mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

Шенеуніктер де қоғамдық көлікпен жүреді

Астана әкімі Әсет Исекешов елордалық әкімдіктің отырысында басшыларға қоғамдық көлікпен жүруді тапсырғаны жаһанға жария болғаны күні кеше ғана. Сол жиында қала басшысы: «Елорда басшылары, қала басшыларынан бастап орынбасарлары, аудан әкімдері, олардың орынбасарлары, аптасына бірнеше рет, сондай-ақ басқарма басшылары, қала ведомстволары мен құрылымдық бөлімдердің басшылары күніне бір рет қоғамдық көлікті пайдалануы тиіс», — деп ескерткен еді. Жиын соңында әкім елордалық ІІД басшысына қала қауіпсіздігін бақылауды, қоғамдық тыныштық пен туристердің қауіпсіздігін нығайтуды тапсырғаны да белгілі.
Басшы айтты, бітті. Ол тапсырма талқыға салынбай орындалуға тиіс. Тап солай болды да. Ертесіне Астана қаласы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин қоғамдық көлікпен кетіп бара жатқан суретін Facebook-те жариялап, пост жазды. Бүгін-ертең басқа да шенеуніктердің қоғамдық көліктерде қара көрсетіп қалуы бек мүмкін. Оған қатты таң қалмасаңыздар да болады.
Біздің бұл жерде айтқымыз келгені тіпті бөлек нәрсе. Журналистік зерттеулерге сүйенсек, «бүгінде Астанада 1192 қоғамдық көлік жүргізушісі және 1101 кондуктор бар екен. Автобус жүргізушілеріне қойылатын талап: 25 жастан жоғары, «D» санатты жүргізушілік куәлігі бар, өтілі 5 жылдан кем емес және 3 жыл қоғамдық көлікте жұмыс тәжірибесі болуы тиіс. Дегенмен, осы талапқа сай келетін жүргізушілер аз. Соның салдарынан автобус шопырларының жетіспеушілігі де қоғамдық көлік санының аздығына себеп болып отырғанға ұқсайды. Жүргізушілердің жетіспеушілігі 30 пайыз.
Ал тұрғындардың көбі автобустардың аздығына шағымданады.
Автобус аялдамада 1 минутқа жетпейтін уақытқа ғана аялдауға міндетті. Одан көп уақыт тұруға болмайды. Ал әр екі автобустың арасы 7-ден 20 минутқа дейін. Алайда қала шетіндегі Қоянды, Қараөткел, Қосшы секілді ауылдарға қатынайтын автобустардың уа-қытынан кешігетіні де жасырын емес. Жо-лаушылар қалада жекеменшік автобустардың азайып, муниципальдық қоғамдық көліктердің көбейгенін қалайды. Себебі жекеменшік автобус жүргізушілері ең әуелі көбірек ақша табуды мақсат етеді. Мұның арты көптеген жайсыздықтарға соғып жатады».
Ал Астана басшысының қол астындағы шенділерге қоғамдық көлікпен көбірек жүруге тапсырма бергені, көптеген келеңсіздіктердің алдын алуға септігін тигізері сөзсіз! Ең бастысы қоғамдық көліктегі тәртіп, уақытылы жүру, сапалы қызмет көрсету жақсарар еді. Сонымен қатар ақ жағалы шенеуніктің қарапайым қалпы, өзін-өзі ұстауы, төзім-жігері де осы жерде сыналып, халықтың көз алдында бет-бейнесі көрініп қалар еді…

(16)