ЖАҚСЫ ӘН БІЛСЕ, АЙТУҒА КІМ ЕРІНЕР?

(Сазгер Болат Қоқамановқа)

Жаманға «жар» деген-ақ ән көрінер,
Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер?
Жақсы әнді тыңдасаң, жаның еріп,
Жабырқаған көңілің көтерілер.
(Абай)
Бұл кезде кім көп, малшы көп,
Желігіп жүрген әнші көп.
Қойда да, тойда да әншілер өріп жүр,
Өнерін халық көріп жүр,
Барынша бағасын беріп жүр.
Бірақ та әндердің әуенін шығаратын,
Олардың мәтінін ұға алатын
Кімдер екенін әншілер біледі ме?
Білсе, еркінсіп жүреді ме?
Әннің авторларын атамайды,
Ондай кезде қаталайды.
Ұялмай, өзімнің әнім деп,
Айта береді мәлімдеп.
Ол аз болғандай, ойланып,
Сазгер ән шығарса толғанып,
Мен үшін басқадан өзгерек дейді,
Айтуға жеңіл сөз керек дейді.
Сөйтіп, сазгерді билеп алады,
Ақынды да «илеп» алады.
Өйткені керегі жоқ оған ойдың,
Әні керек «әләуләйлім» тойдың.
Сонда, сазгер әнді кім үшін жазады?
Әлде өлместің күні үшін жазады?
Әйтпесе, әнді жазғанын кім үшін,
Оның әрбір ырғақ, тынысын
Өзі ғана өлшеп шешпей ме?
Ақынмен келісіп кеспей ме?
Әнші деген кім?
Дайын шығарманы мойындаушы ғана,
Көпшілік алдында орындаушы ғана.
Әннің тағдырын шеше алмайды,
Өз қалауымен кесе алмайды.
Сол үшін сазгер әншіге жалтақтамай,
Орынсыз жалпақтамай,
Өз пікірін өткізуі керек,
Халқына жеткізуі керек.

* * *
Сөзін өткізе алмаса,
Сазын жеткізе алмаса,
Сөзінің сөз болмағаны,
Сазының саз болмағаны.
Көңілдің жаз болмағаны,
Өмірдің мәз болмағаны.
ЭСТРАДА, ЭСТРАДА!

Эстрада, Эстрада!
Жаныңды қоздырады, ә!
Халықтық мұра болған
Әніңді тоздырады, ә!

Барыңды көрсеткің кеп,
Билейсің жер тепкілеп.
Жұрт ұқпас мінезіңді
Желөкпе, өркөкірек.

Әніңнің әуені жоқ,
Сөзіңнің мәнері жоқ.
Барабан ырғағымен
Билейсің әуейі боп.

Ырғағың «та-та-та»,
Кеңдігі төрт-ақ нота.
Сөздерің ешкім ұқпас
Қырлардай жота-жота.

Біте ме қылжаңдарың?
Ырықсыз ыржаңдарың?
Қайтадан туар ма екен
Ақан мен Біржандарым?
ӨНЕР САТЫЛМАЙДЫ

Біржан сал, Үкілі Ыбрай, Ақан серілер,
Мұхиттар, Естай, Әсет, Сегіз серілер —
Ән өнерінде қайталанбас перілер.
Олар Құдайдың қалауымен туа қалған,
Алланың ақ нұрынан шуақ алған.
Олардың шырқаған әуендері —
Ең күшті әуендер әлемдегі.
Айта береміз ән қылып,
Өлмейтін әуендер мәңгілік.
Эстрада деген киіп кетті,
Заман өзгеріп, жаңғырып.
Құдіретті ән мен күйлерімізден
Қол үзіп қала бердік мәңгіріп.
Кереметтей кең даламыздың
Балауса бесік жыры анамыздың
Айтылмай ұмыт қалды,
Біртіндеп суып қалды.
Қысқасы, қазақ әндері
Қылқынып, тұйықталды.
Қырғыз, өзбек, түрікпеннің,
Одан әрі түріктердің
Әуендерімен ырғалдық,
Турасы, солардан ұрладық.
Әуеніміз болды «та-та-та-та»,
Диапозоны төрт-ақ нота.

* * *
Димаштай талантты Құдай берген еді,
Дауысын тыңдап көрген еді.
Төрт октаваның нотасын түгел алғанда,
Таңданбай халық қалған ба?
Нағыз әуен әлемінің алыбын
Қытайдан бастап, бүкіл дүние таныды.
Құдайберген десе, Құдай берген,
Қазақ әуеніне сөнбес шырай берген.
Бірақ қазіргі «жолбике» әншілер көре алды ма?
Оған қолдау жасап, ере алды ма?
Қызғаныш деген қызыл итше талады,
Танымады тума талант баланы.
Бұл да болса заманның кемдігі шығар,
Бәрібір, алдан кеңдігі шығар.

* * *
Той әншілері тайраңдай берсін,
Салтанат құрып, сайрандай берсін.
Бірақ өз мүмкіндіктерін шамаласын,
Айтатын әнінің сөзін бағаласын.
Сол ақындардың халі қалай?
Ойлайтын болсын әрі қарай.
Оларды неге ескермейді?
Өздерінен басқаға дес бермейді.
Солардың арқасында ақша ала бермек пе?
Ақындар тасада қала бермек пе?
Иә, өнер ақшаға сатылмаған,
Жақындап қалғаны ма ақырзаман?
КЕҢШІЛІК ПЕН КЕМШІЛІК

Басымда бар менің бір кемшілігім,
Басымда бар менің бір кеңшілігім.
Кемшілігім — баламды өбектемедім,
Қасыма ертіп, жаутаңдап, жетектемедім.
Біреулерге көз қырыңды сал демедім,
Қолыңнан келсе, қызметке ал демедім.
Өйткені, оған жаға беруің керек,
Қалтаңды қағып, пара беруің керек.
Ондай ой басыма кіріп те шықпаған,
Бар тілегімді әділдікпен құптағам.
Жетектеген тазы қоян алмас,
Бала маубас болса, ояна алмас.
Кеңшілігім — балам адам болсын дедім,
Аттағаны адал қамам болсын дедім.
Әкесіне сенбесін, «көкесіне»,
Құдайым сана берсін жетесіне.
Хайуандардың баласындай
Өздерінің анасындай
Жығылып-тұрып жететін болсын,
Менің балам да өзіме тартып,
Біреудің көмегін сезінбей артық,
Өз бетінше жүгіріп кететін болсын,
Кісіге қарағанның күні қараң,
Сәулесі көрінбейтін түні қараң.
Сондықтан балам өзінше өссін дедім,
Парақорлықтың күні өшсін дедім.
Әрине, бұл — менің кемшілігім,
Сонда, қайда демеңдер кеңшілігің?
Бар кеңшілік — келетін заманында,
Жемқорлықты жоятын адамында.

Абдрахман Асылбек

(18)