ЖҰМЫСКЕРДЕ ӨТКЕН ТОЙ (ауыл күні)

Ауылымда бір той өтті дүркіреп,
Ақсақалдар бата берді нұр тілеп.
Белгісіндей қабыл болған дұғаның
Шаң басарлық жаңбыр өтті сіркіреп.
Итазу мен Көбентайдың арасы
Жайнаң қақты, өзен күліп, қыр түлеп.

Қатар-қатар киіз үйлер тізіліп,
Қызмет қылды қыз-келіншек сызылып.
Ақ әжелер көздеріне жас алды
Қуаныштан көңілдері бұзылып.

Сары қымыз, қазы-қарта, жал-жая,
Балқаймақтың дәмі қандай, балдай, ә!
Самауырлар иінінен дем алып,
Дайын болды, кел, қонағым, ал, тая!

Әуелетіп Қайрат салған ән қандай,
Қариялар бір жасарып қалғандай.
Жалғас күйші күмбірлете күй төкті,
Мүмкін емес тыңдау оны таң қалмай.

Балуандар шықты ортаға сыбанып,
Төрешіде бұрмалау жоқ, бұл анық.
Ұмтылады бір-біріне ұстап ап,
Қара жерге қағатындай сына қып.

«Іл аяқтан, жамбасқа сал, шал, бұра!
Атып ұрсай, не қып жүрсің салбырап?!»
«Оңайын-ай, пішту» дейді біреуі,
Екіншісі жүрген жоқ па аңдып-ақ.

Ақ тақырда сайлап алып сақасын,
Жанына алып жанкүйері — атасын,
Шүпірлейді бала біткен шуылдап,
Тигізсе мәз, ата алмаса, қапа шын.

Беріректе нағыз қызық басталды,
Сайысуға талай мықты жасқанды.
Көтересің екі жігіт әрең деп
Мойыныңа салып берген қошқарды.

Біреу-екеу, отыз жеті…, қырық бір,
Оңай емес, жанкүйерлер біліп тұр.
Жеңсін десең бұл сайыста ауылдас,
Балуаныңды жатпай-тұрмай шынықтыр!

Ақадырдан келген өнерпаздарың
Тарту етті биін, күйін, сазды әнін.
Ауылымның жалындаған жастары,
Түсінгенім — біріккенің озғаның.

Бесін өтіп, ақшам келді байқалмай,
Қонақтар жүр тойды қиып
қайта алмай.
Жұмыскердің бірлігі мен тірлігін
Тойшыл қауым кетті мақтап,
айта алмай!

Мұрат Жадаев,
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Жұмыскер ауылы

(15)