Бейбіт күннің батырлары

Көзсіз ерлік, батырлық өрлік жаугершілік пен соғыста ғана сомдалмайды. Қоғамда орын алып жататын оқыс оқиғалар кезінде өзгенің өмірі үшін өз басын қатерге тігіп, ажал аузындағы адамды құтқарып қалу да қаһармандық. Мұндай азаматтар Жамбыл облысының ішкі істер саласында аз емес. Осы таңға дейін қызмет бабында ерлік танытқан 13 жамбылдық полиция қызметкері Елбасының Жарлығымен жоғары наградамен марапатталған. Бүгін біз осы бейбіт күннің батырларының ерлігін баян етпекпіз. 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында орын алған террорлық оқиғаны ешкім ұмыта қойған жоқ. Қарашаның кешінде қала тыныштығын қашырған жанкешті Мақсат Каримов бір күнде бүкіл қала жұртшылығын үрей құшағында қалдырды. Міне, осы террористі ұстау барысында Ішкі істер департаменті Жол полициясы жеке батальоны 1-ші взводының командирі Ғазиз Байтасов өзгелердің қауіпсіздігін өз өмірінен биік қойып, ерлікпен қаза тапты. Бес қаруын асынған қылмыскердің ізіне түскен жол полициясының арнайы автокөлігін бұл күні Ғазиз Әбдібекұлы басқарып келе жатқан еді. Қазыбек би көшесіндегі орталық Гастроном сауда орнының жанында полиция көлігіне кезіккен қылмыскер ойланбастан оқ жаудыра бастайды. Осы сәтте Байтасов көліктен шығып, қарсы оқ атады. Бір сәтте жанкешті жол жиегінде тұрған көлікті айналып өтіп, Ғазиздің кеудесінен атады, алайда полицей де оны атып үлгереді. Байтасов ауыр жарақатына қарамастан, қылмыскердің қолында тұрған гранатаны көріп, жақын маңдағы азаматтардың қауіпсіздігі жолында өз өмірін ажалға қияды. Каримовке ұмтыла жүгіріп, жанкештіні жерге құлатып, жарылғыш затты кеудесімен жауып қалады. Осылайша оқ пен отқа кеудесін тосқан батыр ұлымыз қаһармандықпен қаза табады. Полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа қайтыс болғаннан кейін Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Мұндай көзсіз ерлік ішкі істер органы қызметкерлерінің ғана емес, кейінгі ұрпақтың да жадында ұмытылмасы анық. Қарашадағы қанды оқиға кезінде Тараз қалалық ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция бөлімі қоғамдық тәртіпті сақтауды және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімшесінің инспекторы Самат Алашев те қылмыскерді құрықтауда танытқан ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Иә, сөз жоқ, бұлар бейбіт күннің батырлары. Өзгенің өмірі үшін өз өмірін қатерге тіккен қаһармандар. Бұдан бөлек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тұрмыстық қиындықтар қылмысты өршітіп тұрған тұста да талай тәртіп сақшылары қызметіне адалдығын дәлелдеп, батырлық танытты. 1998 жылдың тамыз айы. Полиция аға лейтенанты Нұрғали Омаров өзіне бекітілген аумаққа кешкі кезекшілік жүргізіп келе жатады. Бір сәтте №9 ықшам ауданында орналасқан «Жібек жолы» базарында екі белгісіз азамат суық қарумен саудагерді қорқытып, ұрып-соғып жатқанын байқап қалады. Омаров өзінің жалғыз екендігіне қарамастан және өз өмірі мен денсаулығын екінші орынға қойып, бұзақыларды тоқтатуға әрекет жасайды. Алайда мас екі азамат оның ескертуін елемей, қарсылық көрсетіп, бұзақының бірі полицейдің ішіне және көкірек тұсына пышақ салып, ауыр жарақаттайды. Нұрғали пышақ тиген тұстан қан саулап, өзінің қансырағанына қарамастан, екі күдіктіні жібермей ұстап, қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жеткізген соң, есінен танып құлайды. Ауыр халде ауруханаға жеткізіледі. Нұрғали Өлкебайұлы осы ерлігі үшін Президент Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған. Бүгінде батырымыз полиция подполковнигі шенінде зейнет жасына шығып, құрметті еңбек демалысында. Кей-кейде азаматтардың отбасы, ошақ қасындағы ұрыс-керістің соңы жанжалға ұласып жататыны бар. 2004 жылдың 17 шілдесі күні кешкілік Тараз қалалық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне Д.Бедного көшесі, №102 үйдің тұрғыны қоңырау шалып, жұбайының қолына қару алып, үйінде айқай-шу шығарып жатқанын хабарлайды. Оқиға орнына жедел түрде аумақтың учаскелік инспекторы Жақсылық Ержанов бірінші болып жетеді. Алайда полиция қызметкері келгенше шаңырағының шырқын бұзған отағасы қолына қаруын алып, қашып кетеді. Қару асынған күдіктінің ізіне түскен Ержанов оны көше бойында тоқтатады. Алайда осы кезде күтпеген жағдай орын алып, күдікті қалтасынан жарылғыш граната шығарып, сақинасын жұлып, лақтырып жібереді. Сол мезетте полиция инспекторы өзге азаматтардың қауіпсіздігін ескеріп, күдіктіні қапсыра құшақтап, гранатаның үстін өзінің кеудесімен жауып құлайды. Абырой болғанда, соңынан келіп жеткен жедел-жәрдем оны дереу ауруханаға жеткізіп, дәрігерлер өмірін аман алып қалады. Қылмыскерді құрықтаудағы ерлігі үшін Жақсылық Ержанов ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Полиция майоры бүгінде Байзақ АІІБ Көші-қон полиция тобының аға инспекторы. 2005 жылдың қаһарлы ақпан айында кезекші бөлімге Тараз қаласының тұрғыны «ВАЗ-2109» маркалы автокөлігін бейтаныс адамның айдап әкеткендігі туралы арызданады. Жедел қаладан сыртқа шығатын жолдарды бекіту туралы бұйрық келіп түскенде, Тараз — Алматы жол трассасын қадағалайтын Талғат Жартыбаев өзінің қызмет көрсететін аумағына бақылауды күшейтеді. Ол Жамбыл даңғылымен келе жатып, қарсы бағыттағы жолдан ұрланған автокөлік нөмірін байқап қалады. Жүргізушінің құжатын сұраған полицейді күдікті автомобильмен қағып, қаша жөнеледі. Өзіне төнген қауіпті елеместен Талғат көлікке жармаса кетіп, алдыңғы терезесін білегімен сындырып, қылмыскерді құрықтайды. Полиция капитаны, ІІД Жол-патрульдік полиция батальоны кезекші бөлімінің аға инспекторы Талғат Жартыбаев бұл ерлігі үшін мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. 2006 жылдың 30 қаңтарында Алматы — Ташкент трассасының бойымен Қырғыз Республикасы Президентінің кортежі өтеді. Көрші мемлекет басшысының кортежін Жамбыл облысы аумағынан алып жүру полиция сержанты Қайсар Самбетовке жүктеледі. Ресми тұлғаларды өңір шекарасынан шығарып салу сәтінде қарама-қарсы бағытта келе жатқан «Вольво» автокөлігі бұрылу маневрін сәтсіз орындап, кортежбен бетпе-бет келеді. Осы сәтте полиция сержанты көлігінің рулін бұрып, «Вольво» автокөлігінің соққысын өзіне қабылдайды. Осы оқиғадан бір апта өткеннен кейін Қырғыз мемлекетінің өкілетті делегациясы Жол полициясы қызметкеріне Қырғыз мемлекеті Президентінің жеке алғысын білдіреді. Ал қызметтік міндетін мінсіз атқарудағы ерлігі үшін Қайсар Самбетов Елбасының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Полиция аға лейтенанты бүгінде ІІД Жол патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісі «Рубеж» бөгеттеу жүйесі стационарлық бақылау бекетінің аға инспекторы болып еңбек етуде. 2014 жылдың 30 тамызы. Жаңа оқу жылы қарсаңы. «Ауыл-Береке» базарында мектеп жасындағы балаларына киім алуға асыққан азаматтардың қарасы қалың. Бір кезде қан базардың ортасында тұрған қара түсті «Ауди-80» маркалы жеңіл автокөлігі отқа оранады. Жалынды алғаш байқаған учаскелік полиция пунктіндегі қызмет орнында отырған Тараз қаласы ІІБ 2-ПБ жедел уәкілі полиция капитаны Ғалымжан Боранғазиев өрт сөндіргіш құрылғысын ала жүгіріп, өртті сөндіруге кіріседі. Бір сәтте автокөліктің есігін ашқан ол, жантүршігерлік көріністің куәсі болады. Автокөлік салоны бірнеше газ баллондарымен және жанармаймен толтырылған кәністірлерге лықа толтырылған екен. Полиция капитаны Боранғазиев газ баллондарының кейбірінің жарылып жатқанына қарамастан, жанкештілік танытып, өртті дер кезінде сөндіреді. Осылайша жақын маңда орналасқан 4000 кәсіпкер мен 1500-ден аса тұтынушылардың өміріне төнген қауіптің бетін қайтарады. Кейіннен белгілі болғаны бір топтар тәртіпсіздік ұйымдастырып, «Ауыл-Береке» базарына орасан шығын келтіріп, қаланы дүрліктіруді мұқият жоспарлаған екен. Алайда полиция капитанының ерлігінің арқасында бұл жымысқы ойлары жүзеге аспай қалды. Өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету барысында, танытқан батылдығы мен ерлігі үшін Ғалымжан Боранғазиев ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Полиция капитаны Ғалымжан Серкебайұлы қазір Тараз қалалық ІІБ 2-ПБ криминалдық полиция бөлімшесі зоналдық-аумақтық тобының жедел уәкілі болып қызмет атқаруда. Тағы бір оқиға, ағымдағы жылдың 3 ақпанында Мойынқұм аудандық ішкі істер бөліміне республикалық мәндегі «Меркі-Шу-Бурылбайтал» тас жолында бетперде киген үш белгісіз азамат «Фольксваген Гольф» маркалы автокөлігімен шаруашылық тауарларын тасымалдайтын жүк көлігіне қарақшылық шабуыл жасағаны туралы хабар түседі. Ақпарат алған облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері «Алматы — Екатеринбург» автожолы бойында кетіп бара жатқан күдіктілердің ізіне түседі. Автокөліктің соңынан қуып жеткен полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талабын орындамаған қарақшылар тәртіп сақшыларына қарсы оқ атады. Осы сәтте полиция қызметкерлері де қару қолданып, соңы атысқа ұласады. Қылмыскерлердің ештеңеден тайынбайтынын түсінген полицейлер қызметтік көліктерімен күдіктілердің көлігін соғып тоқтатып, ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтайды. Осы ерліктері үшін Жол-патрульдік полиция батальонының взвод командирі Мұрат Дәуітбаев, Жол-патрульдік полиция батальонының полицейлері Ержан Бұралхиев пен Ғабит Төлегенов жоғары награда — «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Біз баян еткен бұл азаматтар ерлігімен танылған құқық қызметкерлерінің бірқатары ғана. Бұдан бөлек, ел тыныштығы жолында қаһармандық танытқан тәртіп сақшылары, жоғарыда айтқанымыздай, оннан асып жығылады. Әрқайсысының жанкештілік оқиғалары мен батырлықтары кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Міне, осы бейбіт күннің батырларын біз біліп, құрметтеуге міндеттіміз. Өйткені нағыз ерлік, қаһармандық, батырлық — мыңның бірінің бойында ғана туатын қасиет.
Саятхан Сатылғанов

(347)