Қазақша сайраған Жапония павильонының таңғажайыптары SMART MIX WITH TECHNOLOGY

Жапония елі «ЭКСПО — 2017» көрмесіне «SMART MIX WITH TECHNOLOGY» тақырыбымен келіпті. Табиғи байлықтарға тапшы күншығыс елі, өздерінің қажырлы еңбектері мен ғылыми жетістіктері арқасында әлемде алдыңғы қатарлы, дамыған елге айналып отыр. «ЭКСПО — 2017» көрмесіне келген саяхатшыларды ең қызықтыратын павильондардың бірі — Жапония павильоны. Жаңа энергия көздерін пайдалану жағында жаһанға үлгі болған жапондардың жетістіктерімен толықтай танысу қонақтардың көңіліндегі арманы болмақ. Күншығыс елінің павильоны 3 залдан тұрады. 1-бөлікте табиғи қоры шектеулі Жапонияның түрлі энергетикалық проблемаларды шешу жолындағы жапон халқының жинақтаған зияткерлік әрі технологиялық тәжірибелері ұсынылған. 2-бөлігінде қонақтар жапон халқының ақыл-ойы мен рухы сақтала отырып жасалған жобаларды кең экранды монитор мен смартфондар арқылы тамашалай алады. Ал 3-бөлікте саяхатшыларға үздік технологиялар мен қоршаған ортаны келеңсіз әсерді азайтатын болашақтың технологиялары жөнінде таныстырылым. Мұндағы мақсат — адамзатқа энергия көздерін ақылмен пайдалануды үйретіп, өмір сүру сапасын көтеру. Осы арада жапондардың 3 бөлікке бөлінген павильондарында орнатылған экрандарында барлық таныстырылымдарды тек қазақ тілінде дайындағандығын айта кеткен жөн. Ағылшын, орыс тілдеріндегі аудармалары экранның төменгі жағында жүгіртпе жолдармен берілген. Ендеше, «қазақша сайрап тұрған» жапон азаматының айтқандарынан түртіп алған тұстарымызды оқырманмен бөлісіп көрейік.

Олар қалай байыды?

«Жапония экономикасы 1960 жылдары қарқынды дамыды. Энергия шикізатын көп мөлшерде импорттау мен индустрияландыру нәтижесінде халықтың тұрмыс деңгейі айтарлықтай көтерілді. Алайда 1970 жылы өңделмеген мұнай бағасы кенет қымбаттап, жапон экономикасына нұқсан келтірді. Осы сәтті пайдаланып, Жапония энергия үнемдейтін автокөліктерді, тұрмыстық техниканы шығарды. Сонымен қатар, атом энергетикасы сияқты баламалы энергия көздерін пайдалану арқылы табиғи қоры аз мемлекет мұнайға негізделген экономикадан алшақтауды мақсат тұтты. Энергетика саясатына қарай ығысып, Жапония дамудың жаңа жолын бастап кетті. Ал жаһандық жылынудың алдын алу мақсатында көмірқышқыл газының бөлінуін азайтуды қолға алды. Яғни жаңартылатын энергия көздері саласындағы технологияларды әзірлеуді бастады. Бастапқыда өндірістік және көлік жүйесіне енгізілген энергия үнемдеу әрекеті кейін халықтың өмір сүру салтына айналды. 2011 жылы болған зілзала мен цунамиден кейін мемлекеттің энергетика саясатында жаңа бағыт ұстанудың қажеттілігі туындады. Энергия шикізатынан кейін Жапония жинаған тәжірибесі мен технологиясын қолданып, қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етті». Бұдан әрі қарай күншығыс елінің қоршаған ортаны ластамайтын көліктері, жаңа энергия көздерінен қуат алатын құрылғылары мен олардың жасалу барысы таныстырылды. Таныстырушылардың айтуына қарағанда, көлік жасау саласына мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде сутекті жанармаймен жүретін көліктер нарыққа шыға бастаған екен. Ортаны мүлдем ластамайтын бұл көліктерді Toyota және Honda сияқты алпауыт компаниялар бірнеше жылдың алдында-ақ қолданысқа енгізген. Сол арқылы сутегі энергетикасына бағытталған жобалармен жұмыс істей бастаған жапондар экология мәселелеріне баса мән беріп, ауаға таралып жатқан көмірқышқыл газын азайтуды қолға алған.

Байлықтың қайнар көздері

1979 жылы Жапон елі «энергия үнемдеу заңын» қолданысқа енгізе отырып, елдегі көлік жасаушы кәсіпорындарға «өнімдерінің мемлекет белгілеген өлшемде жанар-жағармай қолдануы керектігін» ескертті. Осыдан кейінгі 30 жылдан астам уақыт зор ізденістің нәтижесінде энергия үнемдейтін көліктер жасаудан Жапония әлемнің алдыңғы қатарына шығып, жалпы көлік өндірісінің 90 пайызын монополиялауға көшті. Энергия үнемдейтін және қауіпсіз машиналар легін шығаратын технологиялардың зерттеу жұмыстары Жапония электр машиналары, гибрид машиналары және жасыл дизель машиналары жаңа буын машиналарының саласында ерекше технологияларға иелік етеді. Сонымен қатар, машина мен көліктің қолайлылығын арттыратын жүйелерді дамыту арқасында энергия үнемдеу саласындағы зерттеулер де қарыштап дамып келеді. Шикізат қоры аз Жапония мемлекеті электр стансаларынан бастап, энергетика саласында əртүрлі технологияларды ойлап табумен айналысып жатыр. Осылайша, кеңінен қолданылатын энергия түрлеріне де жаңа технологиялар мен толықтырулар енгізу нəтижесінде тиімді, қауіпсіз және энергияның қоршаған ортаға зиянды əсерлерін азайту шаралары қолданылып келеді.
Су энергетикасы: Жапонияның климаты мен жер бедеріне сәйкес келетін энергия көзі. Атом энергетикасы. Қысымдалған су реакторлы АЭС.
Жылу энергетикасы: Тиімділігі жоғары көмір қолданатын ЖЭС. Көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларынан бөлінетін CO2 мөлшерін (Mt-CO2) жапон технологияларының көмегімен азайту. Жылу энергетикасы — қазіргі таңда әлемде электр энергиясын өндіру үшін ең көп қолданатын әдіс. Барлық жағынан ойластырылған, тиімділігі жоғары және көмірқышқыл газы бөлінуін азайтуды мақсат ететін Жапонияның жылу энергетикасы технологиясы әлемдегі ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Табиғи энергия: Табиғаттың күшін қоғам болып пайдаланатын энергияға айналдыру. Табиғат күшін кеңінен қолданатын технология. Жапонияда қоршаған ортаны пайдалану арқылы өндіретін «жаңартылатын энергия» саласындағы әртүрлі технологиялар белсенді түрде дамып келеді. Сонымен қатар, электр энергиясын сатып алу сияқты стратегияларға байланысты ауқымы үлкен қондырғылардан кәдімгі тұрғын үйлерге дейін кеңінен таралуда.
Жел энергетикасы: Теңіз үстіндегі қалқыма жел электр станциялары. Жапондық жел энергетика саласы шектеулі жерді тиімді пайдалану жағынан тартымды болған соң, жергілікті әкімшілік бастамалары арқылы алға жылжып келген. Қазір өнеркәсіп, үкімет және мектептер бірігіп, үлкен жобалар да ілгерілеп, әлемдегі ең үлкен теңіз үстіндегі қалқыма жел электр станцияларын дамытуды қолға алып жатыр.
Күн энергетикасы. «Мега солар» жобасы — әртүрлі күн модульдарын жасап шығару. Жапонияда «Мега солар» деген үлкен жобалармен қатар, кеңсе, зауыт немесе тұрғын үйлерге де күн қондырғыларын орнату кеңінен таралып келеді. Төбелерден бөлек, тұрмыстық деңгейдегі әртүрлі жерлерде күн энергиясының мүмкіндігін пайдалану технологиялары дамып келеді.
Геотермальды энергетика. Геотермалды энергетика жүйесі. Жанартауы көп Жапония геотермальды энергетика саласына ертерек көңіл бөлді. Қазіргі кезде әлемдегі геотермальды турбиналардың 70%-ын жапондық өндірушілер құрастырған. Үлкен қондырғылар ғана емес, ыстық бұлақ сияқты нысандарды пайдаланып, жергілікті қоғаммен тығыз байланыстағы кішігірім қондырғыларды орнату қолға алынып жатыр.
Сутегі энергиясы. Сутегі энергиясы болашақтың энергиясы ретінде бүкіл әлем назарында. Жапония бұл энергияны пайдалануды алғашқылардың бірі болып бастап кетті. Үй жағдайында пайдаланатын отын элементті аккумулятор немесе отын элементті аккумуляторлы машиналарды әлемде тұңғыш болып сатылымға шығарып, сутегі станцияларын орналастыру жағынан алға шығумен қатар, Жапонияда «сутегі қоғамын» құруға бағытталған әрекеттер жүріп жатыр.
Теңіз балдыры биомассасы. Жапонияда тағы бір энергия көзі ретінде теңіз балдырынан биотын алу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Өсімдіктен алынатын биоотынға қарағанда, «балдыр биоотынын» өндіру тиімділігі жоғары. Жапонияда осыны жүзеге асыратын зерттеулер жүргізіліп жатыр. 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада және паралимпиада кезінде осы отынды қолданатын ұшақты ұшыру жоспарланып отыр.

Ғаламшар тазалығына қосқан зор үлес

Қоршаған ортаға шығарылатын көмірқышқыл газының зиянын азайту үшін Жапон ғалымдары үздіксіз зерттеулер жасап келе жатыр. 1997 жылы мемлект «жаңа энергия көздерін пайдаланудың ерекше шаралары» атты заң жобасын мақұлдаған. Бұл заңға сәйкес жаңартылатын энергия көздерінен пайдалана отырып, электр қуатын шығаратын станциялар тұрғызу сияқты шараларды қолдана отырып, мұнайға тәуелділікті азайту. Бұдан бөлек Жапония билігі жаңа энергия көздері туралы белгілемелер мен заң тармақтарын қабылдаған. Аталмыш саланы заңмен қамтамасыз ету 1970 жылдардан басталған. 1974 жылы «Жаңа энергия көздерін ашу жоспары» ресми түрде белгіленсе, 1978 жылы «энергия үнемдеу технологиясын жетілдіру» туралы қарар қабылдаған. 1993 жылы «жаңа энергия өндірісі мен экологияны қорғау мәселелерін зерттеуді дамытуды» жолға қойған. Бұдан бөлек, күншығыс елі жаңа энергия саласын дамытуды мемлекеттік деңгейде маңызды орынға қоюмен қатар, жаңа энергия саласын зерттеу ісіне де қыруар қаржы бөлген. 1996 жылы 47,9 миллиард Жапон иенін бөлсе, 2004 жылы 161,3 миллиард иен ақша бөліп, осы саланы ашуға бағытталған технологиялар мен зертханаларды мемлекет қазынасынан қаржыландырған. Бұл көрсеткіштер жыл сайын көбейтіліп келе жатқандығын ескерсек, Жапонияның ғаламшар тазалығы үшін қыруар қаржы жұмсап жатқандығын аңғарамыз. Заңдық және қаржылық жақтан қолдауды мемлекеттік деңгейде қолға алған жапондар «энергия қаупсіздігі», «экономикалық тиімділік», «қоршаған ортаға залалсыздығы» сынды бірнеше талапты Жапонияның жаңа энергия саласын дамытудағы басты ұраны етіп отыр. «Энергетикалық ресурстары жұтаң бола отырып, Жапония экологиялық проблемалар бойынша мәселелер мен экономикалық өсіммен бірге өсіп келе жатқан энергия тұтынуды шешу үшін мемлекет тұрғындары белсенді тарта отырып, энергияны үнемдеуді дамыту үшін, энергияның жаңа түрлерін енгізу мен атмосфераға жылыжай газдары мен СО2 шығарылуын қысқарту үшін бар күшін салды. «Астана ЭКСПО — 2017» «Болашақтың энергиясы» Халықаралық көрмесінің тақырыбын ашу үшін жеке ұсынысымыз ретінде біз бүкіл әлемге қоғамның жаһандық мәселелерін шешу үшін өз үлесін қоса алатын Жапонияның жоғары технологиялық әлеуетін көрсетеміз» дейді ЭКСПО-ға келген саяхатшыларға қызмет көрсетіп жатқан жапондықтар.
Егер сіз жолыңыз түсіп, Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО — 2017» көрмесін тамашаласаңыз, міндетті түрде Жапония павильонына соға кетіңіз. «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, бұл арадан тіпті де көп деректер мен қызықты видеоларды тамашалай аласыз. Ғылым-білім саласында жетекші орында келе жатқан инабатты да кішіпейіл жапондықтардың жетістіктері күллі адамзатқа өнеге болары сөзсіз.

Бетті дайындаған —
Ерқазы Сейтқали

(27)