірақ әлі де болса көкейтесті мәселелер бар

Бүгінгі таңда Алматы облысында 741 елді мекен бар. Қазіргі кезде оның 622 елді мекені (83,9%) орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерімен қамтылған. Бір сөзбен айтсақ, республика бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі бойынша 1-орындамыз. Осыған қарамастан, 110 елді мекен (14,8%) орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылмаған. Ал 9 елді мекен (14,8%) ауызсумен тасымалдау арқылы қамтылуда.
Өткен кезеңге көз жіберсек, 2014 жылы елді мекендердің сумен жабдықтау жүйелерімен қамтылу үлесі 69,0 пайыз болатын. Яғни 222 елді мекендерде ауызсу мәселесі өте қиын мәселе болып саналды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, телеарналарда облыстың елді мекендеріндегі ауызсу мәселесі жөнінде жиі-жиі сындар айтылып жүрді. Ауызсумен тұрғындарды қамту барысындағы атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылмаған елді мекендердің саны 222-ден 110-ға дейін қысқарды. Әрине, бұл жөнінде облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауы көп ықпал етті. Іссапармен барған елді мекендерінде тұрғындар үшін аса маңызды мәселе — ауызсудың жағдайын, сапасын өзі сұрап, біліп жүреді.
2011-2017 жылдары «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында атқарылған жұ-мыстардың нәтижесінде қосымша 131 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтылды. 431,7 186 елді мекеннің 431,7 мың тұрғындары үшін берілетін ауызсудың сапасы және су бұру қызметтері жақсартылды. Тұрғындарды орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесімен қамтамасыз ету үлесі 92,5% құрады.
2017 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту және салу бойынша 49 жобаны (сумен жабдықтау — 44, су бұру — 5) іске асыруға 6,7 млрд. теңге бөлінді. Биылғы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 2662,3 млн. теңге (РБ 567,1 млн. теңге, МБ 2095,2 млн. теңге) игерілді, бұл есептік кезеңде жоспарланған қаражаттың 99%.
Жылдың соңына дейін облыстың 18 ауылдық елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамту қарастырылған. Елді мекендердің сумен жабдықтау жүйелерімен қамтылу үлесі 86,4% немесе 640 елді мекенді құрайды. Барлық салынған сумен жабдықтау және су бұру нысандары мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға пайдалануға беріледі. Берілетін судың сапасы кәсіпорындардың зертханаларымен және аудандық және қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармаларымен тексеріледі.
Бүгінгі күнге барлық нысандар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары өндірістік жұмыстар кестелеріне сәйкес жүргізілуде.

«Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге
асырылды

2016 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік ифрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында (бұдан әрі — «Нұрлы жол» бағдарламасы) Ұлттық қордан сумен жабдықтау саласында 9 жобаны іске асыруға 4,0 млрд. теңге бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау мерзімі — 2017 жыл. Аталған нысандар бойынша 2,2 млрд. теңге немесе бөлінген қаражаттың 71 %-ы игерілді. Оның ішінен 2 нысан (Панфилов ауданының Лесновка, Ақжазық ауылдары) бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
Осы нысандар іске қосылғаннан кейін сумен жабдықтау қызметтерінің сапасы 5 ауылдық елді мекен мен 3 қаланың 263 мың тұрғындары үшін жақсарады. Барлығы 195,1 шақырым сумен жабдықтау желілері жаңғыртылып, салынады, желілердің тозуы 30%-ға төмендеп, желілердегі жоғалтулар 2,5%-ға қысқарады. Тұрақты 43 жұмыс орны ашылады. Құрылыс кезінде 237 адам уақытша жұмысқа орналастырылды.
2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында сумен жабдықтау саласында 4 жаңа жобаның іске асырылуына 2,1 млрд. теңге бөлінді. Ол Ақсу ауданының Көшкентал ауылы, Кербұлақ ауданының Шұбар ауылы және Талдықорған қаласы бойынша 2 жоба.
Бүгінгі күнге 2 нысан (Ақсу ауданының Көшкентал ауылы, Кербұлақ ауданының Шұбар ауылы) бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, 2 нысан (Талдықорған қаласы 2 жоба) бойынша мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық процедуралар өткізілуде.
Аталған 4 жобаны іске асыру барысында 60,1 шақырым сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту, салу және сапалы орталықтандырылған сумен жабдықтаумен 20 мыңнан астам тұрғындарды қамту жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс кезінде 93 адам уақытша жұмысқа орналастырылды.
2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтылуы 83,7% (сурет 1) немесе 622 елді мекенді құрайды. Республика бойынша облыс 1-орында тұр.
2014 жылдан бастап «Су құбыры» кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 254 дана (автокран — 10, ассенизациялық көлік — 5, эксковатор — 49, трактор — 49, тракторға тіркеме — 49, САГ — 46, полиэтилен құбырларын қосу үшін дәнекерлеу аппараты — 46) арнайы техника сатып алуға 1 млрд. 079 млн. теңге бөлінген. Бір сөзбен айтсақ, облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету облыс әкімдігінің басты назарында.

Су бұру туралы

Облыстың 58 елді мекенінде кәріз жүйелері бар. Бұл облыстағы елді мекендердің жалпы санынан 7,8 % құрайды. Кәріз желілерінің ұзындығы 1238 шақырым (желілердің тозуы — 58,5%).
Ауылдық елді мекендердің кәріз жүйелерімен қамтылу үлесі облыстағы ауылдық елді мекендерінің жалпы санынан 6,6% құрайды.
Толық және механикалық биологиялық кәріз тазарту имараттары Талдықорған (қуаты 36 мың м³/тәулік), Қапшағай (қуаты 25,4 мың м³/тәулік), Алакөл ауданы Үшарал қаласы (қуаты 7,0 мың м³/тәулік), Панфилов ауданы Жаркент қаласы (қуаты 7,0 мың м³/тәулік), Текелі қаласы (қуаты 11 мың м³/тәулік), Сарқан ауданы Сарқан қаласы (қуаты 0,8 мың м³/тәулік), Көксу ауданы, Балпық би кентінде (қуаты 1,4 мың м³/тәулік), Ұйғыр ауданы, Шонжы кентінде, Талғар ауданы Талғар қаласында (қуаты 1,2 мың м³/тәулік), Қарасай ауданының Қаскелең қаласында (қуаты 0,6 мың м³/тәулік) бар.
Талғар, Қаскелең қалалары және Іле ауданының Өтеген батыр кентінің бөлігі сарқынды суларын Алматы қаласының коллекторына жібереді (Сорбұлақ). Қалған елді мекендер механикалық тазарту имараттары арқылы сүзгіш алаңдарға тастау арқылы тазартады.
Ағымдағы жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында су бұру саласында 5 жоба («Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылының кәріз жүйелерінің құрылысы және қайта жаңғырту», «Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы өздігінен ағатын ағынды коллекторын қайта жаңғырту», «Сарқан ауданы Сарқан қаласындағы кәріз тазарту имаратының құрылысы», «Еңбекшіқазақ ауданы Маловодное ауылына дренаж жүйесін салу», «Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылына дренаж жүйесін салу») іске асырылуда.
Қапшағай қаласындағы кәріз-тазарту имаратының құрылысы және қайта жаңғырту бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қапшағай қаласындағы кәріз-тазарту имаратының құрылысы және қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге облыстық бюджеттен 86,0 теңге бөлінді. Сонымен қатар, жобаны іске асыру үшін жекеменшік капитал тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қапшағай қаласы Заречный кентіндегі кәріз-тазарту имаратының құрылысы және қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 83,8 млн. теңге бөлінді.
Алакөл көлінің туристік тартымдылығын дамыту мақсатында Ақши және Көктұма ауылдарында кәріз жүйелерінің құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Көл жағалауына кәріз желілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда.
Толық биологиялық тазарту имараттарының жаңа технологиялық зерттемелерін пайдалана отырып, су бұру мәселелерін кешенді шешу және көлдің табиғи тазалығын сақтау мақсатында Басқармамен «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесінде жаңа технологияларды ұсынған компаниялар тартылуда ( «Wavin-Labko», «REŠETILOVS», «ECONET Group» Финляндия компаниялары).

 

Түйін:
Алматы облысы республика бойынша тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 1-орында тұрса да, әлі де болса өңірде атқарылар жұмыстың көлемі қомақты. Әсіресе белгіленген жобаны іске асыруда жүргізілетін шаралар өте көп. Мысалы, елді мекендегі ауызсудың алдын ала мөлшерін білу үшін бұрғылау жұмыстарын жүргізу, тереңнен қазып алынған судың сапасын, химиялық құрамын анықтау, адамдардың пайдалануына бола ма, жоқ па деген сұрақтарға жауап алу және тағы басқа толып жатқан жұмыс процестері жүргізілуде. 2018 жылдың соңына шейін облыстың 92 елді мекенін ауызсумен қамту мәселесі шешімін табады деп болжамдалып отыр. Бүгінгі күні тұрғындар саны 50-ден аспайтын 9 елді мекенге ауызсу тасымалданады екен, өйткені арнайы су жүйесін тарту экономикалық тұрғыда тиімсіз болып саналады. Сонымен қатар жылдан-жылға тозығы жете бастаған су жүйелерін жаңғыртып отыру да қыруар қаржы қажет етеді.
Күнделікті тұрмысымызда үзіліссіз пайдаланатын ауызсудың көп жағдайда қадірін біле бермейміз. Дала төсіндегі сарқырай аққан өзен-бұлақтарды ластап, көлдерге қоқыс тастау бізде жалғаса беруде. Бұл өзі бөлек әңгіме. Алайда ауызсуға зәру болып отырған жұмыр жердегі елдердің қатары да көбейіп келеді. Жуырда Италияда судың тапшылығынан алаңдарындағы су бұрқақтары тоқтатылыпты. Жетісудың өзендер өрнектеген өлкесіндегі ауызсу мәселесі жылдан-жылға жақсарып, шешімін тауып отырғаны көңілге өте қонымды. Ауызс-удың қадірін шөлде-генде ғана білмейік.

Нұрила Бектемірова

(77)