Алакөлге енді аспанмен барамыз

Жылма-жыл Алакөл айдын көл жағалауының туристік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Жаңа заман талабына сай қонақүйлер бой көтеріп, демалыс орындары ашылуда. Көлдің шипалы суына шомылып, денсаулықтарын түзеткісі келетін демалушылардың қатары көбейгендіктен, бұдан бірнеше жыл бұрын Алматы — Үшарал бағытында жолаушылар пойызы қатынай бастаған. Тек өткен жылдың өзінде ғана Алакөлге 452 мың адам келіп, табиғатын тамашалап, ақ айдынында суға шомылса, биылғы жылы 700 мыңнан астам демалушылар келеді деп болжамдалуда. Енді міне, қасиетті Алакөлдің жағасынан жаңа әуежай салынып, халық игілігіне берілді. Осы салтанатты шараға Алматы облысы әкімі Амандық Баталов қатысып, Алакөлдің ел-жұртын әуежайдың ашылу салтанатымен құттықтады.
— Бүгін барлығымыз үшін қуанышты күн. Бұдан үш жыл бүрын Елбасымыз Жетісу өңіріне іссапармен келгенде, Алакөл көлінің туристік әуелетін дамыту туралы тапсырма берген еді. Осыған байланысты тиісті шаралар жүзеге асырылды. Демалушылар үшін ең басты нәрсе жол қарым-қатынасы екенін білесіздер. Бүгінге дейін 1 млрд. теңгеден астам қаржы тартылып, жаңа әуежай салынып, пайдалануға берілді. Әрине, кез келген адамның Алакөлге ұшақпен жетуіне қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Сондықтан халыққа тиімді болуы үшін билет бағасын субсидиялауға республикалық және облыстық бюджеттен 177,2 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл билет бағасын арзандатуға өзіндік септігін тигізеді, — деді өңір басшысы өз сөзінде.
Әуежай құрылысы 2015 жылы басталған. Осы нысан құрылысына аудан әкімдігі 4,5 гектар жер бөліп, жаңа әуежайдың ұшу-қону жолағы жаңғыртылып, әуе қозғалыстарын ұйымдастыруға қажетті радиотехникалық және метеорологиялық құралдар сатып алынған. Енді Алакөлдің әуежайы ЯК-40, АН-24, Ембраем-124 және тағы басқа тікұшақтарды қабылдауға мүмкіншілігі бар.
«Жетісу» әуе компаниясы аптасына төрт рет «Астана — Үшарал — Астана» және үш рет «Талдықорған — Үшарал — Талдықорған» бағыты бойынша жолаушыларды аспанмен тасымалдамақ. Билет бағасы да қолжетімді. Бас қалаға билет құны 16 мың теңге болса, ал облыс орталығы Талдықорғанға 8 мың теңге көлемінде.
Жаңа әуежайдың ашылуы туристер санының өсуіне ықпал ететіні айдан анық. Жаңа нысанда 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар бір мезетте 50 адамға қызмет көрсете алады.
Өңір басшысы осы сапарында «Alakol resort» демалыс үйінің салтанатты ашылуына да қатысты. Кәсіпкер Елжан Кәрімов бұл жаңа нысанның құрылысына жалпы құны 200 миллион теңге жұмсаған. Көл жағасындағы бұл демалыс үйінде 300 орын бар, 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Ақшиде орналасқан бұл нысанның көркі көз тартады.
Бүл күндері Алакөл жағасында 10 мың орын бар, 144 нысан туристер мен демалушыларға қызмет жасап тұр. Тек ағымдағы жылдың өзінде ғана 12 туристік нысан пайдалануға берілген. Жылма-жыл Алакөлге тартылған инвестиция көлемі ұлғаюда. Мысалы, 900,0 млн. теңге инвестиция тартылған «AQUAMARINE resori» қонақүйінің жылына 30 мың туристі қабылдауға мүмкіншілігі бар.
Облыс әкімі Амандық Баталов көл жағасындағы Ақши ауылында салынған дәрігерлік амбулатория мен дәріхананы аралап көрді. Сонымен қатар, демалыс аймағындағы теміржол вокзалының , жолды күрделі жөндеу жайлы, электр қуатымен қамтамасыз ету, су жүйесін тарту және басқа құрылыс жұмыстарының барысы жайлы жобаларды талқылады.
Сонымен, отандық туризмді дамытуға Алакөл ауданында қыруар шаруалар атқарылып жатыр. Ол үшін енді тас жолмен де, теміржолмен де, аспанмен де баратын жолдар демалушылар мен туристер үшін өте тиімді болмақ.

Нұрила Бектемірова

(17)