Батысқазақстандықтар өз өнерлерімен тәнті етті

31 шілде мен 4 тамыз аралығында Батыс Қазақстан облысының мәдени күндері болып өтті. Ақжайық өңірінен бас қалаға келген өнерпаздар неше күн бойы Астана аспанын думанға бөледі. 31 шілде күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен тілшілермен болған кездесуде, Батыс Қазақстан облысы әкімінің облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов осы реткі шара барысында өтуге тиісті концерттік бағдарламалары мен өңірдің экономика және ауыл шаруашылығы саласындағы жеткен жетістіктері туралы баяндама жасады. Яғни 31 шілде мен 4 тамызы аралығында Астанадағы Батыс Қазақстан облысының мәдени күндері аясында 10 концерттік бағдарлама, 8 спектакль және этноауылда кеңейтілген қолөнер шеберлерінің және мұражай көрмесі ұйымдастырылмақ.

А.Өтеғұлов БҚО-ның инвестициялық тартымдылығын арттыру мен инвестициялар тарту бойынша қабылданып жатқан шараларға да тоқталды. Мысалы, ет өңдейтін «БатысМаркаЛамб» ЖШС Ирандағы ет өнімдері бойынша ең ірі «Санайе» компаниясымен келісімшарт жасасып, өнімінің алғашқы легін экспортқа жіберген. Иран елімен орнатылған тиімді қарым-қатынастың нәтижесінде бүгінде мұнай-химия кәсіпорны мен ет өнімін тасымалдау бойынша екі жоба жүзеге асырылыпты. Журналистермен кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары туристік саланы дамыту мақсатында да бірқатар шаралар қолға алынып, инвесторлар тартылып жатқанын айтты. Бұдан кейінгі жердегі дүбірлі думан батысқазақстандық өнер ұжымдары мен қолөнер шеберлерінің және спортшылардың шеруінен басталды. 31 шілде мен 4 тамыз аралығында Этноауылда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Жайықтың жауһар мұралары» атты музей көрмесі мен «ЭКСПО — 2017: әлем көрмесіне саяхат» атты сәндік қолданбалы қолөнер шеберлері және суретшілер көрмесі болды.
Сонымен қатар, «Жазира Жайық» атты мәдени шара барысында Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның әншілері Қатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Күләш Қуанышқалиева халық әндерін орындады. «Назерке» және «Ақжайық» ансамбльдері би қойылымдарын әсем орындады. Этнофольклорлық ұжымдардың концертінде Қазталов, Зеленов, Тасқала аудандарының өнерпаздары да ән-күй мен термелер, би қойылымдарын ұсынды. Сондай-ақ, Жайықтан келген театр саңлақтары да Арқа жұртына өз қойылымдарын ұсынды. «Қазмедиа» орталығының залында Орал қаласының өнер ұжымдарының концерттері, 3 тамызда Астана қаласы әкімдігінің алдындағы алаңда Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Назерке» халық би ансамблінің және «Бәйтерек монументі» алаңында Орал қаласы өнер ұжымдарының концерттері елорданың мерекелік сәнін келтірді. Қазақстанның батыс қақпасы саналатын аймағымыздың республикадағы орны ерекше. Өндірісі өрге басып келе жатқан облыс, биылғы жылы Қазақстанда тұңғыш рет өтіп жатқан айтулы көрмеге өңірдің айшықты келбетін көрсететін бірнеше жобаларды да әзірлеген екен.

(5)