Мен әйелмін

Мен әйелмін! Отбасын асырауға жаралмағанмын. Мен отбасымды асырау үшін ешқашан дайындалмағанмын. Бұл үшін күйеуім бар емес пе?..
Мен тек қана ана болуға, бесік тербетуге жаралғанмын. Күйеуімнің көңілін тауып, қас-қабағын бағуға жаратылғанмын. Өйткені, мен әйелмін!
Мен әйелмін! Көше бойы зулаған көліктің қалай жүретінін білгім келмейді. Сонымен қатар сол көлікті тізгіндеп, жауапкершілікті өз мойныма алғым келмейді. Жанармай бекетінде көлігіме жанармай құйғызып тұрғанымды көз алдыма келтіре алмаймын.
Баспана тұрғызу үшін ер адамдар жұмыс істейтін ағаш базарына барып немесе темір ұсталарына барып, олармен саудаласып жүргім де келмейді.
Мен әйелмін! Тек бала табумен шектеліп қалғым келмейді. Балаларымды тәрбиелесем, өсіп-өнгенін көрсем, олардың ең жақын адамы болсам деймін. Оларды «адам қыла-тұғын», «тұлға ете-тұғын» мекемелерге тапсырғым келмейді. Яғни, балалар бақшасы, интернатқа өткізбеймін. Олар зат емес, менің бауыр етім. Олармен бірге көп уақытымды бірге өткізсем, бірге ұйықтасам деп көксеймін. Әрбір қызығушылықтарын қолдасам, қызықты ойындарын бірге ойнасам…
Перзенттерінен қолынан келместі талап етіп, тым жоғары талап қоятын, міндетті түрде қызыл диплом күтетін, бағалы сыйлықтар күтетін ана болғым келеді. Мен тек балаларымның амандығын, анаға деген мейірімділігі мен жылы қарым-қатынасты күтемін.
Мен әйелмін! Сүйікті жарыма тек қағаз жүзінде, заң бекітіп берген неке куәлігі жүзінде ғана өмірлік жолдас болғым келеді. Оның ең қымбатты, бағалысы, асылы болғым келеді. Оның жанын түсінетін жақын досы болғым келеді. Оны қолдап, қуаттандырып отырғым келеді. Әйелдік күш-қуатымның оған және балаларыма тиісті болғанын қалаймын.
Күйеуім үшін үйімді жылы ұя-ға, берекесі тасыған, тыныштық пен жайлылыққа толы мекенге айналдырғым келеді. Мұндай мекеннен ешбір ер-азамат жерімейді, асыға жететін болады.
Менің оған сенгім келеді, барлық бастамаларына, атқарып жатқан істеріне береке тілеп, қолпаштап отырғанды жаным сүйеді. Өйткені, мен әйелмін! Оның әйелімін!
Бұл менің өмірлік ұстанымым. Менімен келісе алмайтын әйелдердің бар екенін жақсы білемін. Өйткені, заман өзгерді, заманның талабы өзгерді деп айтуыңыз да мүмкін.
Бірақ табиғатынан әйел болып жаратылған жан, қанша ғасыр өтсе де, түбінде бір әйелдік болмысынан ажырап ешқайда кете алмайды. Тек әйелдік мінезін ер-азаматтармен алмастырып алған кейбір әйелдер өзін бақытты сезіне алмайтынын барлығыңыз да түсінерсіздер және қарсы шыға алмайсыздар.
Жаратылысқа қарсы шыға алмағандықтан, табиғатымызға тән істермен шұғылдансақ, өзіміз де, өмірлік жолдасымыз да, балаларымыз да бақытты болады. Айналадағы жақындарымыз бен достарымыз әрдайым күліп, көңілді жүреді.
«Әйел күліп жүрсе, әлем де күледі» деген сөз бар. Сондықтан әйелдің жүзіне күлкі үйіру үшін, бақытты әйел ету үшін ер-азаматтар өз істерін өздері атқарғаны дұрыс. Ал әйелдің мойнына артылған ауыр іс оны бақытты ете алмайды. Еркекке айналған әйелден ерлер де қашады.

Жүзімкүлдің хатынан,
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы

(12)