Талайға орыс-қытай ауыр салмақ

Халықаралық дипломатиядағы өзара ынтымақтастық пен татулықтың мемлекеттер дамуында алатын орны ерекше екені даусыз. Қазақтың көрегендері осыны ғасырлардан бері жадында тұтып келе жатыр. Бұған дәлел Хан Абылайдың іргедегі екі үлкен көрші Патшалық Ресеймен, шығыстағы Цин империясымен болған аса шебер дипломатиялық барыс-келістері еді. Тарих тегершігі Алаш баласын неше арытып барып жеткізген тәуелсіз мемлекетінің де халықаралық ұстанымы «көршілермен татулықтан» басталған еді.

Абылайдың ақ жолын жалғаған «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» да сол ізгі дәстүрді жоғалтқан жоқ. Атақты Мағжан ақын жырлағандай «Алыста орыс, қытай ауыр алмақ, жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ» дейтін жыр жолындағы қалмақ жоғалса да, көршілерден келетін «салмақ» санаға әркез сергектікті салып тұратындай еді. Тәуелсіздіктен бергі ширек ғасыр Қазақстан дипломатиясының табысты кезеңі болды. Айналадағы бауырлас елдер үмітін мұхиттың арғы жағынан іздеп, жаңа одақтастар мен «мықты сүйеніштер» қарастырып жатқан тұста, Елбасымыз асқан көрегендікпен іргедегі «қос алыптың» тілін тапты. Жәй ғана тауып қойған жоқ, оларды тәуелсіз елдің дамуына үлес қосатын ұзақ болашақтық инвестор етіп те үлгерген жәйі бар. Бұлар туралы тарқатып жатудың қажеті де шамалы болса керек. Ал біздің айтарымыз, ХХ ғасырдың соңындағы аса күрделі саяси өзгерістер мен географиялық жаңарулардың арасынан өз жолымызды таба білгендігіміз бен осы барыстағы «Қазақстан тәжірибесінің» өзге елдерге ой салып жатқандығы туралы болмақ.
Іргедегі қырғыз ағайындар бұрынғы Президенті Асқар Ақаевтың тұсында АҚШ-пен татулыққа талпынғандай еді. Бішкектегі АҚШ әскерлерінің базасы, Орталық Азияның геосаясатында көзірге айналады деген де сенім болды сол кезде. Алайда Қырғыз Республикасы үшін алыстағы АҚШ-тан гөрі іргедегі Ресей мен Қазақстанның ықпалы артық екендігін уақыт өзі дәлелдеп берді. Осылайша орыс ағайындармен ортақ үстелде бас қоса білген қырғыздар, соңғы жылдары Қытаймен қарым-қатынасын күшейтіп келе жатыр. «Қытайдан қарыз алып қала салдың» деп қазақ-қытай қатынасын қағыта жырлаған қырғыз ақындары ендігі жерде «қытай мен қырғыз достығын» жырлап тұрса, таң қала көрмеңіз…
Қытай саясаткерлері «Орта Азиядағы жабық ел» деп сипаттаған Өзбекстанның жаңа басшысы да соңғы кезде Қытай инвестициясына талпына бастады. Тіпті, мүлде бейтарап ел саналатын түркімендер де алдағы уақытта Қытай нарығына газ саудалауды қолға алуда. Әрине, «халықаралық саясатта қазақтың ізін басып келе жатыр» деп мақтанудан аулақпыз. Алайда жұрттың барлығы жұтына қарап отырған Қытай елінің саясаткерлері мен «Орта Азия танушыларының» бағасы. Қош делік… Қазақпен ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Монғолия елінің жаңа басшысы Халтмаагийн Баттулга да іргесіндегі «қос алыптың» тілін табамын деп бастапты алғашқы сөзін. Жақындағы үлкен сайлаудың қорытындысы бойынша жеңіске жеткен оппозициялық саясаткер Халтмаагийн Баттулга туралы Қытай басылымдары, дүбірлі додадан бұрын да талай мәліметтер таратқан еді. Жаңа басшы ең әуелі елдегі кедейлікпен күресуге уәде берді. Сондай-ақ, Моңғолия азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашумен айналысатынын айтты. Халтмаагийн Баттулга өз азаматтарының пікірін мұқият тыңдап, ұлттық бірлікті қамтамасыз ететінін айтты. «Моңғолия ұлттық өнеркәсібі дамыған және қысқа мерзім ішінде өз экономикасын көтере білген ел болады», — деп мәлімдеме жасаған Моңғолияның жаңа президенті ұлықтау рәсімінде сыртқы саясатта Қытай және Ресей елдерімен қарым-қатынасты жоғары деңгейге көтеретінін айтты…
Дүние дидары күн санап көп үйектенуге бет алып бара жатса да, Орта Азия елдері үшін «орыс, қытай салмағы» барлығынан маңызды болмақ, осыны ерте түсінген Елбасымыз, біраз жұмыстың басын қайырып та үлгерді, ал «салмаққа» сақсына қарағандар да «Қазақстан жолын» зерделей бастаған сыңайлы…

(14)