mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

ЭКСПО-да Африка елдерінің ұлттық күндері атап өтілді

Шілденің соңғы жексенбісінде «ЭКСПО — 2017» көрмесі аясында Африканың бірқатар елдерінің ұлттық күндері аталып өтті. Ерекше айта кететіні, аталмыш күні ауа-райы да ысып, аптап ыстықта қара құрлықтың мәдениеті мен сән-салтанатына куә болған Қазақ Елі Африкаға барып келгендей әсерге бөленді. Алдымен, ұлттық күндер аталып өтетін сахнаға Габон мемлекетінің өкілдері шығып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа және халқына алғыстарын білдірді. Өзге африкалық мемлекеттер секілді Габон да кезінде француздардың отарында болған екен. Екі миллионға жетер-жетпес халқы бар бұл мемлекет тау-кен өнеркәсібі, орман шаруашылығы мен туризм саласы ай-тарлықтай дамыған елдер қатарына енсе де, өкінішке қарай, кей аймағында бір күндік асқа зәру тұрғындар көп. Десе де, жоқшылықты жақсы түсінетін габондықтар әлемді толғандырып отырған энергия үнемдеу мәселесі төңірегінде көп толғанады-мыс. Мәселен, Энергетика министрлігі бас директорының орынбасары Бонжан Нан Нгомоның айтуынша, Габон Республикасында мұнайсыз экономика қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалған. Көптеген жобалар ресурстардың баламалы түрлерін іздеп, көмірқышқыл газының бөлінуін азайтуға бағытталған. Осылайша экологиялық таза энергия өндірісіне баса назар аударып отыр.
Бұдан кейін тілдері де, салт-дәстүрі мен мәдениеті бір-біріне жақын Конго Демократиялық Республикасы мен Лесото мемлекеті де жұртшылыққа кеңінен таныстырылып, ұлттық күндер эстафетасы Африка өнерпаздарының шағын концертіне ұласты. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібінің алмас өндіру саласы бойынша дүниежүзінде 9-орын алатын Лесото немесе «Аспан корольдігі» кім-кімді де болмасын қызықтырмай қоймайды. Сондай-ақ, өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін ағылшындардың боданы болған Сесото мемлекеті (Лесото өздерін осылай атайды) шекарасы тұтастай теңіз деңгейінен 1400 метр биіктікте орналасқан әлемдегі бірден-бір мемлекет. Халқының әлеуеті Габон мен конголықтармен шамалас бұл мемлекет те «ЭКСПО — 2017» көрмесіне қатысуға мүмкіндік алғандарына бек риза. Өйткені халықаралық бірегей шара арқылы өздерін дүниежүзіне таныстырған Лесото Қазақ Елі үшін де «жұмбақ» мемлекеттердің бірі болатын. Өз мүмкіндігін пайдаланып, ЭКСПО қонақтарын туған еліне шақырған Лесото Корольдігінің Сауда және өнеркәсіп министрі Тефо Мапесела:
— Біздің елде саяхаттау еш қиындық тудырмайды әрі қауіпсіз. Сондай-ақ, сесото тілінен бөлек біздің тұрғындар ағылшын тілін еркін меңгерген. Яғни, біздің елге ат басын бұрған әрбір турист бес жұлдызды қонақүйлерімізде өзін жайлы сезініп, ерекше табиғатымызға тәнті болып қайтасыздар, — дейді.
Бетті дайындағандар — Нағашыбай Қабылбек
Ермұрат Назарұлы

(6)