ТЕҢ НӘТИЖЕ «АСТАНАНЫ» КЕЛЕСІ КЕЗЕҢГЕ ШЫҒАРДЫ

Осыдан бір апта бұрын елордалық «Астана» футбол клубы УЕФА Чемпиондар Лигасының екінші іріктеу кезеңінде Латвияның «Спартак Юрмала» командасын жеңген болатын. 18 шілдеде «Астана-Арена» стадионында жауапты кездесу өтіп, матч тағдырын 1:1 есебі шешіп берді. Сырт алаңда соғылған голмен көңілдері марқайып жүрген астаналық команда толық мүмкіндігін пайдалана алмады десек артық айтқанымыз емес. Оның үстіне мұны бас бапкер Станимир Стойловтың өзі мойындап отыр. Жанкүйерлер де «Астананың» қонақтарды тас-талқан етіп ұтатынына сенімді еді. Өйткені, бірінші минуттан-ақ «Спартак» қақпашысы Евгений Неругалдың көп қимылдауына тура келді. Десе де, латвиялықтар да ара-тұра шабуылдап, Мокин күзеткен қақпадан саңылау табуға тырысқан. Алма-кезек шабуылдармен әрі ойын ережесі көп бұзылмаған бірінші тайм лезде өте шықты. Ал, екінші таймда Марек Зуб шәкірттері соңғы минутқа дейін тамаша ойын өрнегін көрсеткеніне стадионға жиналған 20 мың жанкүйер куә. Тіпті, өз алаңында ойнап жатқандай өздерін еркін сезініп, қорғаушыларды әбден састырды. Алайда, 59-минутта «Спартак» қорғаушыларының қателігін ұтымды пайдаланған Патрик Твумаси бұрынғы әріптестеріне екінші голды соғып (өткен ойында да бір гол салған – авт.), командасын алға шығарды. Бұдан кейін алаң иелері келесі айналымға шыға алмаса да бос қайтпауды көздеп бірнеше шабуыл жасаған еді. Нәтижесінде айып алаңдағы шиеленіскен сәтті қажетіне жаратқан жартылай қорғаушы Эдгар Варданян алыстан соққы жасап, есепті теңестіріп кетті. Бұдан кейін қос команда да аса сақ ойнауға көшкен болатын. Десе де, қалған 20 минут көлемінде гол соғылмады, тең нәтижемен «Астана» келесі айналымға шықты. Оның үшінші кезеңдегі қарсыласы – Польша мықтысы «Легия» футбол клубы. Бірақ, 26 шілдеде қонаққа келетін поляктармен өтетін матч латвиялықтарға қарағанда қиын болары сөзсіз.

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ

(8)