Қарқараның Қанатбегі (Эссе)

Қайда жүрсе де Қанатбек кіндік қаны тамған Қарқараны есінен шығарған емес. Бақытты балалық шағының іздері сайрап жатқан қамсыз, алаңсыз жылдары өткен Құмтекейдегі қарбаласқа толы шопан ауылы, туған үйі ерекше ыстық. Күні бойы мал соңында бел жазбағанына қарамастан, шаршау дегенді білмейтін әкесі Жолсейіт, үлкен отбасы тіршілігімен күйбеңдеген анасы Ұлтуардың қабақ шыту әдетінде жоқ жайдарылығы бала Қанатбекке өзі көп оқитын ертегілердегі ерен жаратылыс иелеріндей көрінетін. Тау қозғалса қозғалмайтын аса байыпты өмір тауқыметі арқалатқан ауыр бейнеттің қандайына да мыңқ етпейтін әке өнегесін көріп, көкейіне түйіп өсті.
Қанатбек екінші сыныптан Алматыдағы екінші мектеп-интернатта білім алды. Жоғарғы 9-10 сыныптарда оқуын туған ауылындағы Қарқара орта мектебінде жалғастырды.
Мектеп бітіріп, халық шаруашылығы институтында (қазіргі экономикалық университет) оқып жүргенінде жер мойны қашық болғандықтан, ауылға сирек қатынайтын. Туған жерге табаны тигенде-ақ әлдеқандай тылсым күш бойына қуат дарытқандай сезініп, көкірегін қуаныш кернейтін. Қарсы кездескен ауылдастары дәп бір ет жақынындай көзіне оттай басылатын. «Елің — панаң, жерің — анаң» деп бекер айтылмаған-ау. Ұшырасып қалған үлкен-кіші халін, оқуын сұрап, ыстық ықыластарымен жанын жадырататын. Қанатбектің елжандылығы көп балалы, үйінен кісі арылмайтын қонақжай отбасында туып-өскендіктен болса керек.
Жолсейіт аға мен алтын құрсақты Ұлтуар ана өмірге Ерболат, Бекболат, Есболат, Қанатбек, Жанат, Нұрсейіт есімді алты ұл, Сыпайы, Индира, Света, Майгүл есімді төрт қызды өмірге келтіріп, тәрбиелеп өсірді. Бүгінде бәрі өмірден өз кетігін тауып қаланып, үбірлі-шүбірлі, берекелі отбасылар болып отыр.
Қанатбек — отбасындағы бесінші бала. Әжесі Нұрбала еркелетіп Қанат деп атаған. Содан Қанат атанды. Бұдан былай біз де Қанат деп атаймыз (авт).
Ұлтуар ана ұлының балғын шағындағы мінез-құлқынан сыр шерткенде дәл қазір өзі де сол кезеңде отырғандай Қанаттың қылықтары көз алдынан өтіп жатқандай риза көңілмен қызықтай әңгімелейді. «Құйтымдай кезінде-ақ ширақ, пысық бала болды. Қылықтары қызық, тілі тәтті. Жасқану дегенді білмейтін. Тентектігі бойынан асып түсетін.
Бірде аудан орталығы — Кегендегі дүкеннен керек нәрселерді алып жатқанбыз. Қанаттың үш-төрттердегі кезі. Менен бір елі қалмайды. Сауда жасап тұрып байқамаппын, дүкеннің ішкі жағындағы қоймасына кіріп кетіп, аралап жүріпті. Сатушы көріп қалып, жетелеп алып шықты. Басы сыймайтын тесіктен қалай кірген деп аң-таң қалдық.
Тағы бірде бірдемені бүлдіріп қойып, қол жұмсадым. Әжесі немерелерін жанындай жақсы көретін. Оларды басқалардан қорғаштап отыратын. Қанаттың қандай тентектігіне де кешіріммен қарайтын. Шағымданып қасына жылап барған Қанатты беті басынан сүйгіштеп жұбатып:
— Ой, қолың сынсын! Батылың барып қалай қол көтердің құйттақандай немеге? — деп, мені жерден алып, жерге салды.
Қанатқа қол жұмсаймын деп енемнен қарғыс естідім. Ана қарғысы оқ екен. Көп кешікпей Қанатқа сілтеген қолым шығып кетті. Артынан сол шыққан қолымды байқаусызда сындырып ап, көп азап шектім. Қайтып ұлыма қол көтермейтін болдым», — дейді Ұлтуар ана.
Қасіретті қазақ тарихының бір қойнауында жасырынған ел басына төнген зұлмат шақ туралы Қанат алғаш әжесі Нұрбаладан естіген. «Солақай саясат құрбаны боп кеткен боздақтарымыз қаншама! — деген әжесі әлдекімге кіжінгендей дауыс көтере сөйлеп. — Атаң Молдасанға нақақтан-нақақ бай деп жала жауып, 1930 жылы Оралға жер аударғанда, Жолсейіт небары екі-ақ жаста еді. Молдасанды айдап әкеткен қасқа жолға қарап, көз жасымды көлдетумен жас ғұмырымды өткіздім. Жалғызым, Жолсейітім көңіліме медеу, жаныма сая болды. Жатсам-тұрсам Жолсейітімнің амандығын тіледім Алладан. Жетектеп жүріп жеткіздім». Әжесі теріс қарап беторамалымен суланған көзін сүртті. Алла көз жасымды көріп, сендерді берген шығар, бәлкім. Әкесін көрмей шеркөкірек боп өскен әкелерің 13 жасында қойшы таяғын ұстады.
Н.С Бутарин деген ғалым соғыстан кейінгі жылдарда Қарқараның Жіңішке деген жерінде қазақтың етті биязы жүнді қойын тау тағысы арқармен будандастырып, нәтижесінде арқар-миринос қой тұқымы өмірге келеді. Осы жұмыспен ғалым 15 жылдай айналысады. Осыдан шыққан алғашқы отарды Молдасанов Жолсейіт аға бағады.
Қанат 1982 жылы халық шаруашылығы институтын ойдағыдай бітіріп, еңбекке араласты. 1982-1987 жылдарда Кеген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде экономист, бас экономист, Қарқара совхозында бас экономист боп қызмет етті. 1988-1990 жылдарда Талғар ауданындағы Қызылқайратта бас экономист қызметін атқарып жүргенде әке жағдайы жиі алаңдататын болды. «Он үш жасынан қойшы таяғын ұстаған әкем жер ортасынан асса да, еңбектен әлі қол үзген жоқ. Еңбекпен егіз туғандай. Еңбек Ері атанып, атағы дүйім елге танылды. Туған жерге туын тіккен әкемдей-ақ болар. Неге әке тіккен туды әрі қарай желбіретпеске! Кісі елінде күркірегенше, неге өз елімде дүркіремеске! Әкемді ауыр бейнеттен құтқаратын кез жетті және бұл міндетті өз мойныма алуға тиіспін».
Алдына үлкен мақсат қойған Қанат Жолсейітұлы қызметіне өз еркімен бас тартты. Ұлының соңғы шешімін естігенде Жолсейіт ағаның қуанышында шек болған жоқ. Әке — балаға сыншы. Кезінде мектепті шулатқан тентек ұлының таптаурын болған ескі жолмен жүрмейтін талғампаздығын, істің жүйесін білетін ұшқыр ойлылығын әлдеқашан аңғарған. Қиындықтан бұқпантайламайтын өрлігін де байқаған. Қателеспепті. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деп халық армандаған ұл өз шаңырағында өсіп жетіліпті. Мойнына алған міндеттің қатпар-қатпар қиындықтардан тұратынын Қанат білмейді емес. Біле тұра тәуекел етті. 1991 жылы Қанат Жолсейітұлы совхоздан бөлініп, Құмтекей шаруа қожалығын құрды. Әкесі батасын беріп, ұлына құтты таяғын ұстатты.
«Алғаш өткізіп алғанда бір отар 536 бас қой қазір 3 мыңға жетті», — дейді Қанат.
2004 жылы асыл тұқымды шаруашылық деген дәреже (статус) алды. Бұл малдың ерекшелігі көп. Біріншіден, сезімтал. Жай қойлар жайылғанда жерден басын алмайды. Ал арқар-миринос жан-жағына қаранып жайылады. Былғаныш жерге жатпайды. Егер орны лас болса, түнімен түрегеп тұруға бар. Екіншіден, иіс алғыш. Үшіншіден, жүнінің сапасы өте жоғары. Қымбат костюмдер осындай жүннен тоқылады.
Малдың күтімі де ерекше. Әр қойға құжат толтырылады. Ата тегі, аталығы, аналығы жазылады. Қошқарлар өз тұқымына шаппайды. Жылына екі рет қаны тексеріледі. Бәріне дәрі құйылады. Микроскоппен қарағанда жүн талшығының жіңішкелігі ғылым тілімен 18-19 микронға жетеді. Малмен мал маманы аграрлық университеттің профессоры Бегімбеков Қырғызбай жұмыс істейді.
Тәжірибе алмасу мақсатымен Қанат Жолсейітұлы бірталай шетелдерде болыпты. Атап айтқанда, Израильде, Америкада, Голландияда, Грецияда, Қытайда, Біріккен Араб әмірліктерінде.
— 1999 жылы Израильге ауылшаруашылық саласына бір айлық семинарға бардым. Бұл ел гүл өсіруден алдына жан салмайды. Гүлді ұшақпен Голландияға апарып сатып, сол ұшақпен топырақ алып келгендерінің куәсі болдық. Теңіздің ащы суын тұшылап, халқын ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Израильде егістікті тамшылата суару кең етек алған. Егіс далаларына трубалар тартылып қойылған. Әр ағаш түбіне суды тамшылатып қана құйып, қайтадан тоқтатады. Жеміс-жидектің түр-түрін қолмен өсіреді. Малдан сүтті сиырлармен айналысады.
2000 жылы Американың Вирджиния штатында Солтүстік Докотада болдым. Бұл жерде мал да, егістік те бар. Ауа рай біздікіндей, қыс, жаз, күз болады. Топырағы өте құнарлы. Құнарлы топырақтың тереңдігі 10 метр. Мамандандыруға, яғни кәсібилікке көп көңіл бөледі. Вирджиния штатында 400 гектар жерде төрт-ақ адам жұмыс істейді. Егін орғанда төрт комбайн қатар тұрып жүріп өтеді. Дән толтырылған қораптағы астықты демде қасына тоқтаған машинаға аударады. Қимылдарына көз ілеспейді. Машина қамбаға құяды. Сол жерде қаншасы қайда жіберілуі керектігі компьютермен басқарылып, тиісті жерлерге сол мезетте жөнелтіліп бітеді.
Мал шаруашылығында сиырларды жеке ұяшықтарға бөліп қойған. Жем-шөбі, жемі, суы — бәрі алдында. Қытайдың шаруашылығы қатты дамып кеткен. Бізде малмен айналысқандар оның жем-шөбін де өзі дайындайды. Осы мақсатпен 4000 гектар жерге көп жылдық шөп, арпа, бидай егеміз.
Малдың күтім, бағымы жылдың төрт мезгілінде толастамайды. Малшылар қауымы сағатпен санаспайды. Науқан басталғанда күндіз-түні бел шешпейтін кездері де аз емес. Қойшылар Тілеужан Шалағызов, Бекежан Қырғызбаев, жылқышы Серікбай Мәуленов — жауапкершілікті сезіне білетін озат бақташылар. Нұрсейіт Молдасанов қожалықтың техника жағын басқарады. Қ. Молжасановтың жеке шаруа қожалығында ірі қара 130 жылқы, ет бағытындағы 100-дей сиыр бар.
Қанатпен көп жылдардан бері араласатын достары, таныстары жігіттің қайырымдылығын, жомарттығын жоғары бағалайды. Аталмыш қасиеттер ана сүтімен, әке қанымен дарыған дегеніміз дұрыс шығар. Кезінде Жолсейіт аға үйінің дастарханы жиналмайтыны, табалдырығынан аттағандардың бәріне Ұлтуар ана дәм татырмай шығармайтыны ел аузында жүретін.
Қанат асыраушысынан айырыл-ғандарды, тұрмысы төмен отбасыларды үнемі азық-түлікпен, етпен қамтамасыз етіп тұратынын айтады. «Қолы ашықтың жолы ашық», «Жүрегі жомартқа иман қонады» дегенді айтқан халық даналығы адамның іші қандай болса, ісі де сондай екенін және іс-әрекеті өміріне оң әсер ететінін білдіреді.
Мешітке барып садақа тастап, әжесіне, әкесіне, бұрын қайтыс болған Бекболат, Есболат ағаларына құран бағыштауды Қанат міндеті санайды.
Бүгінде ұлдары мен қыздарынан 24 немере, 14 шөбере көріп отырған 86 жастағы анасы Ұлтуардың хал-жағдайын біліп, қажетсінген нәрселерімен қамта-масыз етіп тұруды есінен шығарған емес.
Қанаттың тағы бір ерекшелігі — кітапқұмарлығы. Екінші мектепте оқып жүргенде тарихи романдарды жастанып жатып оқып, төл тарихымызды жете білуге, тарихи тұлғаларымызды тануға ықпал еткен ұстазы Орынша Қарабалинаны сағынышпен еске алады. «Қазір анда-санда қол қалт еткенде болмаса, кітап оқуға жұмыс ырық бермейді. Мерзімдік басылымдарды ғой үзбей оқимын. Қазіргі ақпараттар тасқыны заманында газет оқымаған адам ештеңеден хабарсыз меңіреудің күйін кешетіні рас», — дейді Қанат ағынан жарылып.
Шындық атты белдеуден сынық сүйем аттамайтын елжанды Қ. Жолсейітұлы өз ортасында сыйлы, беделді, достарына адал. Мектеп қабырғасынан бірге келе жатқан достарынан күні бүгінге дейін қол үзген жоқ. Отбастарымен араласады.
Әкесі Жолсейіт ағадан жұқтырған тиянақтылық, табандылық қасиеттері кез келген қиындықтардан қиналмай шығуына мұрындық болған кездері аз емес. Шешуі қиын мәселелерді реттеу үстінде сабырын сарықпайды. «Байсалдылығы да құдды әкесі», — дейді оны білетіндер.
Жолсейіт аға Молдасанов негізін қалаған «Құмтекей» шаруа қожалығын басқарып отырған ұлы Қанатбек Молдасанов екі қыз, екі ұлдың әкесі. Жары Айгүл екеуі тату-тәтті сүттей ұйыған отбасы. Кіші ұлы Тұрар Қытайда білім алуда. Айтпақшы, Қанат халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінің де оқырманы.

Тұрсынхан Шәлдибекқызы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

(34)