Дымкәс қоғам

«Білгенім — бір тоғыз, білмегенім — тоқсан тоғыз» демекші, біз білетін тарих бойынша, тірлігін тас үңгірде бастаған, талқанын терімшілік пен тас қарулар арқылы тауып жеген адам баласының бүгінгі қол жеткізген жетістіктері, шынында да, таңдай қақтырарлықтай: ұшатын кілемді аңсаған адам енді атом қуатын меңгеріп, Айға барып қонды; айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алу сөз болмай қалды; электронды ақпараттық жүйелер: радио, телефон, теледидар, спутниктік байланыс пен компьютердің арқасында жер шары үлкен ауылға, «ғаламдық ауылға» айналып барады. Шақша басына не керектің бәрі баспанасында бар, дүкені затқа, тоңазытқышы асқа толы, бұрынғылар өңінде түгіл, түсінде көрмеген игіліктерге иелік еткен адам баласының ақылы мен алғырлығына таңдай қақпасқа әбдіңіз жоқтай. Бірақ…
Бірақ таяқтың екінші ұшына, жарқылдаған өмірдің көлеңкесіне көз салсаңыз, көңіліңіз күң-гірттеніп, таңдайыңыз кеуіп сала берері анық: қанқұйлы төңкеріс; қолдан жасалған аштық; адамзат тарихында болған бүкіл қырғындардан асып түскен екі дүниежүзілік соғыс; екі қаланы күл қылған, адамдарды тәжірибе нысанына айналдырған, мыңдаған жанды қасі-рет қамытына жеккен атомдық сынақтар; жер шарын бір емес, бірнеше мәрте жоқ қылып жіберуге жететін қару барына қарамастан, жалғасып жатқан жанталаса қарулану; тұтас ұлттардың жойылып кетуі; экологиялық апат жағдайы; жер шарының бар байлығын аз ғана алпауыттар иеленген, ал көпшілігі жоқшылық, аштық, сауатсыздық, ауру-сырқау шырмауында қалған әділетсіз бөліс; діни негіздегі өркениеттік қақтығыстардың күшейе бастауы; лаңкестік әрекеттердің өршуі; емі жоқ, аты жаман аурулар; нашақорлық; «біржынысты неке» сияқты, тізе берсек, тіземіз дірілдеп, жүрегіміз тітіркенетін жайлар адам баласының санасы толысып, жанының кемелдене түскеніне күмән туғызады…
Жасыратыны жоқ, «аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дегендей, экономикалық және әскери әлеуетінің арқасында әлемге әсері зор болып тұрған кей мемлекеттер өзге елдерге өз ұстанымдарын ақпараттық кеңістік арқылы тықпалауда. Олар сөз жүзінде Бостандық, Теңдік, Бауырмалдық, Демократия сияқты ұстындарды бетке ұстағанымен, іс жүзінде нарықтық экономиканың Бәсекелестік, Пайда, Байлық, Өзімшілдік секілді қағидаларын құндылықтар ретінде сіңіруде…
Жаһанданудың экономикалық, техноло-гиялық даму, ақпараттық мүмкіндіктер-дің молаюы, әлемдік үрдіске қосылу секілді сөзсіз жақсылықтарымен қатар, ұлттық салт-дәстүрге, адамгершіл сана-сезімге сызат түсірген қаупінің де барын көріп отырмыз. Адам өзін тауар сезінген; отбасылық институт жойылып бара жатқан; қарны тоқ, көйлегі көк болғанына қарамастан, өзіне-өзі қол салып, мағынасыз ажал құшушылардың қатары көбейген; бір жынысты некені заңдастырған; физиологиялық, психикалық ауытқулар күн сайын артып бара жатқан; түрмелерінде орын жоқ; балаларының өзі қылмыскер бола бастағанына ойланбайтын, қыздарының тәнін сатып жатқанына намыстанбайтын, тіпті селт етпейтін, оны айтасыз, салық салу арқылы пайда табу үшін зандастырып, мекенжай ашып беретін қоғам, ашығын айтсақ, ауру қоғам! Демек, осы қоғамды құрып отырған адамдар да дімкәс, дағдарыста. Яғни, дүниетанымында, өмірлік ұстанымында қателік бар деген сөз…
Негізі, ауру екеніңді мойындағанда ғана емделуге бет бұрасың. Кемшілікті көре білу — оны түзетудің басы…
«Космос дәуірі», «атом ға-сыры» деген аттарымен қоса «Құдайсыз ғасыр» деген те-ңеуге ие болған XX ғасырдың ең үлкен дерті — имансыздық — тірлікке мән-мағына беретін ұлы мақсаттарға жетелейтін сенімнің жоқтығы еді; «қасиет», «кие» деген ұғым-түсініктің жойылып, дөрекілік пен қарабайырлыққа, сана-сезім жұтаңдығына ұрыну еді. Сол дерттің екпіні әлі басылмай тұр. «Жаратушының асыл туындысы, Құдайдың жердегі орынбасары» боп әспеттелген Адам қазір жанды робот, тойымсыз тұтынушы дәрежесіне төмендеген пендеге айналды. Әлемді билеуге, гүлдеуге тиіс Адам — өзі жасаған заттардың құлы, өзі ойлап тапқан жүйенің тұтқынына айналды. Тырысса, жаратылысынан таза періштелерден де жоғары болатын Адам Жаратушысын және өзін танымағандықтан; жалған теорияларға сеніп, тұманды түсінікке шырмалғандықтан; өзінің хайуани табиғаты — нәпсісіне ілесіп, шайтани сананың жетегінде кеткендіктен, жануарлардан да төмен сатыға түсіп, түйсік-құмарлықтарының құрбанына айналып барады. Өлгеннен кейін өмір жоқ екеніне иланған, бар болмысын денесіне балап, Әлеммен, басқа адамдармен арадағы шекарасын тәнін қаптаған терісімен шектеген жан қорқыныш пен жатсыну психологиясына шырмалып, бар мақсаты барынша тояттану мен ләззаттану болған бейбақ күйге түсті. Бір қызықтан екінші қызыққа жүгірген, сірнеленген сезімін серпілтетін, жүйке талшықтарын ширықтыратын қоздырғыш іздеген тойымсыз көңіл, сарсаң сана тобырлық мәдениетті қалыптастырды: тарсылдаған музыка, тарс-тұрсы мен ыңқыл-сыңқылы көп кино, «қызық» газеттер шет-шекарасы, тыйым-талабы жоқ оқшау өмірге ұмтылушыларды; ұрыс-төбелеске, көз жасы мен қанға құмартушыларды; арақ-шараппен масаттанып, ақыры нашаны жастанып, ғұмырын қорлықпен, құлдықпен аяқтайтындарды көбейте түсуде. Мұндай аянышты тағдырға елдің бәрі ұрынбағанымен, осы өмір салтын ұстанатын субмәдениет өкілдері қазір барша мемлекеттерде, барлық қоғамда көпшілікті құрап отыр…
Жатсыну, күш қолдануға бейімділік, басқаларды пайда мен қауіптің көзі ретінде қарайтын өзімшіл сана мен кембағал пиғыл ұлттар мен мемлекеттер арасындағы қарым-қатынаста да орын алып отыр. Жасампаз ұсыныстар мен оң ұмтылыстарға қарамастан, халықаралық жағдайдың ушығып тұрғаны; «гуманитарлық көмек» пен «демократияны» желеу етіп, «азаматтардың бос-тандығын қорғау» деген атпен жүріп жатқан әрекеттер саяси ықпалды арттыру арқылы материалдық игіліктерге ие болудың даңғаза идеологиясы екені ашық жайт. Бұдан бөлек, халықаралық мафиямен ауыз жаласқан жасырын қару сату, наркобизнеске қамқорлық, лаңкестік ұйымдарға жәрдем беру, адам саудасы секілді «сасық» саяси ойындар да қазіргі дағдарыстың бір көрінісі. «Бар нәрсенің өлшемі — адам», «Адамнан биік, адамнан асқақ ешнәрсе жоқ» деп, жаңа «гуманизм» дәуірін жариялаған, өзін Құдайдың орнына қоймақшы болған адам баласының жеткен жері осы болды…
Өзі — затқа, заты — пұтқа айналған, қасиеті мен мәртебесінен айырылып, өгейлік пен жатсынуға ұрынған пенде-адамды емдеудің жолы бар ма? Әрине, бар. Ол жол — жүректі жылытып, жанынды тірілтетін, ақылмен ақталған, ғылыммен қосталған ілім табу. Ол жол — махаббат, парасат, әділдік, бауырмалдықты басты орынға қоятын құндылыктар жүйесіне көшу; аталған ұстындарды өмірге өзек ету. Ол жол — өз ұлтыңның салиқалы салт-дәстүрін сақтау, жетілдіру. Басқаларды кінәлаудан бас тарту, тазаруды ең әуелі өзіңнен бастау. Ол жол — мызғымайтын мәңгілік Күшке арқа сүйеу, таусылмас мейірден сусындау арқылы түлеу, жаңғыру, жандану, яғни Жаратқан Иеңмен қауышудың жолы! Ұлы сенімге негізделген, жанкешті еңбек, рухани ерліктің жолы! Ол жол — атадан мирас болған хақ дін — Ислам жолы…
Алғадай Әбілғазыұлы

(15)