«Қазақ батыры» қалтарыста неғып тұр?

Бұдан біраз күн бұрын қызмет бабымен Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығына бардым. Сол маңда жүргесін, кітаптар жинағын бейнелеген алып ескерткішке қызығып, оған жақындадым.
Ескерткіш жанында мектеп жасындағы бір топ қыз тұр екен. Кенет әлгі қыздардың бірі: «Мәссаған, Абай Құнанбаевтың кітабын бәрінің астына жіберіпті ғой!» — деп, айқайлап жіберді. Абайлап қарасам, шынымен де, солай екен. Кітаптар жинағының ең басында Қадыр Мырза Әлидің жинағы, одан кейін Жұбан Молдағалиевтің, сосын Хамза Есенжановтың, одан кейін А. Пушкиннің, сосын Абай Құнанбаевтың, М. Шолоховтың, содан соң Ғұмар Қараштың, одан кейін барып Махамбет Өтемісовтің кітаптары тұр. Жасөспірім қыздың сөзін қасындағы достарымен бірге сол жерде немересін жетектеп жүрген қария да қостады. Бөпесін қоларбаға салып, қыдыртып жүрген келіншек те: «Бұрын мұны аңғармап едім, шынымен, бір түрлі екен», — деп, өз пікірін айтып қалды. Қысқасы, ескерткіш жанында жүргендердің бәрі де жергілікті ақын-жазушыларды жоғарыға шығарып, «басымдық» берген ескерткіш авторына реніштерін білдірді. Олардың ойынша, жобаны жасаушы маман аталмыш ескерткішті жасаған кезде кітаптарды авторларының халық жадында алатын орнына қарай, олардың елге сіңірген еңбегіне қарай орналастырғаны жөн еді. Сонда көпшіліктің мұндай наразылығына қалмас еді. Басқасы — басқа, ескерткіш авторының қазақтың ұлы ақыны, терең ойшылы Абай Құнанбаевты орыстың лирик ақыны А.Пушкиннің «астына түсіріп жібергені» тіпті ұят болды. Бұл ақындардың қайсысы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне жаны ашып, жүрегін ауыртып, жыр туғызды? Абайдан басқа қай ақын «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!» деп күңіреніп еді?.. Қазақта Ұлы Абайдан артық ақын жоқ, ол, қай жағынан болса да, баршаны мойындатқан философ ақын. Ұлы Абаймен ешкім де таласа алмайды, онымен ешкім де тең түскен емес. Бұл — дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Олай болса, «Қазақтың маңдайына біткен ұлы ойшылы, данагөй ақынының туындысы неге кітаптар тізбегінің басында тұрмайды?» деген сұрақтың тууы заңдылық.
Ескерткіш демекші, қала орталығында көңілге кірбің түсіретін тағы бір ескерткішті көріп қалдым. «Қазақ батыры» деп аталатын бұл ескерткішті Б. Болатбек және А. Азамат деген жігіттер 2015 жылы ағаштан қашап жасапты. Сірә, сол жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып жасалған болуы керек. Үлкен ыждағаттылықпен жасалған қол еңбегіне қояр кінәміз жоқ, керісінше, кәдімгі ағаштан ойып, тұла бойы жып-жинақы хас батырды дүниеге әкелген қос мүсіншінің шеберлігіне тәнті болдық. Бірақ бұл ескерткішке қатысты да бір «әттеген-ай» бар. «Қазақ батыры» екі жылдан бері «Желаев» бөлке-нан өнімдері дүкенінің босағасын «күзетіп» тұр. Нанбасаңыздар, өздеріңіз барып көріңіздер. Керемет ескерткішті Достық даңғылы көшесінде орналасқан көп қабатты үйдің (Достық даңғылында, Юбилейная аялдамасының артында) бір жақ бұрышына қоя салған. Дұрыстап қарасаңыз, «Қазақ батыры», шынымен де, «Желаев» бөлке-нан өнімдерін сататын дүкенді күзетіп тұрғандай әсер қалдырады. Ата-бабамыздың тарихынан сыр шертетін мұндай тағылымды дүниені халықтың көп жүретін жеріне қойса, қандай жақсы болар еді! Мысалы, орталық көшелердің біріне немесе қалалық мәдениет және демалыс саябағына орналастырса. Әдетте, бала-шаға бұл жерде көп жүреді. Солар осындай ескерткіштерді көріп, «Қазақтың батырлары осындай болған екен ғой» деген ой түйер еді. Қазақ батырының ұлттық киімімен, бес қаруымен таныс болар еді, қызық көріп, «Қазақ батырымен» суретке түсер еді. Қасында жүрген ересектер мүмкін қазақтың батырлары туралы айтып қалар?.. Сөйтіп, сәл нәрсеге еліктегіш сәбилердің жүрегінде анау батырдай жүректі, білекті болсам деген арман пайда болуы да мүмкін. Осының бәрі, айналып келгенде, балалардың ел тарихымен етене таныс болуына ықпал етпей ме? Жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелемей ме? Қазақ жігіттерінің қолынан шыққан тамаша мүсінді осындай тәрбие құралына айналдырудың орнына «Қазақ батырына» нан сататын дүкенді «күзеттіріп қойғанымыз» ұят болды…
Айша Өтебәлі

(9)