Тәңірі тілеуін беріпті

Жаңбырлы түні адасқан бұған бейтаныс әйел есігін ашты. Бірақ есік қаққан адам сол әйелдің өмірін өзгертем-ау деп еш ойламаған еді.
Дәрігер Марк — онкология саласының атақты маманы. Бір күні ол басқа қаладағы өте маңызды конференцияға жиналады. Онда өзін медицина саласындағы соны зерттеуіне қатысты арнаулы марапат күтіп тұрған еді. Бұл конференцияда көп жылдық еңбегі бағалануы тиісті. Дәрігердің жүрегі атқақтап, көңілі қобалжыды.
Көкке самғаған ұшақ екі сағаттан кейін техникалық себептермен ең жақын әуежайдың біріне қонуға мәжбүр болды. Дәрігер конференциядан қалып кетем деп қауіптенді. Жеткен әуежайдан жалға көлік алып, діттеген жеріне қарай асықты. Бірақ, көлікпен шыққаны сол еді, ауа-райы күрт бұзылып сала берді. Дауыл басып кетті. Тоқтамай сіркірей жауған ақ жауынның кесірінен дәрігер бұрылыстарды шатастырып, адасып кетеді.
Екі сағат бөтен жерді шарлап, қалжыраған ол адасқанын түсінеді. Аш өзегіне түсіп, әбден шаршаған ол тоқтайтын жер іздейді. Біраз жер жүрген соң, жол жиегіндегі сүреңсіз бір үйге тап болады. Торыққан дәрігер не де болса есікті қағып көрейін дейді.
Есікті сұлу келіншек ашады. Дәрігер басынан өткен жағдайды түсіндіріп, телефон шалуға рұқсат сұрайды. Бірақ келіншек бұл жерде телефон жоқ дейді, ауа райы түзелгенше үйге кіріп, күте тұруына болатынын айтады. Қарны аш, үсті су, шаршаңқы дәрігер келіншектің ұсынысын қабылдап, үйге кіреді.
Келіншек ыстық шай беріп, тамақтандырады. Сосын «менің дұға жасағаныма қосылсаңыз болады» дейді. Бірақ дәрігер Марк онысынан бас тартады. Ол жымиып, тек еңбекқорлыққа сенетінін айтады. Дастархан басында шай ішіп отырған дәрігер шырағданның сәулесінен әрең көрініп тұрған үй ішін көзбен тінтіп, әйелдің қимылын бағады. Келіншек бесіктің жанында сыйынып отыр екен. Дәрігер келіншектің бір мұқтаждығы барын түсінеді. Дұғасын айтып болған кезде келіншектен жағдайды білгісі келіп, не үшін дұға қылатынын, Құдайдан не тілейтінін сұрайды. «Құдай тілегіңді естиді дегенге шынымен сенесің бе?» — деп таң қалады. Сосын. «Өзің дұғаңа қосып отырған бесіктегі балаға не болған?» — дейді. Келіншек мұңлы жүзбен жымиып, бесікте өзінің ұлы жатқанын айтады, ол обырдың ең сирек кездесетін түріне шалдыққанын, оны тек алыс қалада тұратын Марк есімді дәрігер құтқара алатынын баян етеді. Алайда келіншектің ол дәрігерді іздеуге шамасы жетпейтінін, ақшасы жоқтығын мойындап, әзірге Құдай оның тілеуіне жауап қатпағанын, бірақ ол дұға жасап, сыйынуын тоқтатпайтынын, ешкім де, ештеңе де оның сеніміне ешбір қылау түсіре алмайтынын айтады.
Естігеніне сенер-сенбесін білмей дал болып отырған дәрігер Марк көз жасына ерік береді. Жаратқанның мейірі шексіз деп мойындайды. Бүгін таңнан бері басынан кешкен оқиғаның бәрі: ұшақтың сынуы, жаңбырдың құюы, жолдан адасуы осы балаға әкелген ақ жол екен деп түйеді. Бәрі осы жапандағы жалғыз үйдегі көңілі жаралы келіншектің дұғасына Құдайдың құлақ асуынан болған екен. Дәрігердің материалдық әлемнен шығып, Құдайдың қалауымен дұғадан басқа қаруы жоқ кем-кетікке көмектесуге мүмкіндік берілгені екен. Жаратқанның өзі даярлаған әр сынаққа дайын болыңыз. Өмірде кездейсоқ жағдай болмайды.
Аударған —
Шынар Әбділдә

(9)