Жаппай егін орағы басталды (Жамбыл облысы)

Жамбыл жерінде жаппай егін орағы науқаны басталды. Осы орайда, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Т.Рысқұлов ауданына арнайы ат басын бұрып, алғашқылардың бірі болып егінге орақ салған «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің алқабын аралап көрді. Аймақ басшысы диқандармен әңгіме барысында биыл астықтың бітік шыққанын айтып, енді оны шашпай-төкпей жинап алу керектігін жеткізді.
Жалпы, биыл облыс аграршылары 254 489 гектар алқапқа егін салыпты. Егін орағы ойдағыдай жүрсе, биыл гектарына 30 центнердей өнім алу күтілуде. Былтырғы орташа көрсеткіш 24,5 центнердің төңірегінде болған. Ағымдағы жылы аса жауапты науқанға тартылатын техника түрлерінің басым бөлігі мемлекеттің қолдауы арқасында жаңартылған. Өткен жылы 2 миллиард теңгеден астам қаржыға 266 ауылшаруашылық техникасы сатып алынса, биыл дала төсін дүбірге бөлеуге тағы 140 жаңа техника қосылып отыр.
— Үстіміздегі жылы 107 мың гектарға күздік бидай, 139 мың гектарға арпа, 15,5 гектарға жүгері ектік. Мына біз келген Т.Рысқұлов ауданы — облыстағы ең үлкен астықты өңір. Мұнда жылына 80 мың гектарға дейін астық егіледі. Күннің көзі қатты ысығаны диқанға қолайлы болғанымен, өрт шығып кете ме деген де қауіп бар. Сондықтан ертерек астығымызды қамбаға жинап алуға кірісіп кеттік, — деді Кәрім Нәсбекұлы.
Астық науқанының алғашқы орағы белгілі кәсіпкер Халид Базаралиев жетекшілік ететін «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің 50 гектарлық күздік бидай алқабынан басталды. Жалпы, қожалықта 15 мың гектар алқап бар екен. Биылдыққа 12 мың гектарына масақты дәнді дақыл еккен. Оның ішінде 7 мың гектарына арпа, 5 мың гектарына бидай себілген. Қазір мұнда комбайндар жаңа технология бойынша астық жинауда. Айта кетейік, Х.Базаралиев осыдан үш жыл бұрын «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы америкалық 13 дана «John Deere W540» комбайндарын сатып алған болатын. Бұл дала жұмысына арналған темір тұлпар АҚШ-тікі болғанымен, неміс үлгісі бойынша құрастырылатын техника. Әрине, қымбат екені белгілі. Жаңасының нарықтағы қазіргі құны 70-80 миллион теңгеге жуықтайды. Бағасы қалта қағатындай-ақ, бірақ кеңестік комбайндармен салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей. Жанармай үнемдейтінін айтпағанның өзінде, өнім жинау көрсеткіші жоғары. Өйткені астық оратын жаткасының кеңдігі 8 метр. Бұл техниканың өзге де қырларын механизатор Медет Ділдәбаев әңгімелеп берді.
— «John Deere W540» 2015 жылы шыққан, соңғы үлгідегі, әлемдегі алдыңғы орындағы техника. Басты артықшылығы — гектарына қанша астық орып жатқанын және техникалық шығынын, қанша жүргеніңді — бәрін автоматты түрде көрсетіп отырады. Бұрынғы комбайндарда үсті-басымыз шаң-шаң болып, терлеп-тепшіп отыратынбыз. Ал мынаның кондиционері бар және кабинаға сырттан мүлдем тозаң кірмейді. Әрі таза, әрі салқын. Жарық жүйесі де керемет, түнде де кедергісіз шаба береміз. Мәселен, «Енисеймен» 10 мың гектарды екі ай шапсақ, мына комбайнмен ол алқапты 15-ақ күнде жүріп өтеміз. Қысқасы, жаныңа керектінің бәрі тұрғанда, неге зор ынтамен жұмыс істемеске? — дейді М.Ділдәбаев.
Осылайша, алтын астықтың алғашқы легі қамбаға төгілді. Диқандарда да, олар тізгіндеген техникада да дамыл жоқ. Техника демекші, олардың жанар-жағармайына да Үкімет жылдағыдай қарайласып отыр. Биылдыққа облысқа 30,5 мың тоннадан аса арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бұл былтырғыдан 10 пайызға артық екен.
Тұрар Рысқұлов ауданындағы астық алқабынан шыққан соң, облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев Меркі ауданындағы Рысқұлов ауылдық округіне бет алды. Онда басшылар егін шаруашылығымен айналысатын «Трансферт» шаруа қожалығының қызылша алқабын аралап көрді. Тәтті түбірді тамшылатып суару әдісімен күтіп-баптап отырған қожалық, бұйыртса, алқаптың әр гектары 800-900 центнер өнім беретініне сенімді. Сондай-ақ, Мәден Тоқтарбайұлы Андас батыр ауылында да болып, «Хадижа» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Мал бордақылап, етін өткізіп, онысына субсидия алып отырған қожалықтың тірлігі тап-тұйнақтай. 102 бас ақ бас сиыры, 450 қойы, 10 сауын сиыры, 12 түйесі бар «Хадижаның» 20 отбасын біріктіріп, кооператив құру жоспары бар. Қазір осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан қожалық мемлекеттің қолдауы арқасында шаруасының шеңберін мейлінше кеңейтпек.

Саятхан Сатылғанов

(16)