mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

ДЕВАЛЬВАЦИЯ ҚАЙТА АЙНАЛЫП СОҒА МА?

«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегенге сенсек, теңгенің алдағы айларда құнсызданатыны айтыла бастады. Бұл туралы әсіресе Ұлттық банктің «қасы-қабағын» бағып отырған БАҚ жарыса жазуда. Олардың сүйенген фактісі: Tele Trade Central Asia сарапшыларының «жыл соңына таман ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 420-450 теңге болады» деген мәлімдемесі болса керек. Негізі Tele Trade компаниясының сарапшылары «ЭКСПО аяқталады», «банктер қаржылық шығындарды өтеуі керек» деген cияқты негіздерге сүйеніп барып осындай мәлімдеме жасап отырған секілді.
Осы ақпарат тарасымен журналистер ҚР Парламенті Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамаловтан пікір алуға тырысыпты. Халық қалаулысы өз сұхбатында девальвация болуы мүмкін деген қауесеттерге қатысты мынадай пікір білдіріпті.
— Бүгінде теңге еркін айналымда. Оған екі негізгі фактор әсер етіп отыр: 1) мұнай бағасы; 2) рубльдің долларға қатысты бағамы».
Осылай деп девальвацияға баға берген депутат 2017 жылдың 28 шілдесінде АҚШ-тың Ресейге қатысты енгізген санкциясынан кейін де (1 доллар 60 рубльге тең) ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 330 теңге болатынын айтты.
“Меніңше, осындай жайттарға байланысты, теңгенің долларға қатысты бағамы жыл соңына дейін 330-340 теңге шамасында болады деп болжаймын”, — дейді депутат.
Рас, экономикамыз мұнай мен газдың сырттағы бағасына тәуелді. Жалпы экономиканың балама көздерін дамыту, диверсификация жасау, шикізатқа тәуелділіктен құтылу жайлы тәуелсіздік алғалы 24 жыл көлемінде жыл сайын әңгіме көтеріліп келді. Алайда мұның бәрі сөз жүзінде қалды да, оған нақты қадам жасалмады. Демек, девальвацияға ең басты себеп осылар болып отыр.
Тағы бір айтқымыз келгені: Қазақстан теңгесі айналымға енген 22 жылда 70 есеге дейін құнсызданды. Теңге жаңадан айналымға енгендегі доллардың бағамы 1 теңгеге шаққанда 4,5 теңге болған, бүгін ол 324-326 теңгеге жетті.
Осыдан-ақ, келешекті бажайлай беріңіз!

(29)