mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

ФИРУЗА ШАРИПОВА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНУҒА ДАЙЫН

Әуесқой бокста биік-биік асуларды бағындырмаса да, жиырмадан жаңа асқанда кәсіпқой рингке бірден көтерілген отандасымыз Фируза Шарипова ЭКСПО аясында тағы бір жекпе-жек өткізбек. Айта кетерлігі, кездесу бұрынғыдан өзгерек болғалы тұр. Өйткені тәжірибесі толыса қоймаса да, бұған дейін өткізген 7 жекпе-жегінің 6-уында жеңіп, оның 4-уін ерте аяқтаған Фирузаның әлем чемпионы атағына таласатын уақыты жақындаған секілді. Кәсіпқой рингтегі алғашқы тұсаукесер кездесуінде әуесқой бокстан Ресей туын Еуропа чемпионаттарында үш рет көкке көтерген Софья Очигавадан айласын асыра алмаған қазақстандық боксшы жеңістің қадірін, жеңілістің ащы дәмін жақсы біледі. Әсіресе ресейлікке есе жіберіп алғаннан кейін Фируза дайындығын күшейтсе керек, одан кейінгі жолыққан Ресей боксшыларын соңғы 4 кездесуінде қапы қалдырды. Оның ішінде осы көктемде дебют матчына шыққан Виктория Котованы 54 секундта-ақ талдырған Фирузаның қарқыны күшті.
«Астана ЭКСПО — 2017» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовпен кездесуінде ол:
— Мен әйелдер арасында кәсіби бокстан бірінші әлем чемпионы атануға үлкен мүмкіндік туғанына және бұл атақты Қазақстанда алатыныма қуаныштымын. Халықаралық «ЭКСПO — 2017» көрмесі ұйымдастырушыларына және басқарма төрағасы Есімов Ахметжан Смағұлұлына алғысым шексіз. Мен өз елімді жерге қаратпаймын! — деп, сенімді түрде мәлімдеме жасады.
Айта кетейік, Фирузаның кезекті жекпе-жегі 26 тамыз күні ЭКСПО қалашығындағы 6 мың көрермен еркін сыятын «Амфитеатрда» өтеді. Егер Ф. Шарипова жеңіп жатса, Қазақстан үшін үлкен абырой, ал, 29 тамыздағы туған күніне тамаша сыйлық болары сөзсіз. Әзірге қарсыласы жөнінде толық ақпарат таралмады және Фирузаның кәсіпқой бокстан әйелдер арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық болуы мүмкін екенін еске саламыз.

(8)