АҚШ Қытайға мұнай экспортын молайтатын болды

Қытай БАҚ-тары біраздан бері АҚШ-тан Қытайға жеткізілетін шикі мұнай көлемінің барынша ұлғайғандығын хабарлап жатыр. АҚШ парламенті 2015 жылы заңдағы 40 жылдан бері сыртқа мұнай экспорттауға тыйым салынған тармақтардың күшін жойғалы бері Қытайға мұнай экспорттауды назарда ұстап келеді. Ал соңғы сәуір, мамыр айларында күрт молайған мұнай экспорты Қытайға да тиімді сыңайлы. Таяу Шығыстағы саяси тұрақсыздық себебінен мұнай өндіруді күн санап арттырып жатқан АҚШ, мұнай бағасын арзандату арқылы Қытай нарығын жылдам жаулап алуды көздеп отыр. Сонымен қатар мұнай тасымалдаушы кемелердің қозғалысын оңтайландыру үшін Мексика бұғазындағы портында кеңейту жұмыстарын бастап кеткен.
Әлемде мұнайды тұтынушы елдердің алдыңғы қатарындағы Қытай елі 2017 жылдың мамыр айында АҚШ-тан күніне 100000 баррель мұнай алыпты. Қытайдың мемлекеттік кеден басқармасының мәліметіне қарағанда, сәуір, мамыр айларындағы орта есеппен күн сайын 180000 баррель мұнай импортталған. Бұл көрсеткіштер АҚШ мұнай өндірушілеріне серпін берумен қоса, өзге де жұмыс орындарының кеңеюіне ықпал етіп жатқан көрінеді. Қазіргі таңдағы Қытай нарығындағы Ресей, Сауд Арабиясы, Ангола елдерінен тасымалданатын мұнайдан арзанға түскен АҚШ мұнайы, осы қарқынмен жалғаса берсе, 2017 жылы 1 миллиард доллардың саудасы жасалуы мүмкін дейді Қытай сарапшылары. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10 есеге ұлғаятын көрсеткіш болмақ.
Таяу Шығыстың тұрақсыз саяси жағдайы да АҚШ мұнай өндірісіне ұпай береді. Алайда АҚШ үшін мұның барлығы сәтімен жалғаса береді деуге келмейтін сияқты. Өйткені Таяу Шығыстағы бәсекелестермен салыстырғанда Қытайдың мұнай базарын иелену үшін АҚШ-тың бағаны барынша төмен ұстап тұруына тура келеді. Сонымен қатар Мексика портынан шыққан кемелер 6 аптада Қытайға жетсе, Таяу Шығыстың мұнай тасымалдаушы кемелері 3 апта көлемінде жетеді екен. Жол шығынының да мұнай бағасына әсер ететінін ескерсек, барлығының АҚШ-қа тиімді бола беруі екіталай. Ал Сауд Арабиясы болса, Катармен арадағы реніштен кейін, халықаралық нарықтағы орнын сақтап қалу үшін Қытайға мұнай экспорттау мәселелерін қайта пысықтауға кіріскен. Бұған қоса Таяу Шығыстың мұнай өндіруші елдері бағаны ең төменгі шекке дейін құлдыратуы мүмкін дейді Қытай сарапшылары…
Қытайдағы мұнай нарығы Қазақстан үшін де маңызды саналады. Екі ел арасындағы келісімдерге сай, Қытай инвесторлары Қазақстан мұнай кеніштерінен өндірген өнімінің 50 пайызын Қазақстан нарығына саудалауы тиіс, ал қалған 50 пайызы инвестордың еншісінде. Мұнымен қоса Ресей мұнайы да Қазақстан құбырлары арқылы Қытай нарығына шыға бастаған еді. Осындай тиімді шарттармен келе жатқан сауда, енді қуатты бәсекелестерге тап келетін түрі бар. Оның үстіне соңғы жылдары орын алған мұнай бағасының жалпы беттік арзандау процесі мұнай өндіруші елдер үшін тиімсіз болып тұр. Бұл үрдіс Қазақстанды да айналып өтпесі анық. Ендігі жағдайдың қалай құбылатынын уақыт көрсетеді, бір анығы Қытай нарығындағы Қазақстанның қара алтынын қиян-кескі бәсеке күтіп тұрғандығы.

(7)