Амандық Баталов волейбол жарысына қатысты

Жуырда Алматы облысының әкімі Амандық Баталов күн ұзақ атқарған тынымсыз шаруасынан кейін Талдықорған қаласының «Жастар» спорт сарайына асықты. Оның басты себебі өңірдің асыл азаматы, белгілі кәсіпкер, меценат, марқұм Жанайдар Егінбаевты еске алуға арналған ардагерлер арасында ұйымдастырылған волейбол жарысына қатысу еді. Абзал азамат көзі тірісінде төрт мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор еңбек сіңірген айтулы тұлға. Өңірдің ардагерлер арасында ұйымдастырылған волейбол федерациясының көшбасшысы ретінде еңбек сіңірген жанды Жетісу жұртшылығы ешқашан ұмытпақ емес. Жастар спорт сарайында білікті маман, тағылымды басшыны еске алу турниріне жиналғандардың қарасы мол болуы осы азаматқа деген құрметтің дәлелі болса керек. Өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген ардагер командалар волейболдан облыстық жарыс арқылы ер есімін еске алды.

Осыдан екі жыл бұрын әуе апатынан көз жұмған «Талдықорған жолдары» ЖШС-нің бұрынғы директоры Жанайдар Егінбаевтың жақсылығы мен шарапатын көрмеген жан бұл өңірде кемде-кем шығар. Осындай абзал азаматты еске алуға арналған волейболдан ардагерлер арасындағы өткізілгелі жатқан екінші турнир жастарға үлгі болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда. Ал бұл жарыстың ер есімін елдің ұмытпауына, ер рухын асқақтатуға арналғандығы айдан анық. Жүрегі мейірімділікке толы болған марқұмды келер ұрпақ танып-біліп, құрметтеуі керек. Міне, осындай мақсатпен ұйымдастырушылар турнир дайындығын жоғарғы деңгейде өткізген.
Бұл шараның ашылу салтанатына жиналғандар жанарына жас үйірді. Ел ағасын еске алғандар ән арнап, арнау айтып, жырдан шашу шашты. Әсіресе, әнші Жания Спанованың орындауындағы «Аққан жұлдыз» әні талайдың көңілін тербеп, жүрегіне жетті. Ардақты азаматтың жары Қаламқас Бабашева шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Білікті маман, тағылымды басшы көзі тірі болса, осы күні асқаралы 67 жасқа толатын еді. Мұны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев өз сөзінде аңғартты. Аталмыш ойынға қол ұшын созып, демеушілік жасаған Жанайдар Егінбаевтың курстасы, досы, Абай елінен осы жарысқа арнайы келген Тасболат Битенов өз сөзінде:
— Бүгін бұл жерге Жанайдарды жанындай жақсы көріп, құрмет тұтатын адамдардың бәрі жиналып отыр деп білемін. Біз ел жұртының қамқоршысы бола білген азаматпен 1967 жылы танысқанбыз. Содан бері дос болып, хабар үзбей араласқанбыз. Отбасылық шаттығымыз да ортақ болды. Асыл азаматтың жарқын бейнесі мәңгі есімізде, — деп толғады.
Шығыс Қазақстан облысынан келген, «Дерикар» ЖШС-нің директоры Тасболат Қажмұханбетұлы досының атына ұйымдастырылған турнирге және соңынан берілетін асқа да демеушілік еткен.
Осыдан бес жыл бұрын Жетісу өңірінде 3-4 волейбол командасы болса, бүгінде жастар арасында 38, ардагерлер арасында 8 белсенді команда бар. Бұл өңіріміздегі волейболға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Ардагерлер арасындағы сегіз команданың барлығы аталмыш турнирден табылып, айрықша ойын көрсетті. Турнирдің шарты бойынша әр команданың ең жас ойыншысы 50 жаста болды.
Ардагерлер арасындағы арпалыс басынан-ақ қыза түсті. Ойын шеңберлі жүйеде өткізіліп, жиналған жұрттың қызығушылығын арттырды. Атап өтерлігі облыс әкімі Амандық Баталов та аталмыш турнирде шебер ойын көрсетіп, шара шаттығын арттырды. Шара қорытындысында жарыс жеңімпаздарын марапаттаған Амандық Ғаббасұлы жүзден жүйріктерге құрмет көрсетті.
Командаларға кубок, грамоталар мен ақшалай жүлделер табысталып, алғашқы жеңімпаз үштік белгіленді. Бірінші орынға Талдықорғанның ардагерлері командасы ие болса, екінші жүлделі орыннан Қарасай ауданы көрінді. Ұйғыр ауданының ойыншылары қола жүлдені қағып кетті. Міне, тіршілікте артына мол өнеге қалдырған, ел-жұртым деп елжіреп жүріп, өмірден көшкен Жанайдардай ерге де ел құрметі осылай болды. Турнир қонақтары марқұмның алды жарық, жаны жаннатта болсын деген ниетпен тарқасты.

(24)