Оқушылар сирек қолжазбалармен танысты

Танымдық шара Қайым Мұхамедханов атындағы Білім мен Мәдениет орталығы қоғамдық қорының бастамасымен ұйымдастырылды. Қала колледждері мен ЖОО студенттері, мектеп оқушылары «алаш» сөзінің этимологиясын терең ұғынды. Қор директоры, профессор, белгілі қайраткердің қызы Дина Мұхамедханның айтуынша, Алаш қайраткерлерінің тарихын білу — өскелең ұрпақты рухани жаңғыру жолында тәрбилеудің бір тетігі.
Айта кетерлігі, Алаш қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедханов бала кезінен Алаш қайраткерлерін көріп өскен. Олар Семейде тұрған кезінде ғалымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұловтың үйіне жиі бас сұғатын. Белгілі ұлтжанды азамат, меценат М.Сейітқұлов «Сарыарқа» мен «Абай» газеттерін қаржыландырып отырған. Ол кісі көптеген ұлтжанды азаматтарды қолдап, саясат мінберіне шығуға ықпал етті.
Өзі де халқының тарихын зерттеп, ауыз әдеби және жазба мұраларын қағазға түсіріп, алғашқы жинағын шығарған. «Менің әкем, ғалым Қайым Мұхамедханов Алаш зиялыларының белгісіз суреттерін жинап, олардың аттарын жазып, еңбектерін төте жазудан аударып, еңбектеріне пікір жазып отырған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының бүгінгі ұрпақтарын тауып, өмірбаянын жазып қалдыру оның басты мақсаты болған. Сирек деректер ел ғалымдарына осы бір тарихи ақтаңдақты анықтауда өлшеусіз ықпал етті», — деді Д.Мұхамедхан.
Еске салсақ, бұл жоба жыл сайын өз жалғасын тауып келеді. Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен аудитория ұлғайып, 700-ге тарта жас тартылды. Алаш зиялыларының қайғылы тағдыры артындағы еліне мәңгілік үлгі боп қала бермек. Олар азаматтық, адамгершілік, моральдық ұстындары, зияткерлік көшбасшылығы айқын жігіттер болған.
Әлихан Бөкейханов өз елінің қамын ойлайтын «Алаш» партиясының негізін қалау арқылы мыңдаған азаматты жұмылдыра білді. Осы аз ғана шоғыр елдегі білім, денсаулық сақтау, сот, денсаулық сақтау, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы ғылымдарының негізін қалады. Осыдан 100 жыл бұрын алаштықтар демократиялық қоғамның қандай болатындығын өз іс-әрекеттерімен көрсетіп кетті. Салық, әділ сот, өзге елдерден тәуелсіз өнеркәсіп жолдарын салу, асылтұқымды мал өсіру сияқты мәселелерді олар 100 жыл бұрын көтерген.
Профессор Дина Мұхамедхан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, алаштықтардың құйрықты жұлдыздай қысқа өмірі туралы танымдық шараларды өткізу аса маңызды екендігін атап өтті.

Гүлмира Ғосманәли

(17)