Орталық Азия үшін текетірес

Қазақстан билігі ел экономикасының болашақтағы жетістіктерін қайта өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және транспорттық-логистикалық кешен сынды салаларды дамытумен байланыстырады. Тауарларды тасымалдауға қатысты соңғы салаға «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арналған. Оны ЕАЭО аясында қытай тарабының «Жібек жолы Экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) атты бастамасымен үйлестіруді жүзеге асыру көзделген.
«Евразиялық даму» сараптама орталығының жақында дайындаған «Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерінің инвестициялық тартымдылығы картасы» атты баяндамасында келтірілген деректеріне қарағанда, Қазақстан өз тауарын кез келген бағытқа экспортқа шығаруға мүмкіндік беретін айтарлықтай диверсификацияланған транспорттық жүйеге ие екен. Орталық сарапшыларының айтуынша, Қазақстан ЖЖЭБ-нің Евразиялық трансқұрлықтық дәлізінің үш бағытына тікелей қатысатын көрінеді. Олар: Қытай — Қазақстан — Ресей — Еуропа; Қытай — Қазақстан — Әзірбайжан — Гүржістан — Түркия — Еуропа; Қытай — Қазақстан — Түркіменстан — Иран — Пәкстан.
Қазақ елі автомобиль және теміржолдарын салып, өзінің транспорттық маршруттарын диверфикациялаумен айналысып жатыр. Солардың ішінде сәл кешігіп жатқанына қарамастан, аяқталуға жақындап қалған «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» атты халықаралық автомобиль дәлізі де бар. Көршіміздің ЖЖЭБ бойынша бастамасының тағы бір бөлігі Қазақстан территориясына аспан асты елінің инвестициялық жобаларын әкелу болып табылады. Мұны Қазақстан жұртының бір бөлігі құптаса, екінші бөлігі күдік танытып, Қытайға экономикалық жағынан тәуелді болып қаламыз деуден қорқақтайтын сынды. Бұл мазасыздану, әсіресе Қазақстан территориясына Қытайдың 51 өндіріс орнын көшіруге байланысты туындап отыр. Оларды қазақ елі территориясына көшіру жоспарланып отырғандығын мемлекет басшысы Н. Назарбаев сонау 2015 жылдың қыркүйек айында хабарлаған болатын. Кейінірек лауазымды шенеуніктер әлгі «көшіру» сөзін «инвестициялық жобаларды іске асыру» деген сөз тіркесімен алмастырған. Солардың 12-сін жүзеге асыру 2017 жылы басталуы керек-тін. Білікті мамандардың айтуынша, олардың көпшілігі қайта өңдеу өнеркәсіптері болса керек. Олардың арасындағы ең ірілері — Шығыс Қазақстан облысында салынуы көзделген мыс қорыту зауыты мен Атырау облысындағы полипропилен шығаруға арналған зауыт және Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту екен. Бұған мазасызданушылық білдірушілердің уәжі: «Бұлар «лас» кәсіпорындар, сол себепті олар елдің экологиялық хал-ахуалына кері әсерін тигізеді», — деуге келіп саяды. Бұл пікірдің рас-өтірігін өмірдің өзі көрсетпек. Дейтұрғанмен, бұл күдіктің себебі де жоқ емес сияқты, өйткені әлгі кәсіпорындардың бірқатарының машина жасау мен энергетика, сондай-ақ, химия мен металлургия салаларына қатысы бары рас көрінеді. Жақында республикалық БАҚ-тарда Кереку қаласында химия-металлургиялық кешен құрылысы туралы хабар жарияланған. Оның басталуы биылғы жылға жоспарланғанымен, нақты қай мезгілде екендігі туралы дерекке ашық түрде қол жеткізу мүмкін емес. Десе де, ЕАЭО мен ЖЖЭБ жобаларын бір-бірімен үйлестіре жүргізуге ұсыныс жасап, осы бастамаға мұрындық болған Ресей деседі.

«Нұрлы жол» және
«Жібек жолы» бастамасы

Білікті мамандар аталған жобалар бойынша: «Жалпы, осы жобаларды іске асыру елімізде 15 мың жаңа жұмыс орнын ашып, қазақстандық жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған жобалардың негізгі инвесторы Қытай елі болып табылады. «Жібек жолы Экономикалық белдеуі» бастамасы аясында Жібек жолы Қоры мен Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі қаржыландыратын жобаларды іске асыру жоспарланған. Ортақ ынтымақтастық бағдарламасы көлемі 26 миллиард АҚШ доллары тұратын 51 қытайлық инвестиция жобасын жүзеге асыруды көздейді», — десе, ҚР Президенті жанынан құрылған Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мамандары: «ЕАЭО мен ЖЖЭБ жобаларын үйлестіруге батыс мемлекеттерінің санкциялары айтарлықтай кедергі келтіре алмайды. Себебі Ресей территориясы арқылы өтетін транспорттық жобалар транзит үшін ғана емес, ішкі тасымалдау мақсатында да пайдаланылады. Соған сәйкес, оларды жүзеге асыру стратегиялық маңызы зор процесс саналатындықтан, ол сырттан енгізілген санкцияларға тәуелді болмайды. Оның үстіне соңғы кездері Батыс пен Еуропа елдерінде орыстарға жылы қабақ танытуға ниеттілер қарасы көбейіп келе жатқанын да ескерген жөн. Жағдай осылай өрбісе, біраздан кейін әлгі санкциялардың алынып тасталуы да ғажап емес. Бұған қосымша дәлел ретінде сарапшылар баламалы маршруттарды ұсынады. Бүгінгі таңда ЖЖЭБ-де тауарларды Еуропаға жеткізуге мүмкіндік беретін үш транспорттық дәліз бар. Ал бұл Қытайға сыртқы саяси ахуалдарға байланысты ең тиімді маршруттарды таңдауға мүмкіндік береді», — дейді. Осы мәселенің саяси астарына үңілсек, онда: «ЖЖЭБ бастамасы Қытай үшін өзінің ықпалын Орталық Азияда күшейту мақсатында қолданып отырған бетперде емес пе?» — деген заңды сұрақ туындайды. Бұған тағы да әлгі институт сарапшылары: «Геосаясат аспан асты елі билігінің күн тәртібінде соңғы орында емес. Қытай жағы ЖЖЭБ-тің таза экономикалық сипатын ғана ерекше атағанмен, онда геосаяси астар бары да күмән келтірмейді. Жобаның мақсаты қытайлық тауарларды өткізетін жаңа нарықты ғана іздеумен шектелмейді. Оның астарында Қытай үшін тиімді геосаяси ахуал қалыптастыру да бар. Бұл заңды амбиция, өйткені қазіргі заманда кез келген экономикалық жоба геосаяси мақсатты көздейді. Соңғы кездері Қытайдың Орталық Азия өңіріне өзінің ықпалын күшейтуге күш салып отырғандығын Ресей ғана емес, батыстық сарапшылар да жиі айтып жүр. АҚШ-тың Балтимор қаласында жыл сайын өтетін Халықаралық зерттеулер ассоциациясының кезекті отырысында батыстың бірқатар сарапшылары Орталық Азияның қазірдің өзінде Ресейден гөрі Қытайдың ықпал ету аймағына айналып үлгергендігін атап өтті. Біреуінің қыруар қарызын кешіріп, екіншісінің көңілін табумен аталған өңірдегі саяси-экономикалық ықпалынан айырылып қалмау үшін Ресей де қолдан келген қам-қарекетін жасап жатыр. Мәселен, негізгі билік Мәскеуге тиесілі ЕАЭО Қытаймен еркін сауда-саттық аймағын құруға мүдделі. Бүгіндері мұндай келісімшарт экзотикалық Вьетнаммен ғана жасалған. Бірақ дәл қазір Қытаймен әлгіндей аймақ құру — даулы мәселе. Оған себеп, Қытайдың ЕАЭО елдерімен бұған дейін жасасқан екіжақты сауда жүйесінде «ресурстарды өндірістік өнімдерге айырбастау» сызбасы басымдыққа ие. Мұндай жағдайда ЕАЭО елдерінің еркін сауда аймағы аясында өздерінің машина жасау саласының өнімдерін өткізу нарығының аумағын кеңейту туралы армандарының жүзеге асуы неғайбылдау. ҚХР-мен еркін сауда аймағын құру идеясы бұл жағдайда тек Қытай мүддесіне ғана жауап беретін сауда-саттық қарым-қатынасын нығайту болып қана қалмақ. Ал бұл өз кезегінде ЕАЭО елдерінің экономикалық мүдделеріне сай келмейді. ЕАЭО елдері қазіргі кезеңде Қытаймен толыққанды еркін сауда-саттық аймағын құруға дайын емес. Дегенмен, қос тараптың жобаларының бір-біріне жақындасуы жалғасып келеді. Мәселен, бірқатар өндіріс орындары Қазақстанда салтанатты түрде іске қосылса, қалғандары пайдалануға беру сәтін күтіп тұр. Ал мұның қаржылық көрсеткіштердің артуына оң ықпал етері сөзсіз. Ең бастысы, ЕАЭО мен ЖЖЭБ жобаларын ұштастыра жүргізуге мүдделілік танытқан саясат келешекте сол мәселенің күн тәртібінен түсіп қалуына себепкер болмаса болғаны. Тараптардың да жатса-тұрса көксейтіндері осы», — дейді. Ал Орталық Азия аймағына ықпал етуден АҚШ-тың да дәмелі екендігі басқа мәселе.

 

Ермек Назым

(18)