Тұрмыс ниетке қарай түзеледі

Ертеректе Мұса пайғамбар (а.с.) уақытында бір кедей адам өмір сүріпті. Бірде әлгі кедей Мұсаға (а.с.) келіп, «Алладан маған байлық сұрашы» деп жалынады. Сол кезде Алла Тағала Мұсаға (а.с.): «Мен бұл құлымның ендігі қалған жарты өмірін бай, жарты өмірін кедей етейін. Бірақ алдымен байлықты қалай ма, әлде кедейліктің ащы дәмін тартып, кейіннен байығысы келе ме, өзі таңдасын», — деп уаһи етеді. Мұса пайғамбар (а.с.) кедейді шақырып, Алла оларға таңдау еркін бергенін жеткізеді. Кедей бәйбішесімен кеңесуді жөн көріп, көп өтпей қайта оралады. Екеуі ақылдаса келе алдымен бай болуды таңдапты. Көп өтпей тұрмыстары оңала бастайды. Бір күні бәйбішесі отағасына «Құдайға шүкір, жұрттың алды болып өмір сүріп жатырмыз, мен мына байлығымыз баянды болса екен деймін. Ол үшін кедейлерге көмектесіп, қолдан келген көмегімізді жұрттан аямайық», — дейді. Сөйтіп, екеуі кедей-кепшікке қарайласа бастайды.
Уақыт зымырап өте берді, кемпір мен шал жоқ-жітікке қамқор болып күндерін кеше берді. Ақырында шалдың бай болып өмір сүретін уақыты жақындайды. Сол уақытта күтпеген жерден Алла тағала Мұса пайғамбарға (а.с.) «Әй, Мұса, мен әлгі құлдарымның жарты өмірін кедей, жарты өмірін бай еткен едім. Олар алдымен байлықты таңдаса да, жомарт мінезді, қайырымды бола білді. Кедей-кепшіктен қамқорлығын аямай, елдің ықыласына бөленді. Енді оларға мынадай сүйінші хабар айт, осы жомарттықтары үшін мен олардың қалған өміріне де бай болуды жаздым», — деп уаһи еткен екен.
Бұл әңгімеден әр адам іс-әрекетіне қарай тағдырын өзгерте алатынын ұғуға болады. Ендеше, «пешенеңе не жазылса, соны көресің» деп, бақытсыздықты, сәтсіздікті тағдырға балап, өмірді кінәлауға болмайды. Жақсылық та, жамандық та адамның іс-әрекетінің жемісі деп түсінген абзал. Ал, оқырман, сіз қалай тұрмыс кешіп жатырсыз? Тұрмысыңыз өзіңізге ұнай ма? Ұнамаса, іс-әрекетіңізді өзгертіңіз, сонда өміріңіз де өзгереді.

Жәнібектің хатынан,
Атырау облысы

(13)