«АРЛАНДАР» «ҚАБЫЛАНДАРДЫ» ҚАПЫ ҚАЛДЫРҒАН КҮН

15 шілде. Астана. «Қазақстан» спорт кешені. Бокс десе рингтен табылуға шақ қалатын жанкүйер қауым «Астана Арландары» («Astana Arlans») мен «Куба Қабыландарының» («Cuba Domadores») кездесуіне кешігіп болса да келіп жатыр. Өйткені, финалдың аты финал. Оның үстіне өз алаңымызда ел намысын қорғау үшін «Астана Арландары» сынға түссе, олардың қарсыласы бокспен танымал кубалықтар болса неге қарамасқа?
Салмақ өлшегеннен бастап сайып-қырандарымыздың тілеуін тілеп жүргендердің бірі біз едік. Айтпақшы, 14 шілдеде салмақ өлшеу рәсімі кезінде қос тарап боксшыларын жақсылап тұрып таныстырған болатын. Байқасақ, біздің жігіттердің арасында Қазақстан біріншілігінде чемпион болмағандар да бар екен. Ең мықты дегенінің өзі Азияны ғана бағындырған. Ал, Кубадан келген қонақтарды команданың бас бапкері Роландо Асебаль таныстыра бастағанда олардың атақтарынан жаңылысып қалғанымыз жасырын емес. Капитандары Хулио Ла Круздан бөлек, Сотолонго, Савон есімдері алты құрлыққа мәшһүр десек артық айтпаспыз. Десе де, «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген тәмсілді ұмытып кетіппіз. Қашан да «арық сөйлеп, семіз шығаруға» тырысатын білікті бапкер Нұрлан Ақүрпековтің шәкірттерінің шаршы алаңда бағы мен бабы қатар шапты.

БАСЫ ЖАҚСЫ, АЯҒЫ ҚАТТЫ БОЛҒАН 5 КЕЗДЕСУ

Әдеттегідей финал екі кезең бойынша өтті. Арландар сапынан алғаш болып қол бастаған Теміртас Жүсіпов (49 келі) табандылық танытып, Йоханус Аргилагосты айқын басымдылықпен жеңді. Финалдық кездесуді сәтті бастаған Теміртастың жолын Ілияс Сүлейменов жалғастырып әкетті. 56 келіде рингке шыққан жас боксшы Хавьер Ибаньестің тәжірибелі Ілиясты жеңуге шамасы жетпеді. Үшінші кездесу 91 келідегі баһадүрлер арасында өтті. Қазақстан намысын қорғаған Антон Пинчук былтыр Рио Олимпиадасында қола жүлдегер атанған Эрисланди Савонға қарсы шығып еді, кубалықтың мықты екенін еріксіз мойындауға тура келді. Бұл «қабыланның» осы салмақта үш дүркін Олимпиада чемпионы болған, 5 рет әлемді мойындатқан әйгілі Феликс Савонның немере інісі екенін айта кетейік.
2:1 есебімен жеңіліп жатқан «Куба Қабыландарына» Савонның жеңісі сеп болды ма, бұдан кейінгі төрт жекпе-жекте де «Астана Арландарына» бет қаратқан жоқ. 64 келіде Ділмұрат Мижитов тәжірибесі толысқан Энди Крузға есе жіберсе, тең дәрежеде жұдырықтасқан әрі қызықты өткен Әбілхан Аманқұл (75 келі) мен Рио Олимпиадасының жеңімпазы Арлен Лопез кездесуінде төрешілер жеңісті кубалықтардың есебіне жазды. Сөйтіп, бірінші кезең 2:3 есебімен аяқталды.

ШЫН МЫҚТЫЛАР ДАРА ШАПТЫ

15 минуттық үзілістен кейін шаршы алаңға 81 келі салмақта Арман Рысбек пен кубалықтардың капитаны Хулио Ла Круз шығып, тартысты жекпе-жекті бастаған еді. Дегенмен, қолына қарағанда «аяғы мықты» Ла Круз Арманды асықпай жеңуді жөн деп тауыпты. Біздің де арланымыз қарап қалмады, «атағынан ат үркісе де, мен үркімеймін» дегендей сыңай танытып, 5 раунд бойына қуалаумен болды. Әйтсе де, төрешілердің шешімі біз үшін теріс болып, Рио Олимпиадасының чемпионы Хулио Ла Круз жартылай ауыр салмақ дәрежесіндегі жекпе-жекте жеңіске жетті. Жетінші болып «Астана Арландары» сапынан рингке 52 келі салмақта команда капитаны Олжас Сәттібаев пен Йосвани Вейтиа көтерілді. 2:4 есебімен ұтылып жатқан командасын алға шығару капитан Олжастың мойнындағы жүгін ауырлатқаны рас. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жартылай финалында 49 келіде Біржан Жақыповқа есе жіберген Йосвани Вейтиа осы кездесуіне тыңғылықты дайындалған тәрізді, қорғана жүріп соққыларын дәл тигізіп, ұпай жинаған ол ақыры Сәттібаевтың салын суға кетірді. Жеті жекпе-жектен кейінгі есеп 2:5. Бұдан кейін қазақстандық боксшылардың қайсыбірі сүрінсе өз алаңымызда WSB Кубогін иелене алмай қалатынымыз жанкүйерге де, бапкер мен боксшыларға да түсінікті еді.
Сәттібаевтың сәтсіздігінен кейін, алаңға тағы бір Олжас беттеді. 91 келіден жоғары салмақтағы нағыз алыптардың бәсекесі өте тартысты әрі қызықты өткеніне қалың көрермен куә. Олжас Боқаев өзінен шамамен 15 келі ауыр салмақтағы қарсыласы Йоандри Тойракқа төтеп берудің амалын ойластырып шыққан болуы тиіс. Себебі, оның раунд сайын шаршамай, керісінше, шабуылын үдете түсуінің астарында жігіттік намыс та жатқан еді. Құлақ тұнатын жанкүйерлердің де шуылы сайыпқыранды жігерлендірсе керек, ақыры көздеген мақсатына жаңылмай жетіп, елін бір қуантты. Айқын басымдықпен жеңіске жеткенін төрешілер де, Йоандри және оның бапкерлері де мойындады. Осылайша есеп айырмасын қысқартқан Олжас Боқаев көпшілікке үміт сыйлады. Шаршы алаңға көтерілген Зәкір Сафиуллин (60 келі) соңғы екі Олимпиадада қос салмақтан қос қоланы иеленген Лазаро Альвареспен қолғап түйістірген болатын. Өзіне аса сенімді болып рингке шыққан Зәкір ел сенімін ақтап, есепті 4:5-ке жеткізді. Ал, финалдың ресми түрдегі соңғы жекпе-жегі 69 келідегі Асланбек Шымбергенов Роньел Иглесиас арасында өткен болатын. 64 келі салмақ дәрежесінде Пекин Олимпиадасында қола, Лондонда алтын олжалаған көпшілікке Сотолонго ныспысымен танымал Р.Иглесиастің әккі боксшы екенін Асланбек жақсы біледі. Тіпті, «Қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келіде сынға түсу үлкен жауапкершілік екенін финал алдындағы баспасөз мәслихатында өзі де мойындаған еді. «Қарсыласым Сотолонго осал боксшы емес. Құдай қаласа, ағаларымыз Олимпиадаларда алтын бермеген осы салмақта оны жеңу үшін барымды саламын» деген А.Шымбергенов айтқан сөзіне тұрды. Роньелді жеңіп қана қоймай, есепті теңестіріп кетті.
Кім мықтыны анықтау мақсатымен қосалқы жекпе-жек үшін шаршы алаңға 52 келі салмақта өнер көрсететін Олжас Байниязов пен кубалық Фрэнк Зальдивар шақырылды. Өте тартысты өткен кездесуде әскерилер арасындағы әлем чемпионы О.Байниязовтың қарсыласынан әлдеқайда мықты екені анық көрінді. Сөйтіп, Бүкіләлемдік Бокс Сериясының (WSB) 7-ші маусымында ел сенімін арқалаған «Астана Арландарының» асығы алшасынан түсіп отыр. Бір айта кетерлігі, қос команда өздері қатысқан барлық маусымда да жүлде салған. Мәселен, жоба басталған 2011 жылдан бастап турнирге үздіксіз қатысып келе жатқан «Астана Арландары» жеті маусымда 3 алтын, 1 күміс, 3 қоланы иеленсе, «Куба Қабыландары» 2014 жылдан бастап қатысқан төрт маусымда 2 алтын және 2 күміске қол жеткізген. Сондай-ақ, 2013 жылдан бергі бес маусымда қос команда кезек-кезек чемпиондық атаққа қол жеткізіп келеді.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(9)