Қой өсіру — мол өнім, таза табыс кепілі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл әсіресе экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиістігі атап көрсетілген. Осы экологиялық таза тағамдардың қатарында қазіргі кезде шетелдерде сұранысқа ие болып отырған қой етін өндірудің де өзіндік үлесі бар.
Кезінде қой малының табыс көзі екенін зерттеген Кеңес үкіметі Қазақстандағы қой санын 50 млн-ға жеткіземіз деп жоспар қабылдады, 1990 жылы қой саны 37 млн. басқа жетіп тоқтады, қой еті 284 мың тонна сойыс салмағында өндірілді. Республикада көптеген жүн өңдейтін мекемелер, тері өңдейтін кәсіпорындар ашылып, үлкен көлемде шикізаттарды өңдеп, одақ бойынша аты шықты. Оның ішінде Қарғалы шұға комбинаты, Үштөбе киіз үй жасайтын зауыты, Талдықорғанда, Таразда, Текесте жүн өңдейтін кәсіпорындар, Талғар киіз басу фабрикасы бар еді. Сонымен қатар, Алматы, Семей, Ақтөбе қалаларында мал сою комбинаттары қысы-жазы жұмыс істеп, неше түрлі ет өнімдерін шығарып, халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде үлкен жұмыс атқарды. Көптеген қой малын асылдандырумен аты әйгілі болған асылтұқымды совхоздар, зауыттар, шаруашылықтар, қой фермалары айналысты. Қой шаруашылығы саласында ғалымдар жаңа қой тұқымын шығаруда, оның жергілікті жағдайға бейімділігі мен өнімділігін арттыруда, қажымай талмай атқарған еңбектің арқасында, тамаша жетістіктерге жете білді. Қазақстан Республикасы одақ бойынша қой шаруашылығы жақсы дамыған, шоқтығы биік мемлекетке айналды. Кейіннен осындай тамаша көрсеткіштерден көз жазып қалдық. Оның ақиқатын айтсақ, себебі де, салдары да көп.
Осыған байланысты қой шаруашылығы саласының қазіргі кездегі жағдайын және алдағы уақытта атқарылатын жүйелі жұмыстар барысын білу мақсатымен Республикалық қой шаруашылығы палаталары кеңесінің төрағасы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбековпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 
Талан-таражға әкелген науқан

— Құрметті Тынышбай Досымбекұлы! Қой өсіру — қазақ халқының ежелгі атакәсібі. Сан ғасырлар бойы қазақтың басты байлық түрі, төрт түлік малдың ішіндегі қойдың жөні бөлек болған. «Мал өсірсең — қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген аталы сөз де сол кезден қалған. Қой шаруашылығының дамуы елімізде соңғы жиырма жыл ішінде неге кенжелеп қалды?
— Оның басты себебі 1990 жылдан бастап қайта құру кезеңі басталды. Талан-таражға әкелген сол науқанның зардабын әлі көріп жатырмыз. Совхоздар мен колхоздар тарады, әр отбасы өзінің үлесіне қарай, еншісін алды. Жаңадан АҚ, ЖШС, АШК, фермерлік, шаруа қожалықтары құрыла бастады. Көптеген шаруалар қолға тиген қойын баға алмайтын болған соң, сатып пұл қылды, орнына үй, көлік және тағы басқалай жылжымайтын мүліктер алды. Ал қой малының ерте ме, кеш пе, табыс көзі болатынын түсінген кейбір фермерлер осы атакәсіппен айналысуды одан әрі жалғастырды. Бұрынғыдай қойды сорттап, тұқымына, өніміне қарай реттейтін шаруашылықтағы білгір мамандар күнкөріс қамымен басқа салаға кетіп, әркім өз білгенінше жұмыс жасай бастады. Шаруа қожалықтарында бұрыннан қой өсірумен айналысып жүрген, мал баққан адамдар болмаса, көпшілігі басқа саланың мамандары болғандықтан, әйтеуір қайтсем өнімді көп аламын, қайтсем тауарым өтімді болады деп, әртүрлі қой тұқымдарын араластырып жіберді. Биязы жүнді қой тұқымына, құйрықты қой нарықта сұранысқа ие деп, қошарларын әкеп қосып, қой тұқымын біржолата бұзды. Әрине, мұндай іс-әрекеттер қой шаруашылығының дамымай кенжелеп қалуына себеп болды.
Қазіргі кезде болжам бойынша 9 млн. қой малы жеке қосалқы шаруашылықтарда немесе ауылдардағы адамдардың қорасында өсірілуде. Бұдан не өндіріп, экспортқа қандай өнім шығаруға болады? Ол жағы зерттеуді қажет етеді. Бұл қойлар ішкі сұранысты ғана қамтамасыз ете алуы мүмкін.
Фермер шаруашылықтары мен шаруа қожалықтарының еншісінде 6 млн. 66 мың қой малы бар. Бұл шаруашылықтарда бір тектілік қой малы араласып кеткені белгілі, сондықтан бірінші кезекте осы жұмысты ретке келтіру қажеттілігі туындап отыр. 2015 жылы 37 мың тонна жүн өндірілген, оның 5500 тоннасы экспортқа шығарылса, 5500 тоннасы өзімізде өңделді. Республика бойынша 7100 тонна биязы жүн өндірілетін болса, оның 5000 тоннасы Алматы облысының үлесіне тиеді. Ал жылма-жыл 26 мың тонна жүн жарамсыз болып қалып жатады. Мұның басты себебі — жүнді сұрыптау жұмысы жоқ. Қырқым кезінде ала қой мен қара қойдың жүні араласып кетеді. Оны бөлектеп, тазалап жатқан ешкім жоқ. Осындай жүндерді өңдеу кәсіпорындары қабылдамайды. Қабылдаған күннің өзінде бағасын төмендетіп, шыққан шығыны өтелмейді.
Жыл сайын 7 миллионнан астам қой терісінің 100 мың данасы ғана экспортқа шығады, ал қалған 98,8 пайызы сұраныссыз қалып жатыр. Мұның да себебі терінің сапасында болып тұр. Қазір қой терісіне сұраныс жоқ. Шетелдерге тері сату үшін арнайы орындар ашу қажет, онымен айналысқан кәсіпкерге субсидия беруіміз қажет. Сонда ғана қой терісіне деген көрші елдердің сұранысы артады, табыс әкеледі. Осындай қой өнімдерін кәдеге асыру жұмыстарын жүргізу алдағы күннің еншісінде.

Бұл шаруа
тиімсіз бе?

— Соңғы жиырма жыл көлемінде қой шаруашылығына деген көзқарас неге өзгерді? Әлде қой өсіру тиімсіз болып саналды ма?
— Қой шаруашылығы ықылым заманнан қазақ халқының ата кәсібі болып саналады. Халқымыз қойдың етін, сүтін неше түрлі тағам жасауға, тамақ ретінде пайдаланып, кейбір жағдайда құйрық майын, ащы ішегін, бауырын дәрі ретінде қолданса, қара қойдың терісіне түсіп емделген. Жүнін түтіп, иіріп киім тоқыса, күзем жүннен киіз басып, тамаша ою-өрнекті текемет, сырмақтар жасап, киіз үйді де жабуға пайдаланған. Қыста қақаған аязда аяққа киетін пималар, солдаттар киетін шинел де киізден жасалды.
Киіздің өзіндік тамаша қасиеттері бар, ол суықпен қатар ыстық өткізбейді, тез тұтанып, лаулап жанбайды. Ата-бабаларымыз қыста көшкенде, мұздақтарға мал тайып жығылып мерт болмасын деп, малдың жолына киіз төсеп, соның үстімен айдап, малды аман алып қалған. Қойдың сүті майлылығы жағынан өте жоғары, қой малының сүтінде неше түрлі адам өміріне қажетті дәрумендер бар, майлылығы 6-6,5 пайызды құрайды, түйе сүтімен пара-пар. Шайға қатық ретінде бұрында қой сүтін пайдаланған, сондықтан ел аузында «қойдың сүті — қорғасын, оны жамандаған оңбасын» деген сөз бар, қойдың терісінен тон, тері күртеше, тері шалбарлар жасап, киім ретінде де жаратқан. Алайда осы қой өсіру атакәсібіне көп жылдар бойы енжарлық танытып келгеніміз жаңалық емес. Ең басты себеп — шопан-малшылар жетіспеді. Әрине, қойдың жаз жайлауда, қыс қыстауда бағып-күтілуі үшін жауапкершілікті түсінетін шопандар аса қажет болды. Сондықтан шаруа қожалығы мен шопандар арасындағы «Жеке еңбек шартына» сәйкес жалақы төлеу, жыл соңында төккен терінің ақталатыны сияқты тармақтар қарастырылды.
Биылғы жылы Алматы облысының әкімдігі қой шаруашылығын дамыту және қой тұқымын асылдандыру мәселесіне арналған семинар өткізілді. Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтың төрағалығымен өткен осы алқалы жиында қой шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасы жобасы таныстырылды. Ең бастысы бәсекеге қабілетті біртекті тауар қалыптастыру қажеттілігі баса айтылды. Оған қоса қой тұқымын асылдандыру, экспортқа шығару, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы да сөз болды.
Семинарда Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, палаталар кеңесінің мүшесі Төлеухан Садықұлов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Мамай Праманшаев, «Жетісу» аймақтық ассоциациясының төрағасы Кеңесхан Әбділденов қатысып, қой шаруашылығын дамытудың ғылыммен байланысының маңызы жайлы әңгімеледі. Алматы облысындағы шаруа қожалықтарының басшылары, қой өсірушілер кездесу барысында ғалымдар мен сарапшылардан ұсақ мал өсірудің заманауи тәсілдерін ғана естіп қойған жоқ, сонымен қатар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алды. Бұл жиынға қатысушылардың барлығы дерлік қой малын өсірудің өте тиімді екеніне тоқталып, осы барыстағы жетістіктерге жету жолында өз үлестерін қосатындарын білдірді.

Етті экспортқа шығаруға болады

— Нарық ерекшелігін ескере отырып, соңғы жылдары қой шаруашылығын дамыту барысында қандай өзгерістер бар?
— 2015 жылғы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, республика бойынша сойыстағы салмақта 165 мың тонна қой еті өндірілген. Егер бір адамға жылына 48 келі ет пайдалану қажет болса, соның ішінде 8,3-9,3 келі қой еті қажет деп есептесек, тек ішкі сұранысқа ғана жетеді. Осы республикадағы қойдың 18 пайызы, 2200 мыңы биязы жүнді қой малының үлесіне тисе, соның 1800 мыңы Алматы облысында шоғырланған. Қалғаны Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында. 70 пайыз етті құйрықты бағыттағы қой малы болса, 3 пайызы қаракөл, қалған 9 пайызды биязылау қой тұқымы еншілейді.

Республика бойынша 2015 жылы 2374 мың асылтұқымды қой малы болды, яғни қолда бар қой малының 15 пайызын құрады. Республика бойынша қой малының басым бөлігі жеті облысқа топтасқан. Оңтүстік Қазақстан облысында 3700 мың, Жамбыл облысында 2500 мың, Алматы облысында 3300 мың, Шығыс Қазақстан облысында 2 млн., Батыс Қазақстан облысында 1 млн., Ақтөбе облысында 1 млн., Қарағанды облысында 1 млн. қой малы бар. Қайта құру процесі басталған кезден бастап, бұрынғы шаруашылықтарды басқару, шаруашылықтар өндірген өнімін бір орталықтан реттеу тәртібі бұзылды, көптеген қой шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар мен фабрикалар жекешелендіріліп, жеке қолға ауысты. Біразы бұрынғы бағытын ауыстырды, кейбіреуі мүлдем тоқтап қалды.
Елімізде 2016 жылы 18 млн. қой-ешкі болса, соның 16 млн. жуығы қой малы, оның 734 мыңы ірі шаруашылықтарда өсірілуде. Ондағы қойлардың біртектілігі сақталған, зоотехник, мал дәрігерлер, басқа да қажетті мамандар еңбек етеді. Жаз жайлауы мен қыс қыстауы, жайылымы, жем-шөбі толық жеткілікті. Ғалымдармен бірігіп, қойды өсіру, асылдандыру жұмысы жүйеленген. Қой өнімдерін қай уақытта, қайда сатуды шешіп, дұрыс жолға қойған бұл шаруашылықтар Иранға, Араб елдеріне бірен-саран қой малын сатумен айналысып жатыр. Қой тұқымын асылдандырып, талапқа сәйкестендірсе, еліміздің фермерлерінің қой етін шетелге экспортқа шығаруына толық мүмкіншілігі бар.
Қазіргі мақсат — қой малының немесе етінің бәсекелестік қабілетін арттыру. Бұл жөнінде біздің бағдарламамызда тайға таңба басқандай етіп анық жазылған. Ол үшін селекциялық асылдандыру жұмысын дұрыс жолға қойып, қой шаруашылығын экстенсивті даму бағытынан интенсивті бағытқа, нарыққа бейімдеп, шетел инвесторларын тарту, инновациялық технологияларды тездетіп өндіріске батыл енгізу керек.
Қазақстанда қазір 26 қой тұқымы өсіріледі, оның 16-сы отандық қой тұқымдары, 6-уы етті-майлы бағыттағы қой тұқымдары болып есептеледі. Сондықтан қазіргі кездегі тенденция ет өндіру саласын дамыту, әсіресе дүниежүзіндегі басты бағыт — қозы етін өндіру. Оның басты себебі қозы етінде май денеге біркелкі тараған, холестерин өте аз. Басқа еттермен салыстырғанда қозы етіне сұраныс өте жоғары.
Қозы тез жетіліп, 4-5 айда енесінен бөлген кезде 17-20 келі сойыс салмағында ет алу үшін, ғалымдардың тікелей араласуымен, шетелден немістің Дейче меринофляшшаф етті мериносының, Оңтүстік Африка Республикасында шыққан Доне, Францияда шыққан Ильде Франс етті-жүнді бағыттағы қойларының қошқарларын әкеп, отандық қой тұқымдарымен тез өсетін, етінің құрамында холестерині аз, май орнына ет талшықтарын көп жинайтын қой тұқымдарының типін шығарумен айналысу керек. Осы бағытта айналысатын қой шаруашылығы репродукторларын ашып, көмектесу қажет.
Нарық талабына байланысты сатылатын етті экспортқа шығаратын елдердің сұранысына, яғни сол елдердің стандартына сай бейімдеуіміз керек. Араб елдерінің экспортқа шығатын етке қоятын талабы басқа, Иран, Қытай мемлекеттерінің өз талаптары бар, міне, бәсекелестікке қабілетті, жоғары сұранысқа ие болу үшін, сатылатын қозы етін әр мемлекеттің сұранысына қарай бейімдеуге болады.
Тағы бір мәселе бәсекелестікке қабілетті, нарықта жоғары сұранысқа ие болу үшін, өндірген өнімнің өзіндік құны арзан болу керек, әрқашанда тауар бағасын сұраныс анықтайды. Тауарлық түрі біркелкі болуы — шарттылық, алатын адамдар қой малын немесе сойыстан кейін қозының ұшасын көргенде, сайдың тасындай біркелкі болса, қызықпайтын алушы болмайды. Нарық заманында белгілі бір нәтижеге жету үшін үш буын бірлесіп жұмыс жасау керек. Өндіру, өңдеу, сату. Бұл үш буынның біреуі ақсаса, белгілі табысқа жете алмайсыз. Сондықтан осы үш мәселеге баса назар аудару керек. Қазіргі таңда 180 мемлекет құптап, шетелге ет шығаруға шектеуді алып тастады, осыған байланысты шетелге қозы етін мол көлемде шығаруға жағдай туды.

Қой шаруашылығы палаталары құрылды

— Өзіңіз басқарып отырған қой шаруашылығы палатасының міндеттеріне, жұмысының маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.
— Соңғы жылдары мал шаруашылығын реттеу, оның өнімін арттыруда Ауыл шаруашылығы министрлігі ауқымды жұмыс атқарды. Ең бірінші ірі қара малының тұқымын жақсарту, өнімін арттыру, сүт, ет өнімдерінің саны мен сапасын жақсартуға аса мән берілді. Әр шетелден әкелген аталық, аналық ірі қара тұқымын асылдандыру жұмыстарына қомақты қаржы төленді. Етті бағыттағы Герефорд, Ангус, Головей, Сантагертруда тұқымдары болса, сүтті бағыттағы Гольштинфриз тұқымдары әкелініп, жерсіндіріліп, жергілікті бағыттағы ірі қара тұқымдарымен шағылыстырылып, мал тұқымы жақсарып, өнімі артты. Өндірілген ет пен сүттің сапасына байланысты мемлекет тарапынан қомақты субсидия төленді. Осыдан 5-6 жыл бұрын ірі қара шаруашылығы бойынша палаталар құрылып, біршама жұмыстар атқарып, өндірген өнім, асылдандыру жұмыстары, есеп- тіркеу мәселесі дұрыс жолға қойылды. Ірі қара шаруашылығының өнімін өндірушілердің сойылын соғатын жаңа құрылым дүниеге келді. Құс өсіру шаруашылығы да ірі қара шаруашылығымен қатар палаталарын құрып, жұмысқа кірісіп, бірталай шараларды жүзеге асырып үлгерді.
Соңғы жылдары облыс, аудан әкімдіктері, еліміздегі қой тұқымдарының авторлары мен мал шаруашылығы, қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарында, қой малымен айналысып отырған үлкен құрылым басшыларымен талқылап, қой шаруашылығы палатасын құрудың қажет екеніне келісімін берген. Осыдан кейін асылтұқымды мал шаруашылығы заңына өзгертулер енгізіліп, 2 маусым 2016 жылдан бастап заң күшіне енді. Қазақта «Ала қойды бөле қырықсаң, жүнге жарымайсың» деген сөз бар, қой шаруашылығы бойынша бір-ақ палата жасасақ, дұрыс болар еді деген ұсынысымыз қабылданбады. Сонымен үш палата «Биязы жүнді және биязылау жүнді қой тұқымдарының» Республикалық палатасы, «Қылшық жүн өнімділік бағытындағы қойлардың» Республикалық палатасы, «Ұяң жүн өнімділік бағытындағы қойлардың» Республикалық палатасы. Шымкентте бізден бөлек қаракөл қойы бойынша палата құрылды.
Палатаны құрудағы басты мәселе Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты ауыл шаруашылығының кейбір саласына өзгеріс енгізу қажет болды. Асылтұқымды қой зауыттары, фермалары, совхоздары деген болмайтын болды, енді тек қана асылтұқымды қой деген болу керек, өйткені Кеңес үкіметі кезінде совхоздың мүлкі мемлекет меншігінде болатын, сондықтан асылтұқымды шаруашылыққа белгілі бір мөлшерде қаражат бөлетін, жылды зиянмен аяқтаса, оны орталық қаражат бөліп жабатын. Ал нарықтық қатынасқа өткеннен кейін, зиянға батсаң да, сенің қарызыңды үкімет мойнына алмайды. Өйткені мүлік иесі — жеке адам. Сондықтан асылтұқымды қой болса, сол тұқымның тұқымдық көрсеткішінен асса ғана тиісті ғалымдардың жүргізген ғылыми жұмысының қорытындысына сай ғана асылтұқымды қой статусы, барлық қажетті құжаттары Республикалық ИАС-қа ( хабарламалар сараптау жүйесіне) тіркеліп, бірдейлендіру нөмірі (ИСЖ), яғни сырға нөмірі сәйкес келгенде ғана палата бөлім басшылары келісім береді. Жаңадан асыл тұқым статусын алып отырса, онда палатаның тиісті тұқыммен айналысатын бөлім бастығы, сол шаруашылық басшысымен, осы қой малымен айналысқан ғалымды қатыстырып, асыл тұқым статусын алғанын дәлелдеп акт жасап, қол қояды.
Палатаның алдына қойған мақсаты — қой малына шаруашылықтың берген сұранымына қарай, сәйкес болған жағдайда асыл тұқым статусын беру. Селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізуге ықпал ету, қой малының тұқымын асылдандыра отырып, өнімінің саны мен сапасын жақсартуға атсалысу. Ветеринариялық жұмыстардың уақтылы жүруіне жағдай жасау, бірдейлендіру жұмыстарының дұрыс жүруіне ықпал ете отырып, өндірілген өнімнің сатылуына көмектесу, берілетін субсидиялардың басты басымдық бағыттарға төленуіне ықпал ету. Ғылыми-зерттеу институттарымен, мал шаруашылығы мамандарын дайындайтын институттармен, колледждермен тығыз байланыста болып, дуалды оқу мәселесіне атсалысу. Экспортқа қой өнімдерін шығаруға, шетел инвесторларын елімізге тартуға, олармен бірлесе отырып, инновациялық технологиялардың біздің өндіріске енуіне ықпал ету мәселелері.

(466)