Өз анасын сотқа берген қыз немесе ағайын арасындағы алауыздық қайда апарады?

Осы күні біраз ағайын-туыстың арасының берекесі қашып болды. Өмірден көшкенде ғана амалсыз бармаса, былайша бір-бірінің жүзін көрмек түгіл, үйіне ат ізін айлап емес, жылдап салмайтын, бір-бірлеріне жайшылықта сәлемдері жоқ қандас бауырластар бар. Оның сыры барлығы байлықпен, баршылықпен өлшенетін атшабыс уақытта болып тұр. Адамдардың көбісі қазіргі кезде о жаққа арқалап кететіндей барлық пен байлық қуғаны, өтірік пен өсекке ілескені соншалық, туысқандықтың қарапайым қағидасын аттап жүре беретін болды. Бір сөзбен айтса, талай туыстың пейілі бұзылып кетті. Бір кезде бауырына уақытша пайдалануға берген жерін өзара келісім бойынша қайта ала алмаған соң, әпкесі сотқа жүгінген. Арада сөз көбейіп, бір отбасының үрім-бұтағы әпкесі мен інісінің бала-шағасы бір-бірімен жауласып, қып-қызыл жанжал басталып кетті. Одан кейін олар татуласып, бір-бірінің бетін көрді ме, жоқ па, ол жағынан хабарым жоқ.
Шалымен екеуі жастайынан мал шаруашылығымен айналысып, шаруа қожалығын құрып, бала-шағасын асырап, қымыз сауып, ет сатып күнелтіп жүрген бір тамаша апамыз бар еді. Өзі сондай қайырымды, мейірімді, қашан көрсең де жылы ұшырап, амандық-саулық сұрап, үйіне қонаққа шақырып, бәйек болып жүретін. Жасы біразға келсе де, өз берекесі, өз нәсібі өзінде бар осы апаны барлығымыз керемет жақсы көріп, қатты сыйлайтынбыз. Күндердің күнінде басындағы ақ орамалы қисайып кеткен сол апам көшеде жылап келе жатыр екен.
— Апа, не болды? — деп шошып кеттім. Сөйтсем, апаны тұла бойы тұңғыш қызы сотқа беріпті. Ондағы дауы шаруа қожалығынан менің еншімді бөліп берсін дейтін көрінеді. Сасқанымнан:
— Апа, туған қызыңыз ба, әлде шалыңызбен шаңырақ құрғанда соңыңыздан еріп келіп пе еді? — дедім.
— О жоға, тоба! Туған қызым ғой. Оны естіген шал төсек тартып жатып қалды. Өлмегенім қара жер болды. Сотта қызыма: «Ұқсатсаң, қорадағы малдың бәрін ал, қарағым, туған анаңның бетін аймандай қылғаның не?» — деп жыладым. Мұны естіген зіңгіттей-зіңгіттей үлкен ұлдарым әпкелерін балағаттап, қол көтеруге шейін барғанда басымдағы ақ орамалымды жұлып алып, жолдарына тастап: «Қойыңдар! Мен өлгенде ғана аттап өттіңдер!» — деп жібермей қойдым. Жағдай осы, қарағым, — деді.
Апаны аяғаным соншалық, безбүйрек қызына ызам келіп, көзіме жас алдым. Одан кейін шалы өмірден озғанда барып көңіл айттық.
— Әлгі қызыңыз келді ме? — деп ақырын сыбырлап сұрап едім.
— Келді ғой. Өз қолымды өзім кесе алмаймын ғой. Ұлдардың көңілдері қатты қалыпты, әпкелерінің бетіне тура қарамады. Шал екеуміз осы балаларды қалай жеткіземіз деп алпыс жыл бойы мал соңында салпылдап жүрдік. Қартайғанымызда олар осылайша алауыз болатынын білмеппіз, — деп апа мұңайып қалды. Ол отбасының одан кейінгі ғұмыр-тіршіліктерінен де бейхабармын. Апа да бұрынғыдай емес, көрінбей кетті.
Ал бауырластардың арасын бұзатын әзәзілдің бірі — әйел. Өзіме шыққан күн өзгеге сәулесін төкпесін деген іштарлық, қызғаншақтық, бақталастық, күншілдік ауруына шалдыққандар туысқандардың арасына ала жылан болып кіріп, шағып жатыр. Осындай ұсақ сөздерге құлақ түріп, әйелдерінің көйлегінің астынан шыға алмай жүрген адамдарды ер-азамат деуге аузың бармайды. Оның мәнісі мынада: қазіргі кезде әйелдер жағы «мал тапқыштар» қатарынан мықтап табылып, «қызметтің тұтқасын ұстап» атқа мініп, пысықсып, масайрап болды. Жанжал бола қалса, сол әйелдердің екі сөздерінің бірі «Мен болмасам күнің қараң, қай бауырың саған не бөліп берді?» деп, ауыз-бастары қисаймай айтыса бастайды. Алған, бергенімен ағайыншылықты бағалау, бақай есеп мықты қағидаға айналған. Оған бас көтеріп, «әй» десе, жасы келіп қалған отағасының күні қияметке айналады. Майқы би айтпақшы: «Еркек жасып ит болар, қатын тұлданып би болар» заман келді ме? Әйтеуір, менің ғана дөңгелегім жүрсін, өзгенікі тұрсын деген айбыны аспандап кеткен абысын-ажыннан қорқатын болдық.
Ауылда әке-шешесінің бір кезде қара ормандай қараусыз қирап қалған шаңырағын қалпына келтіріп, жөндеп, сонау қаланың төрінен бала-шағасын ертіп, күнкөріс қамымен көшіп келген жігітті туған әпкесі үйдің жарты құны менікі, мұрагермін деп, сотқа беріпті. Соттың немен аяқталғаны белгілі, онсызда бала-шағасы көп әлгі жігіт ай сайын енді туған әпкесіне «жарна» төлеп тұратын болыпты. Осыдан кейін көңілі қарайған ол жігіттің әпкесіне деген батпандай өкпесін өлшемей-ақ қояйық.
Отбасындағы оғаш мінез-қылықтың барлығы ұл-қызына берілетін тәлім-тәрбиенің бір пұшпағы екенін ойлап жатқандар шамалы. Ағайыншылықтан ауылымыз алыстап барады. Берсек жақсымыз, бермесек жаманбыз. Данышпан Майқы би бабамыз сонау көне дәуірде-ақ:
Ауыр қайғы бөлісу —
Ағайынның парызы.
Ауыр жүкті көтеру
— Ақ атанның қарызы.
Сайрап жатыр шешеннің
Салып бір кеткен сара ізі.
Бәрінен де жаман-ды
Ағайынның аразы, — деген өсиет сөздері бүгінгі күні де өзінің құнын жоғалтқан жоқ. Ағайын, туған-туысқанмен араз болсаң, бұл үшін ахиретте де жауап бересің. Ағайынмен тату болыңдар, бауырлар!

(52)