Саналы, салиқалы өмір кешкін (Педагог қарындасым Көмекова Роза Шәкенқызына арнаймын)

Барып едім мектепке ерте бір күн,
Келіп жетті құлаққа ерке үнің.
Тәртіпті айтқан сол ерке үніңнен тек,
Өлең туды, тебіренді жүрек, шіркін.

Ашық мінез жайдары,
жатсынбайтын,
Айтқан сөзді зер салып
нақ тыңдайтын.
Мінезіңді ұнаттым, қарындасым,
Мылжың сөзді
албаты жақтырмайтын.

Сендей қыздар қазақтан туа берсе,
Үлгі етіп ұрпақтар соңына ерсе,
Білімділер көп шығып болашақта,
Қуанар ем төбеміз көкке жетсе.

Жалтақтамай басқаға, болып еркін.
Саналы, салиқалы өмір кешкін.
Сендей мықты педагог қарындасты
Қоса алмайды өсек пен сөзге ешкім.

Ақылыңа сымбатың тең келгендей,
Көрген адам от болып өртенгендей.
Теңдесі жоқ періште сияқтысың,
Шабыт сыйлап ақынға, дем бергендей.

Сыңғырлаған бұлақтай даусың қандай,
Естігеннің тыңдайды есі қалмай.
Кешір мені, Розажан, амалым жоқ,
Қарай бергім келеді көзімді алмай.

Алтын тісің жарқырап ақ маржандай,
Нұр жарқырап аузыңнан шам жанғандай,
Сұлулыққа ынтыққан жандар
болса,
Құмарлары бір қарап,
нақ қанғандай.

Қыр гүліндей жайнаған,
қарындасым,
Ақ тамақ құс, ару сен,
қарылғашым.
Нұр жүзіңнен кетпесін
күлкің мәңгі,
Бұл өмірде ақпасын
көзден жасың.

Ақ қанатты аумайсың ару құстан,
Азаматтың арманын алып ұшқан.
Өкініші жоқ шығар, еш арманы,
Жігіттің сені сүйіп, сені құшқан.

Әйтеуір, маған солай көріндің сен,
Десем қалай өзіңді жұлдызбен тең.
Кешір мені, қарындас, айып етпе,
Дәл бағаңды өзімше бердім десем.

Мен әуейі емеспін, алып қашпа,
Уәде берем, шын сөзім қарындасқа.
Жақсы көрем оқыған, жақсы қызды,
Өзің жайлы ойым жоқ одан басқа.

Еңбек еткен аянбай ұрпақ үшін,
Сол ұрпаққа арнаған барлық күшін.
Дәл өзіңдей ұстазға жыр арнаған
Ақын жанын, қарындас, жақсы түсін.

 

Рафих Қоғайұлы
Алматы, Үшқоңыр
30.07.2017

(22)