Курортты аймақты дамытудың мүмкіндіктері қалай?

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев іссапармен Ақмола облысында болды. Үкімет басшысы  Бурабай ауданының «Есіл Агро» ЖШС мен Көкшетау қаласындағы өндіріс және әлеуметтік ұйымдардың жай-күйімен танысты. Сапар барысында өңірдің даму қорытындыларын пысықтап, Щучинск — Бурабай курортты аймақты дамыту мақсатында кездесулер өткізді.

2017 жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумның туризмнің бәсекелестікке қабілеттілік индексі бойынша Қазақстан әлемнің 136 елінің арасында  81, 2015 жылы  85-орында, ал  2011 жылы  93-орында болғандығын ескерсек, Қазақстан туризмі жыл санап ілгерілеп келе жатқаны байқалады.

Үкімет басшысы сапар басын Бурабай ауданындағы іргелі шаруа-шылықтардың бірі «Есіл Агро» ЖШС-нің мал шаруашылығы кешенінің тіршілігімен танысып, серіктестік дайындаған сүт және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалаудан бастады. Одан соң Бақытжан Әбдірұлы аталмыш шаруашылықтың егіс алқабында болып, облыстық ауыл шаруашылығы бас-қармасы басшысының биылғы жылғы егін шығымдылығы, орақ науқаны жайындағы есебін тыңдады.
Келесі кезекте Бурабайда салынып жатқан ірі халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндігі бар республикалық шаңғы базасының құрылысымен танысты. Жоба құны 15,1 миллиард теңгені құрайды екен.
«Әлем» қонақүйінде курортты аймақтағы туризмді дамыту жайында мәжіліс болып, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туризмнің қазіргі жайы мен болашақ даму бағдары жөнінде баяндама жасады. 2017 жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумның туризмнің бәсекелестікке қабілеттілік индексі бойынша Қазақстан әлемнің 136 елінің арасында 81, 2015 жылы 85-орында, ал 2011 жылы 93-орында болғандығын ескерсек, Қазақстан туризмі жыл санап ілгерілеп келе жатқаны байқала-ды. Кеңесте бірнеше мақсаттар алға қойылды. Отандық туризмнен түсетін табыс көлемі 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 8 пайызына жету. Туризм саласына кә-сіпкерлерді белсенді тарту, яғни туризмнің дамуы отандық бизнестің дамуымен қатар жүрмек. Елбасы тапсырмасы бойынша биыл Үкімет 2023 жылға дейінгі мерзімге арналған Қазақстанның туризм саласын дамыту тұжырымдамасы қабылданған болатын. Онда саланы дамытудың 6 басым бағыты айқындалған. Онда «Табиғат және көшпенділер мәдениетінің бірлігі» кластеріне Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының көшпенділер мәдениеті мұралары енгізілді. Бурабай курортты аймағы осы кластердің негізгі өзегі болады.
«Табиғат және көшпенділер мәдениетінің бірлігі» кластерін негіздеп, халықаралық дәрежедегі спорттық, мәдени, балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі шаралар, фестивальдер мен конкурстар өткізіліп тұратын болады. Мәдениет және спорт министрлігі осы бағытта жұмыс жасайды.
Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин курортты аймақты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Аймақ басшысының айтуынша, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Щучинск — Бурабай курортты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін ҚР Үкіметі және Ақмола облысының әкімдігі тарапынан мақсатты жұмыстар жүргізілуде. «Жоба бойынша 2012-2013 және 2014-2016 жылдарға арналған екі кезеңдік бағдарлама жүзеге асып, нәтижесінде 43 жоба аяқталып, 12 миллиард теңге қаржы игерілген. Биыл инфрақұрылым бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін 5,4 миллиард теңге бөлініпті. Мәліметтерге жүгінсек, соңғы 6 жылда Ақмола облысына келетін туристер саны 2 есеге артып, туристік қызмет көлемі 5 есеге ұлғайған. Жаз маусымында туристер саны 500 мыңнан асса, ал, жыл ішінде 1 миллионға жетеді. Жалпы, 2011-2016 жылдары облыста туризм саласы бойынша демалыс индустриясы жобасына 24 миллиард теңге инвестиция тартылып, 49 жоба жүзеге асыпты.
Бүгінгі күні ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысушылар мен қонақтарына курортты аймақтың 100 демалыс нысандары есігін айқара ашып отыр. Оның 95-і Бурабайда, 4-і Зерендіде және 1-і Қорғалжын өңірінің аумағында орналасқан. Курортты аймақты дамытуға арналған бес бағыттан тұратын жоба бойынша Шабақты көлі аумағын көпшілік демалатын орынға, Щучье көлі аумағын премиум-класты туризм аймағына айналдыру. Қатаркөл көлі аумағында ат спорты және балалардың сауықтыру туризмі, Сарыбұлақ ауылында экоауыл құру, Жүкей көлінің аумағында кемпингті дамыту сияқты жобалар бар.
Мәжілісте еліміздегі туризм саласын дамытудың болашағы жайында Қазақстан туристері ассо-циациясының президенті Рысты Қарабаева, «Зерен нұр» ЖШС директоры, Ақмола облыстық туристік бизнес ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұлтанов саланы дамытуға қатысты ұсыныстар келтірді.
Бұдан соң Үкімет басшысы Көкшетау қаласына ат басын бұрып, облыс орталығындағы Еңбекпен қамту орталығы қызметімен танысты. Еңбекпен қамту орталығында Бақытжан Сағынтаев операциялық залды аралап, қызметкерлермен әңгімелесті. Мекеме директоры Ерік Мұратбеков өңір тұрғындарын еңбекпен қамту жайлы таныстырды.
2017 жылы орталықтың жәрдемдесуімен 706 адам еңбекпен қамтылып, 90-ға жуық адам кәсіп игеріп, 33 адам жастар іс-тәжірибесін игерген. 2017 жылдың І тоқсанында Ақмола облысында 7 420 адам, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен — 4 055, уақытша және маусымдық жұмыс орындарымен — 3 162, қоғамдық жұмыспен төленетін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2 066 адам жұмыспен қамтылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 % құрайды.
Үкімет басшысы облыс әкімшілігінде кәсіпкерлермен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерді талқылады. Кездесу барысында қатысушылар туристік саланы дамытуға бөлінген қосымша қаражаттың бөлінуін, сауда нарықтарын жаңғыртуды, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға бюджетті арттыруды, ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері кооперативтерін қаржыландыруды, елді мекендердің бас жоспарын түзетуді, сонымен қатар Қазақстанда шағын индустриялық аймақтарды дамыту жайында өңір кәсіпкерлері өз ой-пікірлерін ортаға салды. Көтерілген мәселелерге орай ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Алик Айдарбаев және ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов түсінік берді.
Кездесу аясында жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы және «Серпін» әлеуметтік жобасын іске асыру мәселелері, бизнес ортаны дамыту, шағын несиелендіру, кәсіби және техникалық білім беру, сонымен қатар жұмыссыздарды оқыту мәселелері қозғалды.
Кездесуден соң Үкімет басшысы «Тыныс» АҚ-ның тыныс-тіршілігімен танысты.
Дахан Шөкшир

(7)