Қостанайлықтар қандай тартулармен келді?

Астанада Қостанай облысының мәдени күндері өтіп жатыр. «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне орайластырылған шараға өңірдің ең үздік суретшілері, мүсіншілері мен өнер ұжымдары келді. Шара 5 тамыз күні «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіндегі Амфитеатрда Сүндет Байғожин, А. Мұздаханов, Р. Нүркей, Ш. Сейдахмет, Н. Арзамасұлы секілді өнер жұлдыздарының концертімен басталды. Дәл осы күні «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлерінен көрнекті қойылым көрсетілді. 6 тамыз күні Этноауыл сахнасында 150 орындаушының қатысуымен «Шырқар әнім — туған өлкем — Қостанай!» атты этно-фольклорлық стильде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

5-6 тамыз күндері «Қазақстан» спорт кешеніндегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Қостанайдан 33 тонна ет, 90 тонна сүт, 52 тонна шұжық пен ет өнімдері, 57 тонна нан мен кондитерлік өнім, 200 мың дана жұмыртқа, 93 тонна ұн және басқа да азық-түлік түрлері әкелініпті. Бұл реткі дүбірлі думанда ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалған жоқ. Спорттық шаралардың алғашқы легі қазақ күресінен басталды. Жамбы ату, асық ойындары және қыз қуудан көрсетілімдер өтті. Келесі кезекте «Қазанат» ипподромында өте жоғары деңгейде ат жарысы өтті. 15 айналымның соңғысында ғана қара үзген жамбылдық Елімбек Бұрғанақов мінген «Бақторы» иесіне автокөлік берілсе, екінші орынды иеленген «Баритонға» бір миллион теңге берілді. Үштікке қостанайлық Оразғали Жүсіповтің тұлпары ілінді. Аламан бәйгеде қарағандылық Нұрислам Өмірзақтың «Таймас» атты сайгүлігі соңғы минутта суырылып шықты. Оған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов JAC S3 автокөлігінің кілтін тапсырды. Екінші орын алған қостанайлық Сергей Үргенішбаев екі миллион теңге ұтты.
Тобыл өңірінен келген театр ұжымдары да Астана көрермендеріне тамаша қойылымдарын ала келіпті. 6 тамыз күні Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Ы.Алтынсаринге арналған «Дала шамшырағы» қойылымы 7 тамыз күні М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс театрында «Ақ келін» спектаклі сахналанды. Сондай-ақ, Астана қаласының Орталық алаңында «Бидің ғажап әлемі» атты хореографиялық шара өтті. Қостанай облысының Мәдени күндерінің жабылу салтанаты елорданың орталық алаңында ұйымдастырылды.

(12)