Көзден кетсе де, көңілде қалды

Сарбұлақ Ибрашұлы аяулы жарым әрі ұстазым еді. Ұстаз дейтінім, ол мені газет жұмысына баулыды. Бұған дейін редакцияға тиіп-қашып мақала жазып, табандап отырған емеспін. Бірте-бірте газет жұмысы мені өзіне тарта берді. Мақалаларым да шыға бастады.
Сәкең:
— Өзің жақсы білетін ауыл адамдарының еңбек тынысын көрсет. Ол — таусылмайтын тақырып, — дейді.
Сөйтіп, Сұлутөбе өңіріндегі еңбек адамдары жайлы жаза бастадым.
— Мына мақалаң дұрыс болды. Енді шығатын газет бетінің кем-құтығы бар еді, — дейді редакторым. Бұған менің көңілім көтеріліп қалады. Соның әсері шығар, тағы жазғым келеді.
Осы күні ойлай отырсам, Сарбұлақ маған газет жұмысының әліппесінен бастап үйреткен екен ғой.
«Самала», «Сыр спорты» сияқты газеттеріміз үзіліссіз шығып жатты. Оқырман көбейді. Газет өз шығынын өзі ақтайтындай болды.
Бірде Сәкең:
— Тағы бір тәуелсіз газет шығарсам ба деп жүрмін. Әзірге атын қойған жоқпын. Меніңше, ол халықтың көзі, құлағы болу керек, — деді. Сәкең осы газетін қалай атасам екен деп 3-4 күн ойланды.
Содан ол:
— Таптым, таптым! — деді қуанып.
— Аты қалай, әдемі ме? — дедім мен.
— Өзіме ұнап тұр…
— Не болды сонымен? — дедім тағатсызданып.
— «Көз». Халықтың көзі.
— Табылған ат екен.
— Айтпақшы, бұл сенің көзіңе де ұқсауы мүмкін.
— Қалай?
— Газеттің маңдайшасына сенің мөлдіреген көзіңнің суретін салдыртам.
— Тым асырып жіберген жоқсыз ба?
— Солай болады, идея менікі.
Осы сәттегі Сәкеңнің балаша қуанғанын көрсең. Ол қуанса, риясыз қуанатын, көңілі теңіздей шалқып таситын. Осындай сәтінің өзінде ол сабырлылығын да аңғартып отыратын.
Сарбұлақ Ибрашұлымен бірге өткізген күндерім — менің ең бақытты сәттерім.
«Көз» газеті мезгілінде оқырманға тарап жатыр. Сәкең салған сара жолмен жүріп келем. Ол жол — әділет пен шындықтың жолы. Шектен шыққан шенеуніктерден теперіш көрген пенделер болса, маңдайынан сипағым келіп тұрады.
«Көз» газетінің кезекті саны қолымда тұр. Бұл — Сарбұлақ Ибрашұлының көзі. Жарымның маған түсірген жарығы. Маған ол сонысымен де қымбат.
Күндер алға озып жатыр. Артында мол әдеби мұра қалдырған С. Ибрашұлының есімі ел есінде ұмытылмақ емес.
Басқасын былай қойғанда, Сарбұлақтың Мұстафа Шоқай туралы жазған монографиясы бір төбе емес пе? Ол зерттеу еңбегі М. Шоқай әлі ақталмай тұрғанда жазылған. Бұл ісін замандасы, ақын М. Нұрханов:
— Сәкеңнің осы монографиясы — ерліктің үлгісі, — деп бағалайды.
Түйіндеп айтқанда, талантты журналист, белгілі қаламгер Сарбұлақ Ибрашұлын қимастықпен, сағынышпен еске алып, толқып отырмын.

Анархан Марданова,
«Көз» газетінің редакторы, Қызылорда облысы

(10)